Нан қымбаттамай қайтеді?

Биылғы 1 қаңтардан бастап наубайханаларға берілетін мемлекеттік субсидия тоқтатылды. «Бұл – нарық заманындағы заңдылық», – дейді жаңа жылдан бастап күшіне енген өзгеріс туралы газетімізге түсініктеме берген қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікер.

Оның айтуынша, бұрын әлеуметтік нан бағасының тұрақты болуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы субсидия бөлініп келген еді. Бұл қаржы негізгі нан шығарушы кәсіпорындарға олардың шығындарының белгілі бір мөлшерін жабу мақсатында төленіп келген. Ол кезде 1-сұрыпты 1 килограмм ұнның бағасы 47 теңге болса, тұтынушы бір бөлке нанды 50 теңгеге сатып алатын.

Алайда, мемлекет тарапынан субсидия жасалғанымен, еліміздегі наубайханалар өз шығындарын толығымен жаба алмады. Шығынға бата бастаған нан өндірушілер Үкіметтен нан бағасына қойылатын шектеуді алып тастауды өтінген. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия наубайханаларға берілетін субсидияны тоқтату туралы шешім қабылдаған.

– Субсидия тоқтатылғанымен қалада нан бағасы анау айтқандай қымбаттаған жоқ. Мәселен, желтоқсан айында бір бөлке нан 52 теңгеден 75 теңгеге өскен еді. Қаңтар айында да осы бағада тұр. Аса бір қымбаттау бола қоймайды. Өйткені, қазір нан өндіретін кәсіпорындардың саны көп болғандықтан олардың арасында бәсекелестік бар.

Әрине, мемлекет халықтың әлсіз топтарын да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Әлеуметтік аз қамтылғандардың зейнетақыларына нан сатып алуы үшін атаулы өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатқанға ұқсайды.

– Бұрын нан өндірушілерге субсидия берілген кезде табысы көп те, табысы аз да нанды арзан бағаға сатып алатын еді. Жаңа өзгеріске сәйкес, қалтасы көтеретіндердің қымбат нан сатып алуға онсыз да жағдайлары жететіні ескеріліп, табысы төмен отбасыларға атаулы жәрдемақы төленетін болады. Бұл – нарықтың заңы. Оның үстіне, нан өндірушілердің жағдайын да ойлауымыз қажет. Кәсіпорын өз шығындарын жаба алмаса, ол жерде жұмыс жасайтындардың жалақылары азаяды, мемлекет қазынасына қаржы түсімі болмайды. Ол өндірісін дамыта алмайды, – дейді Ә.Әбдікер.

Комментарии закрыты.