«АЖАЛДАН ҚҰТҚАРҒАН АҒА»

«Аштықта жеген құйқаның дәмі өмірі аузыңнан кетпейді» деп жатады. Бұл сөздің мағынасы «жасалған жақсылықты ешқашан ұмытуға болмайды» дегенге саятыны анық.

Қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың соғыс кезінде майданға барған делегация құрамында болғаны, жауынгерлер алдында тек ән салып қана қоймай, сонымен бірге, жараланып қалғандарға жәрдемдескені де белгілі.Ол кісі «менің ең алғашқы марапатым «Ерлігі үшін» медалі болатын, сол медальді атақты маршал Коневтің қолынан алғанымды әркез мақтан тұтамын» дейтін еді.

Жаралы жауынгерлерге қол ұшын созып, көмектесіп жүргенде Розаның кескілескен ұрыс алаңына кіріп кеткенін байқап қалған рота командирі “Мұқанов, Розаны құтқар!” – деп айғай салады.Бұл сол ротадағы Құсан Мұқанов есімді жауынгерге тікелей берілген тапсырма еді. Құсан дереу Розаға жетіп, жеп-жеңіл қызды көтеріп алып, жүгірген бойы окопқа бір-ақ сүңгиді. Біраз уақыт өткен соң айнала тынышталады. Аман қалғандарына қатты қуанған Роза Бағланова тағы да “жоспардан тыс” концерт береді. Қаршадай қазақ қызының қайратына тәнті болған барлаушылар қатты риза болып, көздеріне жас алады. Концерт соңында Роза еңгезердей Құсанның қасына келіп, “Тірі болсам, сіз де тірі қалсаңыз, іздеп табамын!” деп уәделеседі. Бірақ, бұл тек араға 30 жыл салып қана мүмкін болады. Гастрольдік сапармен Көкшетаудың Қызылту ауданына келген әнші : – Осында менің әкемдей болып кеткен адам тұруға тиіс. Ол майданда барлаушы болған. Ленинград түбінде, орман ішінде концерт беріп тұрғанда кенеттен жау жан-жақтан оқ атқылап, зеңбіректер гүрсілінен құлақ тұнғанда мені тура келген ажалдан құтқарған сол Құсан ағам болатын. Сол кісі қазір бар ма? – деп сұрайды. Сол сәтте залдың ортасынан кеудесі орден-медальдарға толы Құсан Мұқанов орнынан атып тұрады. Роза Бағланова тамам жұрттың көзінше жүгіріп барып, барлаушы ағасын бас салып құшақтап, көзіне жас алады. Алматыдан арнайы алып келген зерлі шапанды иығына жабады. Роза Бағланованың ағасының құшағында тұрып «Мен мұнда концерт беруден бұрын Сізді іздеп келдім” дегенін естіген елдің бәрі де әншінің сөзіне де, өзіне де сүйсініп, қатты тебіренеді.

Өз кезегінде Құсекең де қарындасын қонақ етіп, қолынан келгенше сый-сияпат жасайды.

P.S. Адам деген әртүрлі. Кіріптар күйге түскенде көрген жақсылығын, қамқорлығын кейін өз жағдайы түзелгенде ұмытып кететіндер де кездеседі. Құдай сондайлардан сақтасын. Жақсылықты ұмытпағандар әрқашан адамдарды жақсылыққа үндеп тұрады екен. Сонда айналамыздағы жақсылықтар да молая түседі екен. Аз күн жалғанда бұдан артық не керек?

Комментарии закрыты.