Ұстаз алғысын арқалаған

20160212-06-1Сұлу Сырдың Қызылқұмға иек артар тұсында қазір Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін иеленген, бұрынғы атауымен айтқанда, «Жаңақала» атты ауыл бар. Қорқыт станциясында кіндік қаны тамған Алмастың балалық шағы осы ауылда өтіп, оның азаматтық жолы осында басталған, өнер адамы ретіндегі, соның ішінде жыраулық өнердің жолына түсуі де сол ауылдағы ортада қалыптасқан. Өйткені, бұл ауыл «100 жырау шыққан» деп әспеттелетін қазіргі Тұрмағамбет ақын атындағы ауылдан 1964 жылы енші алып шыққан еді. Бұл менің де туып-өскен ауылым.

«Кешегі кеңес заманында жыршылық өнерге де тоқтам салынып, тыйым болған» деп те әңгіме айтушылар кездеседі. Өз басым бұл пікірге қосыла қоймаймын. Өйткені, бала кезімізде той-томалақ түгілі, Оразаның уақытында әжемізге еріп ауызашарға барғанда да жыраулар жыр толғап, термелетіп отырар еді. Ал, бұл партияның бар билікті қолына алып, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған 70-80 жылдар болатын.

Олжабай, Машарап, Әбдіхалық, Орақ есімді жырауларды халық ұйып тыңдайтын еді. Олардың ізін кейін Алмас, Әмзе, Аманбай және т.б. көптеген жас жыраулар жалғастыра түсті. Ал, солардың арасынан озық шыққаны Алмас Алматов болды. Алақандай ауылдан шыққан оның атағы берісі алты алашқа, әрісі әлемге танылды. Оның орындауындағы жыр, термелерді тыңдай жүріп, солардың ішінде менің көңілімді ерекше аударғаны Машарап Әлиұлының «Алмасқа хаты». Неге? Өйткені, Мәшекеңді де білемін. Ол жаратылысы бөлекше жан болатын. Оны халық жырау ретінде ғана емес, «молда» деп те мойындайтын. Сол 70- жылдары Қызылорданың облыстық газетіндегі «Кітапты молда теріс оқыр» деген мақалаға «кейіпкер» болғаны да бар. Бірде бір дастархан басында оның өнерін қолпаштаған «Шіркін, біздің Мәкеңнің әні -ай! Ешкім жете алмайды ғой» деп сүйсініп қалған партком хатшысына Мәшекең «Сендер осындайда «жырау» деп мақтайсыңдар да, былай шыға бере «молда» деп кәзитке жамандап жазасыңдар» деп, аз-кем өкпесін сездіргенін де көрген едік. Мінезі молдалыққа келе қоймайтын , бейпілдеу сөйлейтін ол кісінің басқа қырына қарағанда ақындығы, жыраулығы басым түсті. Алмас Алматов өзінің сөздерінде әрқашан «Менің өнердегі ұстазым — Машарап Әлиұлы» дегенді аса бір сүйіспеншілікпен айтып жүреді.

Мәшекеңнің ерекшелігі әлгі айтылған «Алмасқа хат» толғауынан да байқалады.Өйткені, шәкірттердің ұстаздарына шәкірттік лебізін білдіріп, өлең, жыр арнауы таңсық емес. Ал, ұстаздардың шәкіртіне «еңбегімді ақтадың» деген мағынада өлеңмен хат жолдауы жоқтың қасы. Бұл толғаудың ерекше әсер етуінің бір себебі осы болса, екінші, оның кейбір сөздерінің түсінбестік тудырғаны.

«Алмасжан, бес-алты ауыз жолдадым хат,

Әрдауам болғай да деп, кеуілің шат.

Бір ауыз үйде естіген сөзім үшін,

Деген сөз, ойға келді «үлгі тарат».

Бау тағып, бала құстай талпындырып,

Жүр едім жәйіңді аңдып сырттан қарап.

Бүгінде дерт зорайып денені алды,

Қызыл тіл болмай қалды жауға жарақ.

Қара жер қанша ойласам тұрағым сол,

Арман сол, арғы жерде болсақ абад.

Ескендір Зұлхарнайын, Рүстем, Дастан,

Нәубатқа мойынсынып кеткен тарап.

Бейәдеп бұл тірліктен кештік өмір,

Дос демей, туған демей иттей талап.

Айырмай «парыз», «сүннет», ақтың жолын,

Мысалы ,қатындаймыз өте салақ.

Келгенде жан шығарға аяқ асты,

Қараймыз «қалай болды?» – деп, алақ-алақ.

Өткенге ойлап-ойлап өрем жетпей,

Қу дүние-ай, қайырың жоқ еттің талақ.

Ей, Алла! Өзің оңғар біз пәндеңді,

Зат емес шапағатың алар қалап.

Бір мысқал зор күнамнан кемігендей,

Алмасжан, келгеніңде бер деп сабақ.

Мен сені Құлыстан шет санамаймын,

Өкпе де жөніне айтса орнын табат.

Атаның ауызда бар әулеті едің,

Қардарға қайыр қылған мол шапағат.

Еңбекке саған еткен ризамын,

Атаң мен анаңызға мың салауат.

Бағасын таза сөздің халық біледі,

Қыдырсын «Шаһ Сүлайман» түрлі уалаят.

Алмасжан, жаза берсе сөз таусылмас,

Ағаңыз ибн — Әли сөзін сарқат» – деген өлеңнің «Бір ауыз үйде естіген сөзім үшін», «Мен сені Құлыстан шет санамаймын», «Қыдырсын «Шаһ Сүлайман түрлі уалаят» дейтін тұстарын түсіну қиын еді. «Мұны бір жолыққанда Алмас жыраудың өзінен сұрау керек» деп жүргенде, 2014 жылы А.Алматов қаламызда өткен республикалық ақындар айтысына қазылық еткендердің бірі болып, келе қалды. Айтыс соңынан қонақ болып, дастарханымыздан дәм татты. Қаламызға, аймағымызға танымал жыршы Мұханбет, яғни, Мұқаш жырау Қожахметов, ақын, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуов, қазақ тарихының тамыршысы, шежіре-кеуде Тоңболат Мұханұлы және т.б. азаматтар бас қосқан сол бір тамаша отырыста Әлекеңнен ұстазының хаты туралы сұраудың да сәті түскен еді. Сондағы Әлекең айтқан әңгіменің ұзын-ырғасы былайша өрімін тауып еді.

«Арқаның төрінде, өздеріңіздей абзал азаматтардың ортасында отырып әңгіме шерткеннің өзі қандай ғанибет?! Әсіресе, Мәшекең туралы. Ол кісі енді қайталана қоймайтын тұлғалардың қатарынан еді. Ешқандай білімі болмаса да, білігінің арқасында совхоздың тұңғыш бас инженері болды, трактор, машинаға қажетті бөлшектерді темірден жонып сала беретін шеберлігі бар-тын. Сол заманда өзі қолдан құрастырып алған «ГАЗ -53» машина мінген де сол Мәшекең болатын. Әрине, бізге ол кісінің жыраулық өнері қымбат еді. Сондықтан, ауылдың талаптанған бар баласы «жыраулыққа үйретіңіз» деп алдына баратынбыз. Ол әрқайсымызға жеке-жеке тапсырма беретін, біз сол тапсырмаға орай, кәдімгідей емтихан тапсыратын едік. Темірді жонығандай, бізді де бірте-бірте шыңдап отырды ғой жарықтық.Өнерге сол кісінің мектебінен өтіп келгенімізді ешқашан ұмыта алмаймын.

Кейін жылдар өте келе, Қызылордада жүргенімде Мәшекең ауырып, төсек тартып жатып қалыпты дегенді естіп, арнайы көңілін сұрай бардым. Денелі кісі еді, шынашақтай болып қалыпты, көргенде көңілім босап кетті. Жанында Сәт, Төлеутай, Сыраж молдалар отыр екен.

Е, қожекем, келдің бе? — деді менің сәлемімді алып жатып.

– Мен ауырып қалдым. Біраз шаруаға шама келмейтін болды. Бес уақыт намазды қаза етпейтін едім, ол қалды. Сосын «Времяны» жібермейтін едім, одан да қалдым. Өзі не жаңалық болып жатыр, айта отыр — дегенде аузыма қайдан түскенін қайдам : — Тағы да космонавтар ұшып жатыр -деп қалдым.

– Солардың аспаннан не іздеп жүретінін білесіңдер ме? – деген Мәшекең сөзін өзі жалғап әкетті: — Олар көктен Құдайды іздеп жүр. Соны тауып, ұстап әкелмекші ғой, сосын бізге «Табынып жүргендерің осы ма?»демекші ғой — дегенде әлгі молдакеңдер «астапыралла, астапыралла» деп азар да безер болып қалды. Осылайша әңгімелесіп отырғанда Мәшекең: – Қожеке, осы сен «Шаһ Сүлайманды» неғып айтпай жүрсің? – деп сұрады. «Шаһ Сүлайман» – Шорақтың Омарының жазған қиссасы еді. Осы қиссаның жазбасы Мәшекеңде бар екенін білетінмін, кезінде бір сұрағанымда «кейін» деп бермей қойған болатын. Бірақ, кейін Қуандық Бөрлібаев есімді жырауға беріпті де, сол ел арасына таратты. Біздің жыраулар арасындағы қалыптасқан тәртіп, жазылмаған заң бойынша, бір жырау жырлаған қиссаны екінші жырау орындамайды. Қуандықтың руы да Мәшекең тәрізді — Кете болатын.

– Ру шыққан жерден бұру шығады деген, рушылдыққа салып, Қуандыққа беріпсіз ғой — дедім. Мен болсам — қожамын. Мәшекең «е, солай ма еді?» деді де қойды. Сол жолы «егер келіссе, облыс орталығындағы дәрігерлерге көрсетейін» деп екі көлікпен барған едім. Мәшекең ризашылығын білдірді де, кейін хабар беретінін айтып, қалып қойды. Дегенмен, арада екі аптадай өткенде» Қожа келсін, мені доғдырларына апарсын» деген сәлемі жетті. Азды-көпті беделімді салып, ең білгір деген дәрігерлерге қараттым, жеке бөлмеге жатқызуын өтіндім. «Жаман ауру» екен ғой, дегенмен, асқазанды тазалаған кезде, бетіне қан жүгіріп, әп-әдемі болып шыға келді. Бірақ, дәрігер маған «әрі кеткенде бір ай ғана ғұмыры қалды» деді.

Палатасына кірсем, Мәшекең мені көріп, қуанып: «Қожеке, сен шынымен де әулие екенсің, денем жеңілдеп қалды» деп рахметін айтты. Менің қолымда магнитофон бар болатын, ойым – ол кісінің әңгімелерін үнтаспаға жазып алу еді. Соны көріп, «мені өледі деп ойлайсың ғой, мен әзір өлмеймін» деді де, қолын кереуетінің бас жағында тұрған үстелге қарай созды. «Бетін беторамалмен жауып қойған бұ не болды екен? деп ойлағам. Сөйтсем, ішкі бетіне «Алмасқа хат» салынған «Шаһ Сүлайман» екен. «Егер олай-бұлай болып кетсем, басымнан тауып алар» деп едім, өлмей тірі қалдым ғой, енді өз қолымнан берейін» деген Мәшекең қисса жазылған қос дәптерді және осы хатын табыстаған еді. Міне, «Алмасқа хаттың» осындай тарихы бар».

Әлекең әңгімесін аяқтады. Біз бұл әңгімеден ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықты, адалдықты таныдық. Ал, адалдық абыройға жетелейді. Алмас Алматовтың өнер әлеміндегі, азаматтық жолындағы асқақ абыройының негізі қайда жатқаны енді айтпасақ та түсінікті болар?! Аллатағала сол адалдығынан айырмасын! Шынайы шәкірт бола білу бақыты бұйырған, бүгінде алты асқардың биігіне көтерілген Алмас жырауға енді ұстаздық бақыт бұйырсын!

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.