«Мен тірі тұрғанда…»

20160122-03-1Қоғамда әрқилы пікір тудыратын тұлғалар болады. Солардың бірі — ақын Олжас Сүлейменов. Кешегі Кеңес заманында ұлттық батыр іспетті бағаланатын Олжекеңді кейінгі кезде өзінің қандастары сын нысанына жиі айналдыратын болғаны да жасырын емес. Шынында да, ақынның орыс тілінің мәртебесі туралы кейбір пікірлері ой таластыруға итермелеп тұратындығы да рас. Бірақ, бір нәрсе айқын – Олжекең өзінің ой-пікірін жасырып қалмайды, ашық айтады. Бұл да оның басқалар ғибрат алар бір қасиеті деп білгеніміз жөн.

«Олжас аға сөздің емес, нақты істің адамы. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен зардап шеккен жастарға Олжас Омарұлы тәрізді ешкім де қол ұшын созып, қамқор құшағын жая қоймаған шығар» дейді онымен 40 жылдан астам уақыттан бері ағалы-қарындас, рухани дос болып, сыйласып келе жатқан журналист Зәмзә Қоңырова. Және ол өз сөзін тірілту үшін нақты мысалдар да келтіреді.

«Бірде ағаның жұмыс кабинетінде отыр едік, бір жігіт ешқандай рұқсатсыз кіріп келді де : – Олжас аға! Мен Желтоқсанға байланысты сотталған едім. Ешқандай жазығым жоқ.Осы келгенде Чита қаласындағы түрмеден қашып келіп отырмын. Сізге жетсем деп армандаумен болдым жол бойы. Міне, ендігі тағдырым Сіздің қолыңызда. Мені не құтқарыңыз, не өз қолыңызбен ұстап беріңіз. Сіз қалай шешсеңіз солай болсын –деді. Аға орнынан атып тұрды да: — Сені ұстап бергенше өзімнің түрмеде отырғаным артық. Мен тірі тұрғанда сені жау алмайды, – деп, дереу әлгі жігітті құшағына тартты. Сосын күнұзақ құқық қорғау органдарының басшыларына телефон шалып, ақыры аман алып қалды. Бұл – бір. Екіншіден, 80-жылдардың соңына таман жарық көрген «Каждый день – утро» атты кітабының қаламақысын отбасына апармай, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан сегіз азаматқа пәтер алып бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Желтоқсаншыларға мұндай қамқорлық көрсету Олжас ағамның ғана қолынан келді» деген З.Қоңырованың сөзі кім кімді болса да ойландырғандай емес пе?

P.S. Ірілікті танып, білу, бағалау үшін де ірілік қажет секілді. Ендеше, ірі болуға ұмтылғанымыз абзал. Ең бастысы, сөзімізге ісіміз сай болсын немесе жақсылықты дүниеге жар салмай-ақ жасауға болатынын да ұмытпайық.

Комментарии закрыты.