«Ашық есік» күні

20160205-12-5Мектебімізде ата-аналарға арнап «Ашық есік күні» өткізілді. Мұндағы мақсат – ата-аналар үшін педагогикалық ағарту ісін ұйымдастыру, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту арқылы сапалы білім беру жолдарын қарастыру.

Осы іс-шара барысында ата-аналардың тек оқушылардың сынып жетекшілерімен кездесумен ғана шектелмей, әр пән мұғалімдерімен жеке сөйлесіп, баласының білімі, тәртібі, жалпы сабақтағы хал-ахуалы туралы жан-жақты білуге мүмкіндік жасалды. Пән мұғалімдері әр оқушының үлгерімі, тәртібі, қоғамдық жұмыстарға қатысуы туралы керек мәліметтерді жинап, ата-аналарды үлкен дайындықпен күтті.

Оқушылар туралы жан-жақты білу пән мұғалімдері үшін де аса маңызды болды, себебі, оқушы жайлы алынған мәлімет алдағы уақытта білім сапасына оң әсерін тигізері анық. «Ашық есік күні» математика, орыс тілі, шет тілі мұғалімдерімен жолыққысы келген ата-аналар қарасы көп болды. Бұл бізге, мектеп әкімшілігіне, осы пәндер бойынша туындаған мәселерге көңіл аудару қажеттігін байқатты.

Сонымен қатар, «Ашық есік күні» мектеп психологтарымен кездесу де ата-аналар үшін бауыр еті – баласы жайлы толғандырып жүрген кейбір мәселелердің жауабын тапқан күн болды десек, артық айтпаған болар едік.

«Ашық есік күніне» 600-ге жуық ата-ананың келгені олардың бұл шараға аса қатты мән бергенін аңғартады.

Ата-аналар атынан сөз алған 5 «В» сыныбы ата-аналар комитетінің төрайымы С.Қалиева осындай мүмкіндік тудырған мектеп әкімшілігіне ризашылығын жеткізді.

Г.ЖҮНІСОВА, №19 мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.