Мерей мен мақсат

20160205-4-1«Белгіленген жоспарды орындау — мерей, ал жазатайым жағдайды жою — мақсат». Бұл — Б.Қрықпышевтың қисыны. Өкінішке орай, кейінгісі кенжелеп келеді.

«…2016 жылға дейін қайғылы оқиға қатарын 80% қысқартуды, жазатайым жағдайды жартылай (50%) жоюды, ал, 2017 жылы, бұл — мақсат емес, міндет, түбегейлі еңсеруді ойластырдық. Өкінішке орай, бүгінде біз корпорация бойынша белгіленген межеге жете алмадық». Э.Огай осылай деді.

«Қазақмыс» өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғауға қатысты өткен жылғы көрсеткішті қортындылады. Оған тек Жезқазған аймағы ғана емес, Балқаш бойы мен Қарағанды қапталындағы құрылымдар да қатысты. Кеншілер қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен басқосуда қауіпсіздікті қатты қадағалап, еңбек қорғауда үздік көрсеткішке жеткен өрендер салтанатты жағдайда құрметке бөленді.

Жиынды «Қазақмыс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Э.В.Огай ашты. «Өндірістегі қауіпсіздік мәселесі, адам өмірі мен денсаулығын қорғау — біз әлі түбегейлі шешпеген қиын түйін. 2013 жылы компанияны дамытудың кешенді стратегиялық жоспарын қабылдағанда, еңбек жағдайын жақсарту жағын да қарастырдық. Алға бірқатар ауқымды міндет қойдық. Атап айтқанда, 2016 жылға дейін қайғылы оқиға қатарын 80% қысқартуды, жазатайым жағдайды жартылай (50%) жоюды, ал, 2017 жылы, бұл — мақсат емес, міндет, түбегейлі еңсеруді ойластырдық. Өкінішке орай, бүгінде біз корпорация бойынша белгіленген межеге жете алмадық. Мақтанатын ештеңе жоқ!.. Жауапкершіліктен жалтармаймыз! Ар алдында жауаптымыз!» деп, ағынан жарылды. Адамдарды абай болуға шақырды.

Күн тәртібіндегі мәселеге «Қазақмыс» компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары — бас операциялық директор Б.Қрықпышев егжей-тегжейлі талдау жасады. Қауіпсіздік пен еңбек қорғауды қамтамасыз ету үшін өткен жылы тиісті шаралар қабылданғанын тілге тиек еткен ол былай деді: «Біз бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлдік. Бұл бағытта мақсатты жұмыс жүргізіп келеміз. Компания құрылымдары заманауи жеке қорғаныш құралымен толық қамтамасыз етілген. Жерасты кеніштерінде тозған техника жоспарлы түрде жаңғыртылады. 2015 жылы ғана жаңа технологиялық жабдық алуға 13,5 миллиард теңге жұмсалды… Белгіленген жоспарды орындау — мерей, ал жазатайым жағдайды жою — мақсат. Бізде — сөз көп, нақты іс шамалы!».

Расында, өндірістегі жазатайым жағдайды жоюға бағытталған біраз шаруаның басы қайтарылған. Ірілі-ұсақты 390 619 кемшілік анықталып, оның 359 128-і жойылған. 30 662 адам — қауіпсіздік техникасына, 23 994 адам еңбек қорғауға оқытылған. 6765 адам жазаланып, тәртіпке шақырылған. Алаңдататыны сол — жазатайым жағдайды жоюға жауапсыз қарайтындар қатарында қауіпсіздік техникасының сақталуын қадағалауға тиісті инженер-техник қызметкері де кездеседі. Былтыр 24-і жарақат алуы соған дәлел. «2013-14 жылдары жасалған жап-жақсы жұмысты 2015 жыл жоққа шығарды» деді Б.Қрықпышев. Ойландыратын өкініш!

Компания басшыларының әңгімесінен аңғарғанымыз — адамдық фактор жағы айқын ақсап жатыр. Өндірістегі өткір мәселені шешуге қомақты қаржы жұмсау мен әкімшілік ресурс жеткіліксіз екенін түсінетін уақыт жетті. Әркім белсенділік танытпай алға қойған мақсатқа жету мүмкін емес. Ал, мақсат біреу — өндірістік міндетті ойдағыдай орындап, аман-есен отбасына оралу. Аталмыш басқосуда сондай талаптан көрініп, өзгелерге ұйтқы болып жүрген өрендерге құрмет көрсетілді, сый-сияпат жасалды.

Әлібек ӘБДІРАШ. Сурет түсірген Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.