Көш бастаған кеніштер

Шығыс Жезқазған кенішінің ұжымы жылдық жоспарды іргелі кен дайындығынан —17 қарашада, кен өндіруден 3 желтоқсанда орындады. Қосымша тапсырманы кен өндіруден 13 желтоқсанда жүзеге асырды.

Жоспар орындалысы іргелі кен дайындығы мен кен өндіру көлемі жағынан ғана емес, кен құрамындағы металдан да межеден асып түсті. Кеніш бойынша ол былтыр көздеген көрсеткіштен 4,9% артық болды. Демек, кеннің құрамындағы мыстың үлесі едәуір артты деген сөз.

Орайлы жүргізілген оңтайландырудан кейін алғашқы «алыптар» — №55 пен №57, кейінгі кезде қатарға қосылған қуатты құрылым — №73-75 шахталарын, «Арқаның алқасы» атанған Анненскіні біріктірген, ортақ мақсатқа қауымдасқан кеніштің 2700-дей адам еңбек ететін ұйымшыл ұжымы жаңа жылда да қамшы салдырмай, шиыршық атып, «Шығыстың» шырайын шығаруда.

 

Қарағанды қапталындағы «Нұрқазған» кеніші былтыр екінші рет жыл мәресіне мерзімінен бұрын жетіп, тапсырманы кен өндіру көлемі мен ондағы металл үлесінен асыра орындады.

Жылдық жоспар бойынша былтыр кеніште құрамындағы металл үлесі 0,68% болатын 3 854 200 тонна кен өндіру көзделген еді. Бұл — 26 120 тонна мыс алу деген сөз.

Нұрқазғандықтар намысты қолдан бермеді. Кен өндіру көлемінен жылдық жоспарды қарашаның аяғында орындады. Оның үстіне кеннің құрамындағы металл үлесі де жоспарланғандағыдан 0,04% асып түсті. Сөйтіп, жылды толымды табыспен аяқтауға берік негіз қаланды.

Кен көмбесіне соқпақ салатын проходкалау жұмыстары да кеніште жүйелі жолға қойылған. Соның нәтижесінде 2015 жылға жоспарланған 4647 қума метр желтоқсанның алғашқы онкүндігінде ойдағыдай орындалды.

Комментарии закрыты.