Елбасының жеңісіне арналды

Дүйсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының ұйымдастыруымен «Елбасымен бірге, алға!» атты жеңімпаздар форумы өтті. Мерекелік шараға Сәтбаев қаласының әкімі С.Медебаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, «Жезқазғантүстімет» ӨБ әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Т.Тәжбенов, қалалық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы М.Аханов, қала әкімінің орынбасарлары және қоғамдық штабтың мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, «Жас Отан» жастар қанатының  өкілдері,  басқа да ұйымдардың басшылары мен қала жұртшылығы қатысты.

Кеншілер сарайы халыққа лық толды.

–    Күні кеше ғана, яғни 3 сәуір күні елімізде кезектен тыс Президент сайлауы болып өтті. Ол сайлауда халқымыз өздерінің азаматтық құқықтарын пайдаланып, Қазақстанның болашақ дамуына өз үлестерін қоса білді. Өткен сайлау ағымдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтпек болып отырған еліміздің, халқымыздың ерікті таңдауы деп тануға болады. Елбасын таңдау – болашақты таңдау деп білген халқымыз  Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты таңдады, – деп бастады жүргізуші Д.Төлегенов.

Ән-күймен көмкерілген мерекелік іс-шарада алдымен Елбасының жеңісіне арналған ыстық ықылас пен жүрекжарды тілектерге кезек берілді. Олардың ішінде қалалық қоғамдық штабтың төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, өткен сайлауға біркісідей белсене қатысып, өз азаматтық борыштарын орындаған «Қазақмыс» корпорациясының еңбек ұжымдары атынан Т.Тәжбенов, татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Р.Абузярова және «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі, №27 орта мектептің оқушысы Е.Наурызбай өз лебіздерін жеткізді. Әсіресе, Қазақстанның гүлденген мемлекетке айналуына үлкен үлес қосқан, еліміздің жолын айқындар, үлгі-өнеге көрсетер аға ұрпақтың атынан сөз сөйлеген қалалық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы М.Ахановтың айтқан ойлары ерекше әсерлі болды.

Осыдан соң, барлық сәтбаевтықтарды ортақ жеңіспен құттықтау үшін арнайы Астана қаласынан келген қонақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері, Астана қаласы мәдени-шығармашылық орталығының директоры Серік Оспанов сахнаға шықты.

Расында бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Осы жолғы сайлау ашық өтті. Оны 1059 бақылаушы қадағалады және ешбір заңбұзушылық болған жоқ деп баға берді. Сайлауда айрықша белсенділік танытқан қазақ халқы өзінің болашағына нық екенін, өркениетті ел екенін көрсетті. Сайлаушылардың 90 пайызы дауыс беріп, 95 пайыздан астамы 1 кандидатты жақтады. Бұл Тәуелсіздіктің құнын, Тәуелсіздіктің қадірін түсінген халқымыздың санасының өскендігін, Қазақстан азаматтарының саяси мәдениеті артқандығын көрсетеді. Бұл сайлауға елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын, саналы адамның барлығы барды және олар Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беру арқылы кемел келешек пен жарқын болашақты таңдады. Қазақстандықтар ел тізгінін Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Міне, осындай форумды өткізу арқылы сәтбаевтықтар бүкіл елдің қуанышынан шет қалмағандығын білдірді. Кеншілер сарайына жиналған қалың қауым шат-шадыман. Сәтбаевтықтар еліміздің ауызбіршілігін, ынтымағы мен мемлекет егемендігі тұғырының қайнарынан бастап, Қазақстанды бүгінгі көшбасшылыққа жеткізген «Тәуелсіздік, Лайықты өмір, Кемел болашақ» атты өткір сөздерді азаматтарға баян ете білген тұлғаны қалады. Бұл тұлға – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Осылайша, сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын жинаған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған форумның негізгі бөлігі «Атамекен» әнімен аяқталып, іс-шара кешке Кеншілер алаңында мерекелік концертке жалғасты. Оны тамашалауға қала әкімі С.Т.Медебаев бастаған бір топ қала басшылары, жастар, қала тұрғындары келді. Мерекелік концерттің соңы от-шашумен аяқталды.

Елбасының жеңісі – елдігіміздің белгісі!

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.