Адалдық абыройы

20160219-04-1Уақыт алға жылжыған сайын өзінің соны жаңалықтарын ұсынып отырады және сол жаңалықтар бір адамдардың қолымен жасалып жатса, екіншілері оны игеріп әкетеді. Айталық, он тоғызыншы ғасырдың адамдарының түсіне де кірмеген техникалық өзгерістер одан кейінгі ғасырда таңданыс тудырмайтын үйреншікті жәйттерге айналды. Ал, жаңа ғасырда болып жатқан технология сәт сайын өзгеріп, жетіліп жатыр. Бұған өзіміз куә болып та жүрміз.

Біздің сөзіміз өткен ғасырдың орта шенінде техника тілін меңгеріп, ер азаматтармен бірге кен өндіру ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, сөйтіп, өзгелерге үлгі бола білген Зейнеп Әбдіғамиқызы ӘБІЛБЕКОВА туралы болмақ.

Оның әкесі Әбдіғами Әбілбеков Алматы облысында ішкі істер бөлімінде қызмет етіп жүрген кезінде өзі сұранып, алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. «Әкем сол тұстағы Отанымыздың жүрегі саналған Мәскеуді қорғау кезінде, даңқты Панфилов дивизиясының құрамында ерлікпен қаза тапқан. Әрине, әкенің мойнына асылып, мейірімін сезініп өскенге не жетсін?! Бірақ, бізге тағдырдан әкеміздің Отан қорғау жолында шейіт болғандығын мақтаныш тұту ғана бақыты бұйырды» деп еске алады асқар тауы – әкесі туралы. Ал, анасы Ақжібек Байманова «қос қызымды қайтсем қатарынан кем етпей өсіремін» деген мақсатпен күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей Қарсақбай мыс балқыту зауытында еңбек етті.

Майданда жүрген отағасы туралы «қара қағаз» келген соң Ақжібек жер жаннаты атанған Жетісуды қанша қимаса да, тіршіліктің қамымен төркін жұртқа, яғни, Қарсақбайға қайта оралды. Сойқанды соғыс жылдары ауылдың бар ауыртпалығы бұғанасы қатпаған бала-шағаға, әйелдерге, қарттарға түсті. «Киіз үйдің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, Зәкеңнің нағашы атасы Байман Алтыаяқов ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, атақты батыр Аманкелді Имановтың сарбазы әрі шебер ұстасы болған екен. Ол кісі туралы қазақтың біртуар ұлы академик Қ.И. Сәтбаев берірек уақытта Байман ұстаға жолдаған хатында: «1916 жылы көтеріліс кезінде Аманкелді батыр мен оның сарбаздарына қару соққан тамаша еңбегіңіз, халық үшін болған ұлы күреске сіздің белсене қатысқаныңызды дәлелдеумен бірге сол кезде қолданған қарулар түрінен тарихи мағлұмат береді және бұл келер ұрпақ үшін өте бағалы ескерткіш» – деп жазып, үлкен ілтипат танытады. Міне, әкесі – жауынгер, анасы – жұмыскер, ал, нағашы атасы – Аманкелді батырға серіктес, Қаныш Сәтбаевтың оң бағасына бөленген Зейнеп Әбілбекованың өмір жолы басқаша болуы мүмкін де емес секілді.Ол әкеге де, анаға да, атаға да лайықты болып өсті. Тіпті, нағашы атасы Байман ақсақал өзінің жалғыз ұлы – Базарбай қан майданда қаза тапқанын естігенде, «менің ендігі Байманым осы Зейнеп болады» деп, бауырына басқан еді. Демек, егер Зәкеңнің ерге тән қасиеттері менмұндалап тұратын болса, мұның бәрін оның өткенінен, алған тәлімінен іздеген жөн.

Ол 1957 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Жезқазған кен басқармасының № 42 шахтасында кен көтеру машинисінің үйренушісі, одан кейін токарь болып өзінің еңбек жолын бастайды. Батыс Жезқазған кенішінің кен көтеру машинасының машинист – операторы, №42, 57, 55, 15 шахталарда кен көтеру машинисі болып еңбек етті. Ол өзінің еңбекке саналы көзқарасымен, қоғамдық жұмысқа белсене араласуымен көпшілік құрметіне бөленді. Өз жоспарын артығымен орындап, әріптестерінің зор сенімі мен жауапкершілікті жоғары сезінген оны кәсіподақтардың облыстық V, VI конференцияларына делегат етіп сайлады. Жоғары социалистік міндеттемелерін табысты орындағаны үшін есімі СОКП съезіне арналған еңбек тартуларының облыстық кітабына жазылды. Табиғатында қарапайым мінезді, адамгершілігі жоғары, еңбекқор жан қай жерде қызмет атқарса да әріптестерінің орынды сый-құрметіне бөленді. Ол өзінің ұзақ жылдар бойғы жинақтаған оң тәжірибесін жас мамандарға үйретуден де жалықпады. Зейнеп апайдың кеніште қанаты талмай, маңдай терімен атқарған 40 жыл бойғы қажырлы еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Еңбек ардагері», «В.И.Лениннің туғанына — 100 жыл», «Ұлы Жеңіске — 70 жыл» тәрізді бірнеше мерейтойлық медальдарға қоса, «Социалистік еңбектің жеңімпазы», «Тоғызыншы және он бірінші бесжылдықтардың екпіндісі» белгілерімен марапатталды.

СОКП XXVI съезі! Бұл – Зейнеп Әбілбекованың өміріндегі ең бір жарқын шақ ретінде оның жадында әрқашан жылы ілтипат тудырады. – Мен өзімді өзгелерден ешқашан артық санаған емеспін. Бірақ, сол тұстағы еңбектес әріптестерім, коммунистер егер мені партия съезіне делегат болуға лайық санаса, әрине, бұл үлкен мәртебе, зор құрметтің белгісі.Өзімді сондай дәрежеде дәріптеген жандардың бәріне тек қана алғыс сезімімді арнаймын. Қанша дегенмен, кешегі кеңес заманында қарапайым еңбек адамына деген құрмет, оларды мақтап, марапаттауға көп көңіл бөлінетін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кейінгі уақытта арнайы Еңбек күні мерекесін белгілеп, еңбек адамдарына әртүрлі деңгейде салтанатты жағдайда құрметтер көрсетілуінің жанданып келе жатқанына көңілім қуанады.Өйткені, «еңбексіз тапқан нанның дәмі болмайды» демей ме? Ал, адал еңбек – абырой кепілі -дейді Зейнеп тәте бізбен әңгімесінде, кеше мен бүгінді салыстыра отырып.

Ол кісі өте дұрыс айтады.Адал еңбек ешқашан ұмытылмайды.Бәлкім, замандар ауысып жатар, құндылықтар да өзгерер.Бірақ, адалдық ұғымына ешқашан шаңнан тозаң тұрмайды. Соның бір айғағындай З.Әбілбековаға 2005 жылы Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Зейнеп апай кеніште еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысатын. Кезінде Жезқазған теледидары арқылы халыққа қазақы дәстүрімізді, жас- жұбайларға ақыл- кеңес, жастарымызға ата- дәстүр жолдарын, қыз-келіншектердің өндіріске араласуын, қоғамдық жұмысқа атсалысуын насихаттайтын «Қамажай» атты телевизиялық бағдарламасының жүргізушісі де болды. Ал, қазіргі кезде де сол бұрынғыша қоғамдық жұмыстардан бас тартып көрген емес. Ол бүгінгі таңда кешегі кеншілерден құралған Сәтбаев қаласындағы ардагерлер хорының белді мүшесі.

Отбасы – өмірдің күретамыры. Ол – жанұялық дәстүрлерді сақтауынан, туыстық қарым-қатынасты, ата-аналары бастаған істі жалғастырудан, бір-бірін қадір тұтуынан бастау алады. Жары Долғабай Тазабекұлы Еспаев екеуі отбасын құрып, екі баланы дүниеге әкелді. Долғабай Тазабекұлы1958-1960 жылдары Днепродзержинск қаласындағы №8 тау-кен техучилищесінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен бірге оқыған азамат еді. Еңбекке, білімге деген құштарлығының арқасында өз қатарының алдынан көріне білген ол бірге оқыған топтың комсоргы еді. Топтың старостасы Нұрсұлтан Әбішұлы болғаны белгілі. Өкінішке орай, өмір түзу жол емес, Д.Еспаев 1991 жылы дүниеден өтті. Әрине, «Өмір – өзен» бір орнында тұрмай аға береді емес пе? Зейнеп кейін ақынжанды азамат, кен өндірісінің белді мамандарының бірі Өмірбек Махатұлы Сартовпен өмір жарастырды. Шынында олар жарасымды жұпқа айналды. Мүмкін, бұл екеуінің де кеншілер арасынан өсіп шыққандығымен байланысты болар? Мүмкін, бұл екеуінің де өмірден көргені мен көңілге түйгендерін ақ қағаз бетіне өлеңмен өрнектейтін ақын болғандықтарынан да шығар? Қалай десек те, Өмірбек аға мен Зейнеп тәтенің шаңырағы береке мен құт дарыған орда тәрізді бұл күнде. Екеуі де елге танымал тұлғалар. Өмірбек Махатұлы кезінде Оңтүстік Жезқазған кенішінің №45 шахтасында бөлім басшысы, бас инженер қызметтерін атқарған тау-кен өндірісінің ардагері. Қазір «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер ұйымы Сәтбаев филиалының төрағасы. Өмекең – адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болған, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұратын ардақты жан. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп тегін айтылмаған, өйткені, ана сәбиіне өмір беріп қана қоймай, Отанына адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелейді.Өмірбек ағай мен Зейнеп апа өзінің балаларының бойына туған еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілікті, еңбексүйгіштікті, шыдамдылық пен қайырымдылықты сіңіре білді. Осы балаларының бойына сіңірген еңбегі зая кетпей, ата-ана үмітін ақтап, балалары қатарларының алды болды. Үлкен баласы Марат №57 шахтада кен қопарушы, екінші баласы Ермек «ЖезРемШина» ЖШС жөндеу мекемесінің директоры, өкінішке орай, үшінші баласы Ерлан бұл дүниеден өтті, қызы Жанна – жеке кәсіпкер, Жезді қалашығындағы наубайхананың басшысы. Күйеу баласы Абылқасым және келіндері Шынар, Сәуле, Бекзат – ата-аналарынан алған тәлім-тәрбиелерін жалғастырып келеді. Әрбір ананың бақыты – баласының биік белестен көрінуі екені даусыз. Бүгінгі күні осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған Зейнеп апай 9 немере мен 6 шөберенің сүйікті әжесі. Балаларым бақытым деп білсе, немерелерін қазынам, өмірімнің жалғасы деп біледі. Қазіргі таңда немерелері әртүрлі қызметтердің тізгінін ұстаған, кейбірі шетел асып, білімдерін жалғастыруда. Ұлағатты отбасынан тараған бұл шаңырақта қазіргі таңда Олжас, Диана, Марат, Тимур, Гүлден, Гүлназ, Данияр, Аяна, Айлана, Амир, Артур, Алишер, Мирас, Жасмина есімді көз қуанышына айналған, балдан тәтті немерелері мен шөберелері өсіп келеді.

Рәзия ИБРАЕВА, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қор бөлімінің меңгерушісі.

Комментарии закрыты.