«Жезқазған жолы жөнделеді» ме?

«Жезқазған-Қызылорда аралығындағы автокөлік жолы қашан жөнделер екен?» деп жұртшылықтың сарыла күтіп жүргеніне қаншама жылдар болды. Ел Парламентіне аймағымыздан депутат болып сайланған ағалардың да қаржы бөлдіру үшін әрекеттеніп баққандары да рас. «Құдай қаласа, келер көктемнен жөндеу басталады» деп, екі алақанды ысқылап отырғанда аяқ астынан әлемдік қаржы дағдарысы деген килігеді де кетеді.»Жезқазғанның жолы жөнделеді» дегенді соңғы рет Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев 2014 жылдың 7 қарашасында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген еді.

Қырымбек Елеуұлының сондағы «Биыл республикалық маңызы бар трассаның 59 шақырымына жобалау жұмыстары жүргізілді. ҚР Даму инвестициялар министрлігіне жобаның сметалық құны бойынша 36,9 млрд.теңгеге қаржы бөлу туралы ұсыныс берілген. Қызылордадан шыққан көлік Астанаға жету үшін 1917 шақырым жол жүру керек. Ал, Жезқазған арқылы Астанаға 1100 км-ді құрайды. Сондықтан, қызылордалықтар үшін бұл жолдың маңыздылығы жоғары» деген сөзін әртүрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бірақ…

Қаржы дағдарысына байланысты Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына енген бұл жоба да кейін «қысқартуға» ұшырап кетті. Сөйтіп, «жол жөнделеді» деген үміт үзілді. Сәтін салғанда, «Бұл жол енді 2020 -жылдарға қарай ғана жөнделуі мүмкін» дейтін «құмалақшылар» көбейе бастаған кезде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевтің ҚР Ұлттық экономика министрі Е.Досаевқа қойған сауалына берілген жауап өшкен үмітті қайта жаққандай болды. Министр «аталмыш жолды жөндеуге жеткілікті қаражаттың табылғанын, Үкіметтің Елбасыға қаржыландыруды бастау туралы ұсыныс жасағанын» жеткізді. «Қалай қолдау болады солай қаржыландыруды бастаймыз» деген Ерболат Досаев мырзаға «аузыңа – май!» дегеннен басқа не айтасың?!

Комментарии закрыты.