«Темірбек көкенің костюмі»

20160226-03-1Қазақтың тұңғыш кәсіпқой театр режиссері Асқар Тоқпановтың талантын танып, оның Мәскеуде оқуына жолдама әперген сол тұстағы республика Оқу-ағарту Халық Комиссары Темірбек Жүргенов болған. Жетім-жесір өскен отбасының тірлігі белгілі ғой, жастай әкеден жетім қалған Асекең оқуға алғыр болса да, студенттік жылдарында үстіне жарқыратып киім киіп көрмепті.

Асекең Т.Жүргеновтің өзіне жасаған жақсылығы туралы былайша әңгімелейді екен.

«Соңғы курста жүргенімде Мәскеуге Темірбек көкем келді. «Мәскеу» мейманханасына орналасқанын естіп, барып сәлем бердім. Ол кісі мені құшағына алып, өте жылы қабылдады. Оқуымның жайын сұрағанда,сынақ кітапшамды қолына ұстата қойдым. Өйткені, іші толған «бестік» бағалар еді. Қатты риза болды. Сосын мәскеулік актерлар туралы, олардың ойын-өрнектері жөнінде сұрады.Кейін ойласам, сол арқылы ол кісі менің театрларға баратын-бармайтынымды, актер-лардың ойындары туралы өзіндік пікірлерімнің бар-жоғын тексерген де секілді. Сол «сынақтарынан» сүрінбегесін сүйсініп кетті білем, «Асқар, жүр кеттік ГУМ-ға» деп мені Одақтың ең үлкен дүкеніне ертіп апарды. Дүкен ішін аралап жүріп, «Сен кешкісін театрларға, үлкен кештерге барып жүрген дап-дардай жігітсің, әні-міне оқуыңды да бітіргелі тұрсың.Сондықтан,сәнді киіне білуді де үйренгенің жөн» деп, келісті бір костюм-шалбар сатып әперді. Ыңғайсыздау болса да, шынымен-ақ қуанып қалдым.

Сөйтіп жүргенде, Темірбек көкем «халық жауы» атанып ұсталып кетті. Әрине, сенгеніміз жоқ, «бір қателік кетті» деп жүрдік. Содан 1940 жылы М.Әуезовтің «Абай» пьесасын сахналадым. Премьера болған күні үстіме сол костюмді киіп шықтым. Ол кісінің атын атауға тыйым салынған уақыттың қытымырлығын біле тұра, «мынау – Темірбек көкемнің алып берген костюмі» деп айтуды да ұмытқаным жоқ. Өйткені, сол арқылы өзіме ұстаз болған адамның рухына деген адалдығымды сездіргім келді».

 

P.S. «Өзіңе біреу жақсылық жасаса, ешқашан ұмытушы болма, сонда сенің өзің де біреуге жақсылық жасағың келіп тұрады» демекші, уақыттың қиындығына қарамастан өзіне шарапаты тиген азаматтың азаматтығын ұмытпай, қастерлей білу –нағыз азаматтық емес пе?!

Комментарии закрыты.