«Сөзін де сыйладым, өзін де қимадым»

Қазақ әдебиеті алыптарының бірі Сәбит Мұқанов жастайынан жетім өскен, жалшылықта күн кешкені, Ұлы Октябрь социалистік революциясын қуана қарсы алған соң, сол өкіметті нығайту жолында шын ынта-ықыласымен еңбек еткені және белгілі. 20 -жылдары ол ЧК, яғни, Төтенше Комитеттің отрядында қызмет те атқарды. Сол кезде өзінің ел арасында «қаһарлы қарабөрік» атанғанын Сәбең «Өмір мектебі» трилогиясында жасырмай жазған да болатын.

Сәбит Мұқановтың есімі аталса болды, Алаш арыстарын ұстатып, айдатып, атып жіберген нақ сол секілді әңгіме қозғайтындар әлі күнге шейін жеткілікті. Бірақ, мұндай сөздер көбіне-көп жазушының Алашорда партиясының мүшелері туралы кезінде жамандап жазған мақалаларына қарап қана айтылатын секілді. Мақала жазу мен нақты қастандық жасаудың арасы жер мен көктей ғой.

1921 жылы Сәбең ЧК-нің сенімді өкілі болып жүргенде, Көкшетауға сондағы әйелі мен қызын алып кету үшін Мір­жақып Дулатов келеді. Әрине, оның бұл сапарынан ЧК да хабардар болады. ЧК-ның бастығы Волков деген С.Мұқановқа «Дулатовты тұтқындаңдар, қарсыласса атып тастаңдар» деп бұйрық береді. Бірақ, Міржақыпты ұстауға тиісті Сәбең оны қашырып жібереді. Сенімді адамдар арқылы «Бүгін түнде ұстауға бұйрық алдым, тез қашып кетсін, көзін жасыра алмаса, маған өкпелемесін» деген хабар береді. Бұл туралы кейінірек, бертінде Жүнісов деген біреу Д. А. Қонаевқа Сәбит Мұқановты жамандап арыз жазғанда көрсеткен екен. Міржақыпты босатып жіберу себебін сұрағанда, Сәбең жарықтық «Міржақып Дулатовтың саяси ұстанымын ұнатпасам да, сөзіне риза болушы едім.Сондықтан, сөзін де сыйладым, өзін де қимадым» деген көрінеді.

Бір түсініксіз нәрсе, Сәбең алаш арыстарының ешқайсысын да нақ Міржақып тәрізді жамандап мақала жазбаған екен. Бірақ, сөйте тұра, ауызекі әңгімеде 60-70- жылдары ол үнемі Міржақып Дулатов туралы тек қана жақсы лебіз білдірген. «Сол жылдары бір үйде табақтас болып қалғанда, бас ұстап отырған Сәбең маған қарап: «Міржақып ағам­ның қызы – Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейін» деп қолыма құлақ ұстатты. Бұл – сол тұстағы ел ағаларының «Міржақып ағам» дегенін алғаш естуім болатын. Содан болар, Сәбит ағаның жұрт көзінше әкемді «Мір­жақып ағам» дегенін естігенде жү­регім зырқ ете қалды. Мына кісіге менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?» деп зәрем қалмады» деп жазған екен өз естелігінде Гүлнәр Міржақыпқызы.

P.S.

Бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимаған қазақтың кешегі зиялылары неткен ірі еді?! Сол іріліктің жұғыны қалды ма екен, жұртында?

Комментарии закрыты.