Қала құшағындағы қалашық қарқынды түрде бой көтеріп келеді

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы 2012-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламаның бір тармағы – кенді аймақтың шикізат қорын молайтып, өндірісті өркендету. Осы орайда өндіріс аймағындағы Жезқазған поселкесі мен оған қоңсылас жатқан Весовая, Крестовский елді мекендерінің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, сол маңдағы мол кенді игеру күн тәртібіне қойылған еді. Қазір осы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін Сәтбаев қаласының шығысынан коттедждер қалашығы салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде қаланың батыс беткейінде тағы бір шағын қалашықтың құрылысы қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр.

20160129-01-1

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Болатбек Жақсыбаевтың айтуынша, бұл аймақ «6-шағынаудан» деп аталатын болады. Қазір мұнда көпқабатты тоғыз үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал, құрылыс жұмысына осы аймақтағы және Қарағанды мен Астана қалаларында құрылыста шыңдалған тәжірибелі мердігерлер тартылған.

– Жалпы құрылыс облыс әкімінің басты назарында. Сондықтан, бұл бағытта қаржыдан да, құрылыс материалдарынан да кідіріс болып жатқан жоқ. Қазір тұрғын үйлердің қабырғалары тұрғызылып, кірпішпен қапталуда. Бұл шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер заманауи үлгідегі, тұрғындарға қолайлы баспана болады деп айта аламын, – дейді Болатбек Жақсыбаев.

Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, жазғытұрым осы аймақта тағы алты үйдің құрылысы басталмақ. Оның қажетті құжаттары заңдастырылып жасалған. Мұның сыртында республикалық бюджеттің есебінен мектеп пен балабақша салынады деп жоспарлануда. Олардың да құрылысы таяу уақыттарда басталатын болады. Осылайша қаламыздың іргесіндегі өндірісті аймақтағы тұрғындар осы шағын ауданға үстіміздегі жылдың соңына қарай көшіріле бастайды. Бұл аймағымыздың өндірісін өрге бастырып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң ықпалын тигізеді.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.