Ұлытаудан ұшқан ұлар еді

20160226-05-1«Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдары болатын. Бір күні «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қош бол, Шығысұлы» деген публицистикалық эссе жарық көрді. Ол майданда Отан үшін оққа ұшқан өжет командир, жалынды жас жазушы Баубек Бұлқышев туралы болатын. Соңында автордың «М.Тауұлы» деген бүркеншік аты тұрды. Оны оқығандар ойлы да әсерлі әңгімеге айрықша тебіренді. «Мұны жазған кім болды екен?» – десті. Біреулері: «Ғабит Мүсірепов шығар» – деді. Ал, ол шығарманың авторы адал да еңбексүйгіш, өте кішіпейіл, қарапайым азамат, қазақ совет балалар әдебиетінің қалыптасып көркеюіне көп еңбек сіңірген жазушы Мұқан Иманжанов еді…

Биыл Ұлытаудың қос ұланы, еліміздің мақтанышы, заманының зиялысы болған қаламгерлер – Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы ғасырлық той алдында біз өздерінің аз ғана ғұмырында өшпес мол рухани мұра қалдырған асыл азаматтар жайлы аз да болса ой қозғағанды жөн көрген едік. Сол мақсатта Баубек жайлы бұған дейінгі шығарылымда жаздық. Ендігі кезекте Баубектің жан досы – Мұқан жайлы айтпақпыз.

Мұқан Иманжанов қасиетті қарт Ұлытаудың баурайында 1916 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген. 1935-38 жыл­дары Алматыдағы есеп-экономикалық тех­никумын бітіргеннен кейін Жазушылар одағында ашылған алты айлық курсты бітіріп, радио хабарларын тарату жөніндегі республи­калық комитетте редактор болып қызмет етеді. Ал, 1942-49 жылдары «Социалис­тік Қазақстан» газетінде әуе­лі әдеби қызметкер, кейін бөлім мең­герушісі қызметін ат­қа­рады. Бірақ, ден­саулық жағдайына байланысты «Пионер» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысады.

М.Иманжановтың әдеби-шығарма­шылық қызметі 1938 жылдан басталғанымен, оның республика жұртшы­лы­ғы­на анық таныла бастағаны – Ұлы Отан со­ғы­сы жылдары. Қаламгердің романти­ка­лық сарында жазылған көр­кем әңгіме­лері мен очерктері баспасөз бетіне жиі басы­ла­ды. Алғашқы әңгі­мелер жинағы «Жас­тық» деген атпен (авторы М.Тауұлы) 1948 жылы ба­сылып, оқырман қолына тиеді.

Мұқаңның қазақ оқырман қауымы арасында кеңінен танылып, жазушы есімін әйгілі еткен «Алғашқы айлар» хикаяты мектептегі оқу-тәрбие тақырыбына арналған. Оның басты кейіп­кері – білімді де жігерлі жас мұғалім Жа­қып­бек бүкіл оқу-тәрбие жұмысын өмірмен, өндіріспен байланыстыра жүргізу мәселесін көтереді жә­не сол мақсат-мұратын жүзеге асы­ру жолында бар күш-жігерін салып, аянбай күреседі. 1950 жылы «Алғаш­қы айларға» Жамбыл атындағы рес­пуб­ликалық бәйге берілуі де хикаят авторының қалың оқырман арасында абырой-беделін арттыруға кәдім­гідей әсер етеді.

Шығармашылық жолын қысқа әң­гімелер жазудан бастаған Мұқан «Социалис­тік Қазақстан» газетінде іс­теген жылдары емін-еркін көсіліп, көп­теген көркем очерктер мен көсем­сөздерді, хикаят, пьесалар мен әдебиет туралы толғаныстарын, аяқталмай қалған «Көк белес» атты романын жа­зады. Соның нәтижесінде 1954 жылы «Таныс қыз» әң­гімелер жинағы, 1956 жылы «Тың­дағылар» атты әңгімелері мен очерк­тері, 1959 жы­лы «Адам туралы аңыз» көсемсөздер мен әңгімелері,1960 жы­лы «Көк белес» романы жарыққа шықты.

М.Иманжанов шығармаларының екі томдығын оның сүйген жары, әдебиетші-ғалым Рәзия Рүстембекова құрастырып, «Жазушы» баспасынан 1977 жылы жарық­қа шығарды. Қалам­гердің ғұмыры мен шығармашылық жолы туралы мақалалар мен хаттар, ес­теліктер жинағы 1980 жылы «Жа­лын» баспасында «Өр­кен» деген жеке кітап болып басылды.

Жазушы ұзақ жыл құрт ауруымен ауырып, өмірден ерте кетті. Әрине, сырқаттан айығу жолдарын да аянбай ізденді. Жастай жабысқан кеселден емделу үшін Балтық жағалауы мен Қырым курорт­тарына да барады. Бірақ, бұлар­дан еш пайда болмады. Сон­дай кездері күнделік дәп­теріне «Көңіл – жетім күшік, қыңсы­лайды, ұясын іздей­ді», – деп жазады жа­ны күйзеліп.

Жаны күйзелмегенде қайт­сін. Ол әке болып «қос көгер­шінін» еміреніп сүйе де алма­ды. Өзі оңаша бөлмеде, сүйген жары – Рә­зия екі ұлымен басқа бөлмеде тұрды. Ол тек әйеліне: «Балалар терезе алдына келіп ойнасыншы. Мен сырттарынан сүйсіне қарап, көңіл-көкірегімді бір демдейінші», – дейді екен.

Мұқан Иманжанов 1958 жылы қырық екі жасында бақилық сапарға аттанды. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жиі шығып тұрған мақалаларымен, очерк және публицистикаларымен, журналистік талантымен танылады. Қырқыншы жылдардың соңында шыға бастаған көркем туындылары – шағын әңгімелері де оқырман жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан жазушы. Оның негізгі кейіпкерлері – жастар. Олардың өмірге деген көзқарасы, достық, адалдық, мейірімділік секілді қастерлі қасиеттері Мұқан шығармаларының өзегі болды.

Мұқанның сыршылдық, романтикалы сипаттағы әңгімелері, әсіресе, жастардың сезімін толқытып, баурап алады. «Қыз сыры» әңгімесі шыққанда қыздардан: «Жігіт сырын» қашан жазасыз деген көптеген хаттар келген екен. «Қызыл гүл» (1941) әңгімесінен алған әсерін жазушы Зейнолла Шүкіров Мұқанға арналған естелігінде: «…Менің бала сезіміме шағын әңгіменің бөлекше табиғаты қатты әсер етті. Аянышты адам тағдыры іші-бауырымды уылжытты»,– дейді.

Әрине, бүгінгі әдебиеттің өскен дәуірінде, бұрынғы кемшіл соғып жатқан тұстарымыздың толысып жатқан кезінде 40-жылдардағы Мұқанның ол әңгімелері керемет болып көрінбес те. Бірақ, олардың сол кездегі атқарған қызметін естен шығармаған жөн. Жоғарыда аталған екі әңгіме жазушының көркем шығармадағы тырнақалды туындылары еді. 1948 жылы жарияланған «Жастық» атты алғашқы әңгімелер жинағы мен соңғы аяқталмай қалған «Көк белес» (1958) атты романының арасында бар болғаны он жыл. Шығармашылық үшін бұл аз уақыттың ішінде Иманжанов әдебиетіміздің әр саласында қалам тербеп, «Таныс қыз» атты әңімелер жинағын, «Алғашқы айлар» повесін, «Азамат даусы» атты публицистикалық еңбегін, «Жас өмір», «Менің махаббатым», «Сөнген шала» пьесаларын жариялады.

Мұқанның балалық шағы халқымыздың тарихындағы қасіретті зобалаң жылдарына дөп келді. Сол себепті білім алуға жағдай болмай, ауылда 4 сыныпты бітірген соң, ФЗО-да оқып, 1935 жылы Алматыдағы есеп-экономикалық техникумға түседі. Институт бітірмесе де Мұқан өмір бойы білімін толықтырып, көп іздену нәтижесінде жан-жақты, әр саладан хабардар, сауатты жазушы болды. Жазушы болу үшін көп оқу керек екенін өз шығармаларымен дәлелдеді. Мысалы, Жамбыл атындағы республикалық бірінші жүлде алған «Алғашқы айлар» повесін жазғанда ұлы классик-педагог жазушылар Л.Толстой, К.Ушинский, А.Макаренко еңбектерімен танысып қана қоймай, мектепте өтетін ботаника, физика, биология пәндерімен де шұғылданып, шығармаға қажетті көп мағлұмат алған екен. Өйткені, көркем шығарманың жас буынға білім беріп, ой өрісін дамытатын танымдық жағын қатты ескерген.

Ол шығармашылығының кемел шағында дүниеден өтті. Артында қалған рухани мұрасын келешек ұрпағына мирас етті. Мұқан Иманжанов – оқырман жұртшылықтың жүрегінен лайықты орын тапқан жазушы. Оның көркем шығармаларымен бірге 1940-50 жылдарда жазған сын, рецензиялары мен әдебиеттің әрқилы мәселелеріне арналған баяндамалары да көп болған. Олар кезінде газет-журналдарда басылды. Бұл мақалалар сол уақыттағы әдебиетіміздің тарихынан біраз мағлұмат береді. Осының өзі бүгінгі мен кешегіні салыстыруда да біраз қызмет атқаратыны ақиқат.

1940-50 жылдарда Мұқанның өзі де әңгіме жанрына атсалысқаны белгілі. Ол Батыс Еуропа, орыс әдебиеті классиктерін көп оқып, көп ізденген. Осыған байланысты ойлары, теориялық тұжырымдары бірқатар мақалаларында көрініс тапқан. «Бөбектерге арналған әдебиет туралы» атты мақаласында елуінші жылдардағы қазақ әдебиетінің жалпы жағдайы баяндалып қана қоймайды, сонымен қатар, ол бөбектерге арналған туындылардың өзіндік ерекшелігін ажыратып, осы саладағы ғылыми зерттеулер мен педагог жазушылардың шығармаларына сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі олқылықтарды ашады. Бала психологиясын, олардың жас мөлшерінің ерекшеліктерін ескеріп жазу қажеттілігіне назар аударады. Орыстың классиктері Л.Толстой, К.Ушинский сияқты тұлғаларды үлгі тұтады. Бұл айтылған пікірлердің бүгінгі бөбектерге арналған әдебиетімізге де қатысы бар, ол әлі де күн тәртібінен түспеген мәселерді қозғайды.

Міне, Ұлытаудан ұшқан ұлар құс тәрізді әдебиет көгіне қалықтай көтерілген екі ұлан ұясына қайта оралмай, мәңгілікке ерте кетті…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.