Омыраулаған отаршылдық көтерілістің отын тұтатқан еді

«Ақпатшаның» отарлау саясаты күшейе түсіп, шарықтау шегіне жеткені соншалық халықтың да ыза-кегі арта түсті. Мұның ақыры – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты.

Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылы 25 маусымда армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер азаматтарын шақыру жөніндегі Жарлығы түрткі болды.

Шілденің басында қазақ даласында кейін қарулы көтеріліске ұласқан стихиялық бас көтерулер басталды. Торғай мен Жетісуда көтеріліске А. Иманов, Ә. Жанкелдин, Т. Бокин, Б. Әшекеев, Ө. Саурықов басшылық жасады.

Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ. Бай-феодалдардың бір бөлігі, жергілікті әкімшіліктің кейбір шенеуніктері патша Жарлығын қолдап, оны орындауға шақырды. Қазақ интеллигенциясының кейбірі жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, «Қазақ» газеті төңірегіндегі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов және т.б. зиялылар халықты қырғынға ұшыратпау мақсатында елді сабыр сақтауға шақырды.

Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу, Торғай болды. Жетісу облысында қарулы қарсыластық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. Шілденің 17-сі Жетісу мен Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланды. Патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды.

Торғай облысында 50 мыңдай адам қамтыған ірі қозғалыс болды. А. Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. А. Иманов бас сардар болды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді.

Торғай облысын-дағы көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алды. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіді.

Патшалық Ресейдің XX ғасырдың басында Орта Азияның шығыс аудандарын отарлауы өте күшті қарқынмен жүргізілді. Тек 1907-1912 жылдары империянның еуропалық бөліктерін бұл жаққа 2 миллион 400 мың адам келіп қоныстанды. Әсіресе, Қазақстанда отарлау кең ауқымда жүргізілді. Қазақтардың жерлерінде патша өкіметі шаруаларды қоныстандыру үшін жер қорын жасап, 1916 жылға дейін олардың ең шұрайлы жерлерін тартып алды, сөйтіп жергілікті халықтар таулар мен шөл далаларға ығысуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде не су, не мал жаятын жеткілікті шабындық болмады.

ХІХ ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында бұрынғы Түркістан аймағында 941 жаңадан қоныстанған поселке пайда болды. Бұл кезде Түркістанда орыс поселкілерінің әрбір тұрғынына 3,17 десятина егін егетін жерден келсе, жергілікті тұрғындарға 0,21 десятинадан ғана жер бөлінді. Сөйтіп, ешқандай жері жоқ қазақ-қырғыз тақыр кедейлерінің үлкен тобы құрылды. Жетісу губерниясында көшіп келген 90 %-тен астамы қазақ кедейлерінің жалдамалы еңбегін пайдаланады. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен жаңадан қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды, шиеленістерді, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады.

1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша чиновниктері мен жергілікті әкімдерінің және байлардың зорлық-зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3- 4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқтырды. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.

Соғыс жылдары тек Түркістаннан майдандағы әскерлердің қажеті үшін 40, 899, 044 пұт мақта, 38 мың шаршы метр киіз, 3 миллион пұт мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473, 928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе күштеп алынып, майдан аймақтарына жіберілді. Қазақ шаруаларын кәсіпорындарға, кулак шаруашылықтарына жалдап жұмыс істету күшейді.

Дүниежүзілік империалистік соғыс елде өнеркәсіптің қирауына, ауыл шаруашылығының тоқырауына, халық арасындағы аштыққа алып келді. Жергілікті жерлерде шенеуніктер мен әкімшіліктердің зорлап алымсалық жинауы өсті, халықтар арасындағы ұлттық бөлінушілік күшейді. Қазақ даласында жалпы ұлттық дағдарыс пісіп жетілді.

Соғыс ауыртпалығы Қазақстанда жұмысшылар мен шаруалар қозғалысының өршуіне түрткі болды. 1915 жылы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс кен руднигінде, Орынбор-Ташкент темір жолында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді.

Соғысқа қарсы, қымбатшылыққа және етек алып келе жатқан аштыққа қарсы қалалар мен деревняларда қала кедейлері мен майданға кеткен солдаттардың әйелдері ереуілге шықты. 1916 жылы қаңтар айында мұндай толқулар Верный, Семей қалаларында болды.

Орынбор облысы Ақбұлақ поселкесінің, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар селоларының кедейлері мен майданға кеткен әскерлердің әйелдері жергілікті саудагерлер мен көпестердің дүкендерін талқандады. Сөйтіп, қоғамдағы қанаушы таптар арасындағы қарама–қарсылық, бір–біріне қарсы шығу жалпы бұқаралық сипат алды.

Кәсіпорын иелерінің, жергілікті буржуазия мен феодалдардың зорлық — зомбылығы 1916 жылы 25 маусымда патша өкіметінің «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже» қабылдауына байланысты тіпті күшейе түсті. Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға, немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-түліктің екі-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті.

Қазақ жастарын майданға тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерін майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал бай-манаптар өз балаларының жасын үлкейтіп немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. Мәселен, 60 жастағы кедей шалдары 30 жаста болып, 25- 30 жастағы бай балалары 50 жастағы болып жазылды.

Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатігез байларды өлтіру, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым -салық қағаздарын т.б. жойып жіберу секілді ашу-ыза әрекеттері кең орын алды.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарында ұлт — азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалстік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніші болып отырған феодал – байларға қарсы бағытталды. Бұл арада тағы бір мәселенің бетін ашып кету қажет. Ал, жылы қазақ интеллигенциясының көсемдері, яғни ұлт-азаттық қозғалысты бастаушылар, халық көтерілісіне қалай қарады? Олар патшаға қарсы қарулы көтерілісті жақтаған жоқ. Өйткені құр қол халық патшаның талай жыл үйретілген, мұздай қаруланған әскеріне қарсылық көрсете алмай, тағы да қырғынға ұшырайтынын сезді. Бірақ оларға тасқыны тау суындай дүркіреген стихияны – халық көтерілісін тоқтату мүмкін болмады.

Бір сөзбен айтқанда, стихиялық халық көтерілісінен ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдері бөлініп қалды. Өмір олардың болжамы дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақ халқы тағы бір қырғынды басынан өткізді, ал 1917 жылы 27 ақпанда бас-аяғы бірнеше айдан кейін патша да тағынан құлады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.