Соңынан, Бірақ, Оңынан

Кеңес Одағы ыдырап кеткенше ақырын күттік: Тәуелсіздік туралы Декларация 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланды. Ал, одан сәл ертерек яғни, 8 жел­тоқсанда Беловежье орманындағы Вис­кули резиденциясында Ресей , Беларусь, Украина басшылары бас қосып, КСРО-ны тарату туралы құжатқа қол қойып, Борис Ельцин АҚШ Президентіне телефон шалып: «Господин Президент, Советского Союза больше нет» деп сүйінші сұрап та қойған еді.

Тәуелсіздіктің тым кеш жариялануын әлі күнге шейін әңгіме өзегіне айналдырғысы келетіндер де бар. Бірақ, халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі Халифа Алтайдың «Қазақстан Тәуелсіздікті басқалардан соң, бірақ, оң жариялады» деген бағасы өте нақты екеніне келіспеу қиын. Өйткені, сол тұстағы республиканың негізгі ұлты халықтың тең жартысын да құрамайтын жағдайда әліптің артын бақпаса болмайтын еді.

Биыл Тәуелсіздікке -25 жыл. Бодандықтан азат болдық деген ширек ғасыр бізге Тәуелсіздікке қол жеткізуден де Тәуелсіздікті сақтап қалудың қиын екенін ұқтырды. «Осылар ел болсын, етек-жеңін жинасын» дейтін ешкімнің де жоқтығын түсінгендей болдық. Тек баяғы ұлы Абайдың өсиетін басшылыққа алу керектігі тағы да алдымыздан шықты.Ол кісі «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген еді ғой. Бұл орайда елінің көшін сындарлы сәтте алға жетелей білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясаты мен бағыты өзін — өзі ақтағандығын айрықша атап өту ләзім.

Ата-бабамыз армандаған бақ басымызға қонды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейтіні тағы бар. Әрине, төбедегінің келгенін қаламайтын ешкім де жоқ. Бірлігің бұзылса, алтаудың алалығы деген сол болмақ. Ендеше, ауызбірлігімізден айрылмайық! Сонда Тәуелсіздік тұсында бой көтерген Бәйтерегіміз де биіктей түсетін болады.

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.