Үздіктер жолдамаға ілікті

Қала тұрғындары арасында жыл сайын өтетін облыстық «Ақ қыс-2016» спартакиадасының іріктеу кезеңіне қатысушылардың қатары биыл да көп болды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған спартакиадаға 18 жастан асқан студенттер, мемлекеттік қызметшілер және спорт ардагерлері қатысып, «Президенттік көпсайыстан», атап айтқанда, зілтемірді жатып көтеруден, конькиден қашықтыққа жүгіруден, шаңғыдан, мергендер сайысынан жеңіске деген ұмтылыстарын байқатты.

Екі күнге созылған жарыста кіл жүйрікті анықтаған төрешілер жеңімпаздарды лайықты марапаттады.

«Президенттік көпсайыста» 35-39 жас аралығында №27 орта мектептен Ноян Әділбеков ІІІ орынды, Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептен Өмірсерік Ағыбаев ІІ орынды, №3 орта мектептен Ермек Ералыұлы І орынды қанжығалады. Ал, 24-34 жас аралығында №16 орта мектептен Азамат Утембаев ІІІ орынды, №5 орта мектептен Серік Жұматаев ІІ орынды №44 өрт сөндіру бөлімінен Жанат Қуатов І орынды иеленді. 21-23 жас аралығында көпсайыстан көзге түскен №25 орта мектептен Дмитрий Колодин ІІ орынға табан тіресе, №44 өрт сөндіру бөлімінен Ақжол Шубай І орынның жүлдесіне қол жеткізді. 18 жастан жоғары жастар арасындағы сайыста ІІІ орын технологиялық колледждің студенті Анатолий Пантеленкинге, ІІ орынның жүлдесі Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептен Баубек Сәрсеновке тиесілі деп танылса, №1 мектеп-гимназиясынан Ояма Иван І орын жүлдесін алды.

Қыздар мен әйелдер арасында «Президенттік көпсайыс» жарысында 35-39 жас аралығында №25 орта мектептен Бақытгүл Ілиясова ІІІ орынды, №16 орта мектептен Гүлжамал Жалбырова ІІ орынды, №3 орта мектептен Жаухар Айтенова І орынды еншіледі.

Ал, 24-34 жастағылардан медициналық колледждің студенті Екатерина Пурит ІІІ орынды, №1 мектеп-гимназиясынан Анастасия Сатжанова ІІ орынды, №3 орта мектептен Ақбаян Сыздықбаева І орынды жеңіп алды. 21-23 жас аралығында І және ІІ орындардың жүлдесін №3 орта мектептен Ақерке Мырзасқар мен Гүлжан Қалмағамбетова қанжығаға байлап кетті.

Он сегіз жастан жоғары қыздар арасындағы сайыста индустриалдық колледж студенттері Римма Үкібаева ІІІ орын, Любовь Влада ІІ орын, технологиялық колледж студенті Карина Шабалина І орынға табан тіреді. Конькимен қашықтыққа жүгіруден 18 жастан жоғары қыздар мен әйелдер арасында жүйрік атанған индустиралдық колледжден Александра Наумова ІІІ орынды, медициналық колледжден Екатерина Пурит ІІ орынды, мәдени-спорттық сауықтыру орталығынан І орынды Жадыра Оразымбетова жеңіп алды.

18 жастан жоғары жасөспірімдер мен ерлер арасында конькиден қашықтыққа жүгіру бойынша медициналық колледжден Олег Федоров ІІІ орын, технологиялық колледжден Артур Горен мен Дмитрий Пак ІІ және І орындарды еншіледі.

Шаңғы жарысында оза шауып бәйге алғандардың қатарында №14 орта мектептен Оксана Хамитова мен Александра Манина ІІІ және ІІ орынның жүлдесін қанағат тұтса, №1 мектеп-гимназиясынан Любовь Нальфина І орынның тұғырынан көрінді.

Ерлер арасында ІІІ орынды №16 орта мектептен Дәуіржан Бейсенов, ІІ орынды №3 орта мектептен Жалғас Жүнісов, І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназиядан Никита Носов жеңіп алды.

«Ақ қыс-2016» облыстық қысқы спартакиаданың мектепаралық шаңғы жарысында командалық есепте ІІІ орынды №7 орта мектептің командасы еншілесе, ІІ орынды №1 меткеп-гимназиясы алды. Ал, І орынды №3 орта мектеп командасы жеңіп алды.

Спартакиаданың іріктеу кезеңінде оқ бойы озып шыққан жеңімпаздар Қарағанды қаласында ақпан айының 27 мен 28 аралығында өтетін облыстық спартакиадада бақ сынайды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.