Облыс әкімінің сапары

Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар денсаулығына байланысты қызметінен кетті. Оның орнына Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен, Сәтбаев қаласы мәслихаты депутаттарының қолдауымен, облыс әкімінің Өкімімен Асқар Ыдырысов тағайындалды.

Сейсенбіде қалаға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Н.Әбдібеков Сәтбаев қаласы әкімдігінде қала активімен кездесіп, шаһардың жаңа басшысын таныстырды.

20160122-01-2

Облыс әкімінің кеншілер қаласына сапары жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысудан басталды. Сессияда өңір басшысы қала әкімі қызметіне Асқар Абылайұлы Ыдырысовтың кандидатурасын ұсынды.

Ұсынылған кандидатураны депутаттар бірауыздан қолдағаннан кейін өңір басшысы қаланың жаңа әкімін активпен таныстырды. Жиында облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы қаланың бұрынғы әкімі Әнуар Омардың денсаулығына байланысты қызметтен босатылғанын жеткізіп, атқарған еңбегі үшін Құрмет грамотасын табыс етті. Өз сөзінде өңір басшысы Әнуар Серікбайұлының ауқымды істерге ұйытқы болғанын, соның нәтижесінде қаланың өткен жылғы көрсеткіштерінің жоғары болғанын да атап көрсетті.

Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін талқылаумен жалғасқан кездесуде облыс басшысы жаңа әкімнің алдында тұрған ауқымды істерге де тоқталды. Әсіресе, биылғы жылы басымдық көрсетілуі тиіс бағыттар мен міндеттерді белгілеп берді.

Актив жиынында қаланың бұрынғы әкімі Әнуар Омар қала халқына, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларына, депутаттар корпусына және кәсіпкерлер қауымына бірлесе жұмыс істеуде көрсеткен қолдауларына ризашылығын білдірсе, жаңа әкім өзіне көрсетілген зор сенімге рахметін айтып, қала активін алға қойылған міндеттерді орындауға, мемлекетіміздің реформаларына белсене қатысуға шақырды.

 

***

Сапар барысында өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қаламыздағы спорт-сауықтыру кешенінде болып, онда жаттығып жатқан Қарағандының «Шахтер» футбол командасының тыныс-тіршілігімен танысты. Облыс әкімін қарсы алған команданың жетекшілері мен ойыншылары өздеріне осындай ықылас танытып, қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын жеткізді.

Кездесу соңында облыс басшысы Н.Әбдібеков «шахтерлықтарға» «дайындықтың жемісі – нәтижелі жеңістер болсын» деп, алдағы маусымдағы ойындарына сәттілік тіледі.

Комментарии закрыты.