Керегесі кеңейе түсуде

20160129-06-3Кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған әрбір ниетті жан өкімет тарапынан бөлінетін арнайы грандтарды иеленіп, шағын кәсібінен нәсіп тауып отырғандарын тәуелсіздіктің шарапаты деп біледі. Меруерт Досымбаева да солай ойлайды. Ол өткен жылдың наурызында жаңа үлгідегі кәсіпкерліктің есігін айқара ашты.

«Әуелгіде бұл кәсіпті игере аламын ба?» деген іштей қорқыныш болды. Қалалық кәсіпкерлік бөліміндегі және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалындағы мамандармен кеңесе келе, «Спорт-бар» ашуды жоспарладық. Неге? Өйткені, бұл біріншіден, жаңашылдығымен жұрт назарын өзіне бірден аударады. Екіншіден, көп шығынды қажет етпейді. Үшіншіден, көпшілікпен күнделікті бетпе-бет, жүзбе-жүз жұмыс істейтін болғандықтан, егер кемшілігің болса дереу жөндеуге мүмкіндік бар. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының негізінде бизнесті жаңа бастаушыларға арналған «Start-up» жүйесі бойынша кәсіпкерліктің барлық қыр-сырын меңгердім. Мұндай бағдарламалардың жас кәсіпкерлерге берері өте мол екен. Мектепке алғаш барған бала бәріне де таңырқай қарап отырмай ма? Сол кезде оған білікті ұстаз көмекке келеді, құшағына тартады, жол сілтейді, білмегенін үйретеді. Міне, мен де «бизнес мектебінің бірінші сыныбына» түскендей күй кештім. Сүйіншісі сол, сабақ үлгерімім жаман болмағанға ұқсайды. Соның нәтижесінде, осы кафені ашып, шаруасын жүргізіп жатырмын ғой. Қазір иелігімдегі «Over time» шағын кәсіпкерлік нысанында өзіммен қоса тағы да 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта жұмыс орындарын да кеңейте түсу жоспарда бар. Бұл бизнесті бастағаныма әлі бір жылға толған жоқ. Бірақ, өз ісімнің нәтижесіне көңілім толады. Дегенмен, тоқтап қалған жоқ.

Менің таңдауым неге спорт-барға ауды? деген сұраққа келер болсақ, шағын қаладағы жастардың сұранысын қанағаттандыру ниетінен пайда болған. «Спорт-бардың» негізгі қызметін көп адамдар түсіне бермейді. Біздің мақсат – негізінен әртүрлі спорт матчтарынан тікелей көрсетілім ұсына отырып, келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлау. «Спорт-барда» караоке, балаларға арналған ойын залдары да қызмет көрсетеді. Кейде залға адамдар сыймай жатады. Жасыратыны жоқ, мұндайда қуанып қаламын. Сонда іштей «Менің о бастағы қорқынышым бекер болыпты ғой. Қаншама жастар келіп, өздеріне қуаныш сыйлауда. Бұл істі одан әрі дамыта түсу керек» деген ойға келдім. Қазір бұл бизнесті дамыту үшін мемлекеттік грандқа құжаттар әзірлеу үстіндемін. Бір сөзбен айтқанда, кенді қалада кәсіпкерліктің керегесі кеңінен керіліп келеді. Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікке деген қолдауы біз секілді жас кәсіпкерлерді жігерлендіреді, – дейді жас кәсіпкер.

Халыққа сапалы қызмет көр­сету арқылы пайда табу – басты мақ­са­тымыз дейтін Меруерт өз бизнесін өркендетумен қатар, тұр­ғын­дардың да сұранысын қана­ғаттандыратын шараларды жүзеге асыруды жоспарға қойып отыр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.