Ізгілік нұрын сепкен әр жүрекке

20160129-06-1«Әліппедегі» қырық екі әріпті жаттатып, шәкіртін өз баласындай бауырға басатын бастауыш сынып мұғалімі әрбір оқушы үшін өте ыстық.

Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланатын болса, сол білімге жол ашатын алғашқы ұстаздың тәлімі мен білімге ұмтылдырудағы ынтасынан талай шәкірт өмірге азық алды. Сондай ұстаздың бірі – Бақыт Құланбаева.

Әр шәкіртіне ізгілік нұрын сепкен ұлағатты ұстаз Бақыт Жаппасқызы тамаша қалпында өмірдің талтүсіне көтерілді.

Өзінің 40 жылға жуық ұстаз­дық еңбегінде талай шәкір­тін қанаттандырған Бақыт Құ­ланбаева 1956 жылы бұрын­ғы Жетіқоңыр совхозы, Қара­қойын елді-мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жаппас пен анасы Рзақия қарапайым еңбек адамы болған. Бақыт әкесінен алты айында қалып, үлкен апасы Бәтен мен анасының қам­қорында бойжетті. Бәтен «Апа, мына бес қыз бен бір ұлдың болашағы жарқын болсын десеңіз, сіздің рұқ­сатыңызбен Төйкенді, Ба­қыт­­ты, Болатты Весовая елді мекеніндегі №10 орта мектепке оқытайын деп анасының ба­та­сын алып, жетелеп, білім нәріне сусындатты. Кейін Бә­тен мен Төйкен Сарандағы училищеге, Бақыт Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түсті. Оны 1978 жылы тәмамдап, өзі білім алған ұясына, яғни, №10-мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып оралды.

– Ғұмыр дарияның орта белінен асыппыз. Кейінге қара­сам, азды-көпті еңбек етіп, шә­кірт тәрбиелеуде қолтаңбам қа­лыпты. Бір са­ла­да отыз сегіз жыл тап­жылмай еңбек етудің нәти­жесінде шәкірттеріме де, әріптестеріме де сыйлы болдым. Мектепке алғаш келгенде-ақ бала жанын түсінуге ұмтылдым. Мұндағы ардагер ұстаздардың көбісі жас мамандарды өз ісіне икемдеп, кем-кетігі болса түзеп отыратын. Кейін №27 қазақ орта мектебіне ауыс­тым. Зағира Смаилова, Ақайша Сәдуақасова, Шабал Бейсем­бекова сынды мұ­ғалім­дердің тәлімін алдым. Әрбір сабағымды түрлендіріп отыру үшін дидактикалық мате­риалдардың да саналуан түрін қолданысқа енгіздік. Қазіргідей материалдық базаның қол­жетімділігі аз. Соның өзінде де іздене отырып, өзіме жүктелген 40 минуттық сабақта бала­лардың ой ұшқырлығын дамыту, ізденіске ұмтылдыруға күш салатынбыз.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына түскенде республикада біраз білім ошақтары жабылып қалды. Елдің эконо­микалық жағдайы түзеліп, бі­лім­ге бетбұрыс жасалған тұста қырық жылдық тарихы бар №3 орта мектептің есігіне салынған қара құлып алынып, 1997 жылы осы білім ошағына келдім. Орыс тілінен сағат аз болды. Бір күні апам Төйкен: «Бақыт, ай­налайын, өзің жағдайды кө­ріп отырсың. Сағат жетіспеушілігі сезіліп тұр. Сен қос тілді жақсы меңгергенсің. Бастауыш сынып мұғалімі бол» деп ақыл айтқан соң, колледжді оқып, екінші мамандықты игердім. Бастауыш бөлімінде еңбек еткеніме де міне 20 жылға таяу уақыт өтіпті.

Талай шәкірт алдымнан өтті. Оқушыларымның тәтті қылығын көрсем қуанып, қыңырлау мінезін байқасам түзеуге тырыстым. Соның арқасы болар, білім саласында еңбегіме қа­рай, құрметке кенелдім. Осы бі­лім ошағында Рысты Есетқызы, Гүлнар Шапайқызы, Мереке Бабырқызы, Сәуле Брахметова сынды замандас әріптестермен шәкірт тәрбиелеудің шыңына шықтық. Есімім «Үздік ұстаз­дар» республикалық энцикло­педиясына енді. Еңбегімді ба­ғалаған қала, білім бөлімінің басшылығы мені «Үздік ұстаз», «Білімге жол ашқандар» атақ­тарына лайық деп таныды, – дейді ардагер ұстаз.

Шәкірттеріне мейірім ша­пағатын сыйлаған Бақыт Жап­пасқызы білім саласында ұла­ғатты ұстаз атанса, отбасында жолдасы Қожабай екеуі шат­тықты шаңырақтың иесі.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.