Ауылдың болашағы жастардың қолында

Ауыл – біздің халқымыздың салт-дәстүрінің, мәдениеті мен тарихының, барша болмысының қайнар көзі. Осы ауылға кейінгі кезде көңіл бөлініп, ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту жақсы үрдіске айналды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында жастарды қоғамдық өмірге белсене араласуға шақырады. Жастар – ауылдың гүлденіп, өсуіне бірден-бір зор ықпал ететін күш. Осы бағытта «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты жастардың ауылға бетбұрыс жасауына көп күш салып жүр.

Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына «Жас Отан» жастар қанаты «Тәуелсіздікке жастардың жиырма тартуы» атты бағдарлама аясында ауқымды шаралардың жобасын жасап, сол жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Соның бірі – «Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы және «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұсынған «Ауылдың болашағы – жастардың қолында» атты кеңауқымды жоба.
Өткен аптада Сәтбаев ауылындағы №17 негізгі мектепте ауыл жастарына жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру, жоба жайында жастардың ұсыныс- тілектерін, пікірлерін білу мақсатында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресті басшысының орынбасары Күлпәш Бекішова, мектеп басшысы Асылхан Сәдуақасов, «Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев, ауылдың жас мамандары қатысты.

Н.Наурызбаев жобаның мақсаты мен міндетіне, қалай жүзеге асатынына тоқталды: – Ауылдағы жастардың мәселелерін шешуге жәрдем жасау, олардың бос уақытын тиімді пайдалану және ауыл жастарының қатысуымен мәдени-сауықтыру кештерін ұйымдастыру. Жоба ағымдағы жылдың сәуір айынан бастау алады. Жобаның қорытындысы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында қазан айында шығарылады. Жүзеге асуы 3 кезеңнен тұрады. Бұл кезеңдерде жоспарланған іс-шараларға тоқталар болсақ, ауылдың басты және жанама мәселелерін анықтау мақсатында ауыл тұрғындарының, жергілікті атқарушы органдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізу, №17 негізгі орта мектебінің оқушыларының арасында «Мен ауылымды болашақта қалай көрем?» атты плакат пен қабырға газеттерінің конкурсын ұйымдастыру. Жоба аясында Сәтбаев ауылында тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта «Жас Отан» жастар қанатының Сәтбаев қалалық филиалы жанынан жұмыс бригадасы құрылады. Ауылдағы жұмыссыздық мәселесіне байланысты Сәтбаев ауылында бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Оған ауыл маңындағы өндіріс орындары Итауыз, Қыпшақбай кен орындарының өкілдері қатыспақ.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Дені саудың – жаны сау» ұранымен Сәтбаев ауылының жастары мен «Жас Отан» жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы командаларының арасында спорт түрлерінен сайыстар өткізу де жоспарланып отыр, – деді.

Жобаның мақсат, міндеттері толық түсіндіріліп болғаннан соң, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев сөз алып, жобаға ауыл жастары да өз ұсыныс-тілектерін қоса алатындығын айтты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Жас Отан» жастар қанаты жүзеге асырып келе жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша осы мектепке өткен жылы келген Айгерім Нысанбаева ауылды көркейту жолында атқарылған істерді тілге тиек етіп, өз ауылын одан әрі дамытудың жобасын ұсынды. Жобаға мектептің өзге де жас мамандары өз ұсыныс-тілектері мен пікірлерін білдірді.
Рухани қазынамыздың бұлағы, тарихтың куәсі ауылдың бүгінгі дамуына жастар осындай игі істерімен өз үлестерін қосып жатса, ауылдың болашағы бұдан да жарқын болатынына күмәніміз жоқ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.