Құрбан айт – құтты мереке

Құрбан айт – діни мереке, мұсылмандардың ұлық мерекесі. Бұл күні Аллаһ тағаланың разылығы үшін мал шалынып, аруақтарға дұға бағыштайды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Аллаһ жолында құрбандық шалып, бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Жұма күнімен қатар келген Құрбан айт мерекесінде жылдағыдай ертемен қала жұртшылығы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітке ағыла бастады. Қасиетті күні барлық мұсылман қатар тұрып айт намазын оқып, мешіттің наиб имамы Ілияс Тұрғанов уағыз айтты. Қала әкімі Советбек Медебаев арнайы келіп, мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елге тыныштық, береке, байлық тіледі. Қадірі асқан ұлы мерекеде құрбандыққа мал шалуды шамасы жеткендерге міндеттеген. Өйткені Аллаһ тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Бұл күні де дұға оқылып, құрбандыққа қала басшысы мал шалды. Айт күндері мұсылмандар көрші-көлем, туыс-туғандарға қыдырыстап, «Айт мейрамы құтты болсын» деген шынайы лебіздерін жеткізеді. Ренжіскен кісілер қайта табысып, жетім-жесір, мұқтаж адамдарға қолұшын беру сияқты сауапты істер істейді және сый-сияпат жасап, мейрамды қуанышпен өткізулері керек. Мұндай амалдар қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген мейірімдері мен сыйластықтарын арттыра түседі.

Комментарии закрыты.