«Әйелді жаулығымен де жасқауға болмайды»

20160205-07-1«Әрбір отағасы пайғамбарымыздың осы өсиетті сөзін естен шығармағаны – өзіне абырой, – дейді қалалық ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Гаухар Жүнісова.»

 

Алдын алу шарасы қылмысты азайтады

Жалпы еліміздің тәуелсіздігі жылдарында тұрмыстық қылмыстардың алдын алу және әйелдердің заңды мүдделерін, құқығын қорғау нақты прогреске жетіпті. 1999 жылы ішкі істер органдарының құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде бөлімдер ашылған. Ал, Қазақстан кеңес заманынан кейінгі аралықта осындай бөлімдер құрған жалғыз мемлекет…

Қалалық ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Гаухар Жүнісованың айтуынша, бұл қызметтің негізгі міндеттері конституциялық құқықтарын, бостандықтарын және әйелдердің заңды мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесу және ескерту қызметін үйлестіру, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлеріне, формаларына және әдістеріне, сондай-ақ, оларды жасауға ықпал ететін себептері мен шарттарына сараптамалық зерттеулер жүргізу.

2015 жылдың қорытындысы бойынша, қала аумағында әйелдерге қатысты барлығы 481 құқық бұзушылық тіркелген (2014 жылы – 572). Оның 250-і тұрғылықты жері бойынша, 84-і қоғамдық орындарда, 9-ы жұмыс орнында болған. Оның ішінде тұрмыстық қарым-қатынаста 247  құқық бұзушылық орын алған. Барлық тіркелген істер бойынша 125 қылмыстық іс қозғалған (2014 жылы 136).

Жоғарыдағы цифрларды талдап айтар болсақ, ұрыс-жанжал және жағымсыз қарым-қатынас бойынша – 310, бұзақылық ниетімен – 56, қызғаныш салдарынан – 36 әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жайттары орын алған. Сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің дені, нақтырақ айтқанда 217 әйел еш жерде жұмыс істемейді және оқымайды.  Сонымен қатар, таныстар арасында жасалған 47 жайт тіркелген болса, күйеулері жасаған 153 қылмыс тіркеліп отыр.

– Нәзік жандарға күш көрсеткен азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, әртүрлі деңгейдегі жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, әйелдерге қатысты құқық бұзушылық пен қылмыстың, отбасы тұрмыстық салдарындағы зорлық-зомбылықтың, адам саудасының алдын алу мақсатында қалалық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полициясы бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының инспекторларымен, учаскелік полиция инспекторларымен, қалалық білім бөлімі, денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп жедел-профилактикалық шаралар жүргізіп келеміз. Ай сайын «қорғау нұсқамасы», «ерекше талап» санаты бойынша есепте тұратын тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша аралап, тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жасап отырамыз. Мұндай шаралар қылмысты азайтуға оң ықпал етеді, – деп хабарлайды қалалық ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Гаухар Жүнісова.

 

Адамгершілік қасиеттер азая бастаған ба?

Гаухар Жүнісованың айтуынша, бұрын ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдың кесірінен «күйеуім ұрды» немесе «балағаттады» деген шағымдар түсіп жататын болса, қазіргі уақытта «танысым, досым қол жұмсады», тіпті «жігітім ұрды» деген мағынада қыз-келіншектерден арыздар жиілеп кетіпті.

– Бұл  қазіргі адамдардың бір-біріне деген көзқарастарының өзгергендігін, сыйластығының төмендегендігін, адамгершілік қасиеттен айырыла бастағандығының кесірінен орын алып отырған келеңсіз мәселе десек те болады. Әйелдер арасында өз күйеуінен озбырлық көріп отырса да, айналасындағыларға жақ ашпай, ұялып, балалары үшін бәріне шыдап жүрген жандар да бар. Арасында өз құқықтарын қорғаудың заңды тетіктерін жете білмейтін қыз-келіншектер кездеседі. Кейбір жайсыз жанұялар арасында екі қолға бір кәсіп көзін тауып, бала-шағасын асырап бағудың орнына, керісінше, жұмыста жоқ болса да, ауызы арақтан кеппей жүрген еркектер жетіп артылады.

«Отағасы» деген атқа лайық бола алмай отырған ондай отбасылар үйінде жарының, әкесінің озбырлығын көріп отырған әйелдер мен қыз балалар да баршылық. Мұндай жанұядағы жанжалдың, ұрып-соғудың, боқтап-балағаттаудың туындау себептері тұрмыстық жағдайдың нашарлығына байланысты. Ал, оның түп төркіні – жұмыссыздықта, қос қолды қусырып бос жүрген азаматтың алкогольдік ішімдікке бейім болуында жатыр, – дейді Г.Жүнісова.

Әйелдерге қатысты осындай әртүрлі дискриминация түрлерін жою туралы конвенцияға (Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 шілдеде ратификацияланған) сәйкес, өткен жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында «Бақытты әйел — бақытты ел!» ұранымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізіліпті.

 

Тиімділігі мол шара

Бұл акцияның негізгі мақсаты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерте және жолын кесе отырып, халыққа таныстыру, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асыруға бағытталған жүйені қалыптастыру болып табылады.

Акцияға учаскелік полиция инспекторлары, әйелдерді зорлықтан қорғау тобының қызметкерлері, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың күштері жұмылдырылып, қызмет күшейтілген түрде жүргізілді.

Тәртіп сақшыларымен күнделікті жайсыз отбасыларға мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, алдын алу жұмыстарына үлкен көңіл бөлінді.

– Аталмыш акцияға полицейлермен бірге қаламызда өткен жылы ашылған «Шаңырақ» дағдарыс орталығының қызметкерлері, мемлекеттік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар, білім, денсаулық сақтау және тағы басқа орган өкілдері де белсенді түрде атсалысып келеді.

Акция барысында әйелдерге қарсы қолданылатын зорлық-зомбылықтарға үлкен назар аударылып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы парақтар, сенім телефондары таратылып және дәрістер мен сұхбаттар жүргізетін жылжымалы топ жасақтары белсенді түрде жұмыс атқаруда.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда тәртіп сақшыларының ғана белсенді жұмыстары жеткіліксіз, сондықтан, «сақтансаң – сақтаймын» дегендей, отбасылық-тұрмыстық жәбір көрген әйел адамдар өз құқықтарын алдын-ала біліп, полиция қызметкерлеріне уақытында хабарласқандары жөн.

Жалпы, әрбір отағасының пайғамбарымыздың «Әйелді жаулығымен де жасқауға  болмайды» деген өсиетті сөзін естен шығармағаны – өзіне де абырой ғой, – дейді қалалық ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Гаухар Жүнісова.

 

«Шаңырақ» далада қалдырмайды

Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге көмек көрсету мақсатында бөлім қызметкерлерінің дағдарыс орталықтарымен жұмысы дұрыс жолға қойылған. Мұндай орталық Сәтбаев қаласында да ашылды.  Өмірдің қиын жағдайына тап болған нәзікжандылар бұл жерді уақытша паналап қана қоймай, психологтың, заңгердің және медиктердің көмегіне жүгіне алады.

Орталық негізінен қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен тығыз байланыс нәтижесінде ашылған және оған «Шаңырақ» деген атау берілген. Мұнда жайлы жатын бөлме, демалыс бөлмесі, асхана бар. Көмекке және қорғауға мұқтаж әйелдер ішкі істер органдары қызметкерлерінің жолдамасы арқылы дағдарыс орталығына орналаса алады. Орталықта екі аптаға дейін, жағдайдың қиындығы мен күрделілігіне қарай паналай алады.

– Біздің «Шаңырақ» дағдарыс орталығы негізі екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімі Тәуелсіздік даңғылы 1 үйде орналасқан алғашқы қабылдау бөлмесі. Ол сенбі, жексенбі күндерден басқа күндері таңғы 9. 00- ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл бөлімнің негізгі міндеті – әлеуметтік көмекке мұқтаж әйелдер мен балаларды анықтау. Ал, екіншісі Ерден көшесінде орналасқан стационарлық бөлім. Мұнда зорлық-зомбылық көрген көптеген әйел көмек сұрап келеді. Түрлі әлеуметтік ортадан шыққан әйелдердің басындағы жағдайлар бір-біріне ұқсас, – дейді «Шаңырақ» дағдарыс орталығының төр­айымы Қ.Әбдуәлиева.

Оның айтуынша, орталыққа шағымданатындардың денінің күйеуі әйелін, бала-шағасын үнемі ұрып-соғады. Оларды асырамайды. Ал, әйелі болса, баламен үйде отырады, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп, ол күйеуіне толықтай тәуелді болып қалған. «Олар бізге келіп, өздерінің құқықтары туралы кеңес сұрайды. Келген әйелдердің жағдайын естіп отырып, біздің жүрегіміз ауырады. Тіпті күйеуі мас күйінде әйелін аяғы ауыр кезінде ішінен тепкен жағдайлар кездеседі. Ажырасқан ер адамдардың 80 пайызы алимент төлемейді», дейді төрайым.

Қаламқас Әбдуалиеваның айтуынша, «Шаңырақ» дағдарыс орталығына 2015 жылы  23 әйел көмек сұрап барған. Бұл өз бойындағы қорқынышты жеңген әйелдердің саны ғана. Ал, күйеуінен көрген әлімжеттікті жасырып, оны айтуға батылы жетпейтін әйелдер саны әлдеқайда көп екеніне орталық жетекшісі күмәнсіз.

– Шағыммен келген 23 әйелдің 19-ы отбасы жағдайындағы зорлық-зомбылықтан, күйеуінің ұрып-соғуынан зардап шеккендер. Дәл осы жағдай біздің қоғамда белең алып тұрғаны өкінішті-ақ. Мұның салқыны жастарға да тимей отырған жоқ, ата-анасына қоқан-лоқы жасау, тіпті қол жұмсау фактілері де соның салдары. Бізге келген 4 адам осындай отбасылық жанжалға, баланың ата-анасына, ата-ананың баласына көрсеткен зорлық-зомбылығына шыдамағандар, – дейді Қаламқас Кәдірбайқызы.

 

ТҮЙІН

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл» туралы заңға өзгертулер мен толық­тырулар енгізілді. Ендігі жерде, зәбір көрсетуші сот шығарған үкімді қасақана орындамаса, бір айға бас бостандығынан айырылатын болады. Ең бастысы, адамдар заңның зардабынан қорқып емес, Алладан аяқ тартып, ардан аттамай  қарекет  қылса, құба-құп болар еді.

Әйел – мейірімді анаң, қарындасың, мәпелеп отырған қызың, сүйген жарың. Неге «әлем мен бесікті қатар тербеген», шаңырағыңа шаттық сыйлайтын нәзікжандылардың көңіліне қаяу салып, өміріне балта шабамыз? Қатыгездік пен қысым көріп өскен ұрпақтан қандай кемел келешек күтеміз?

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.