Әкеге қарап өскен қыз

20160304-04-1Атам қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демей ме? Ал, біздің кейіпкеріміз – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы – Гүлбану Темірболатқызы Шахманова әкесіне көбірек еліктеген сыңайлы… Мұны бізге оның өзі айтты.

– Мен Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданы Абай совхозында 1970 жылы дүниеге келдім. Әкем Темірболат Ахметов совхоздың қарапайым тракторшысы болды. Анам Роза он бала туып, бірыңғай отбасының шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты.

Бала кезімнен жүрегіме жақын, көңіліме қонақтап қалған бір сурет бар, бұл – таң алакеуімнен әкемнің домбырасын қолына алып шертіп отыратыны. Біз сол домбыра үнімен ұйқымыздан оянатынбыз.

Біздің отбасы өнерлі болды, әкем домбыра тартып, анам тамаша ән салатын. Әкем шөп шабудан тым кеш келеді. Сосын жуынып, тамағын ішіп болған соң, бәріміз клубқа қарай дайындыққа ағылатынбыз. Совхозда жұмысшылардан құрылған халықтық театр болатын. Бірақ, ауылымызда би маманы болмайтын. Халық театрының жетекшісі «осы би деген әбден діңкелетіп бітті» деп налыған көңілін біздерге қарап «әй, қыздар, тезірек бойжетіп, қалаға барып, ауылға би үйреніп келіп, маған қолғабыс жасаңдар» деген әзілді-шынды сөзге бұрып жіберетін. Сонау Батыстан келіп, Жезқазған мәдени-ағарту училищесінің би тобына оқуға түстім. Училищені бітірген соң, мені туған ауылыма жібермеді. Жазылмаған заң бойынша екі жыл Жезқазған-Ұлытау өңірінде жұмыс істеуім керек екен. Сөйтіп, маған Ұлытау ауданының клубына жолдама берілді. Сол екі жыл одан әрі жалғасып кетті ғой. Батыстың қызы болсам, Ұлытаудың келініне айналдым.

– Әр бала бір тұлғаны өзіне үлгі тұтып өседі. Сіз кімге ұқсауды мақсат еттіңіз?

– Мен өмірімде әкемді пір тұттым. Өйткені, әкем өте қарапайым, турашыл, кемістік көрсе бетіңе айтатын және өте адал адам еді. Адамдармен жолыққанда кіші болсын, үлкен болсын өзі бірінші амандасатын. Оның өзі бір тәрбие еді. Адамның жас адамға амандасқаны, кішінің бірінші міндеті амандасу екенін білсін дегені, үлкенге амандасқаны үлкенге ізет көрсету әр адамның парызы екенін білсін дегені деп түсінем.

Отбасына, бала тәрбиесіне барынша жауапкершілікпен қарайтын, ұрпақ деген ұғымды бәрінен жоғары қоятын бір жандар болады ғой. Әкем сондай жандардың қатарынан еді. Бала десе ішкен асын жерге қоятын. Біз он бала бір-бірімізге қамқор, бауырмал болып өстік. Ешқашан бір-бірімізді ренжіту деген болмайтын. Әкемізбен бірге өткізген сәттер біз үшін өте қызық сәттер болатын.

– Ал, таңдаған мамандығыңызға қарағанда, сіз анаңызға ұқсауға тырысқан секілдісіз?..

– Қазақ әйелі үшін ең қымбат құндылық – отбасы, ұрпақ тәрбиесі. Анам да – сол ұстаныммен өмір сүрген жан. Мен анамды ерекше құрметтеймін. Менің одан үйренгенім көп. Бүгінде бір әулетке келін болып, ата-енемнің көңілінен шыға білуімнің өзі сол анамнан алған тәрбиенің жемісі деп білемін.

– Әрине, өнер адамына көп қасиет керек. Сіздіңше, ең бастысы?..

– Ең бастысы – өнерді жан-тәніңмен түсіну және оны сүйе білу.

– Соңғы жылдары біз бала тәрбиесін ақсатып алған секілдіміз. Сіздің көзқарасыңыз?…

– Меніңше, бұл – Батыс ықпалының ащы жемісі. Балалар теледидар, БАҚ арқылы жат тәрбие ықпалында өсіп жатыр. Қазір ата-ананы, мектепті осы мәселе ерекше толғандыруы тиіс. Ал, «Қайткенде, бұл жағдайды түзейміз?» – дегенге келсек, өз ойымша, ең алдымен керегі – үйде де, мектепте де – балаға деген мейірім.

Қазір көптеген балаларға отбасы жылуы, ата-ана мейірімі жетіспейді. Сондықтан болар, балалар өздерін жоғары ұстайтын тәкаппар, тек менің айтқаным болу керек дейтін өзімшіл. Әрине, күнкөріс қамы, жұмыс бар, сөйтсе де ата-ана балаға көбірек көңіл бөліп, сырласуға, қамқор пейілмен ақыл айтуға уақыт таба білуі керек. Қандай жағдайда да, отбасында бала қамы, ұрпақ тәрбиесі бірінші орында тұруы тиіс қой?

– Сіздің өмірлік ұстанымыңыз?

– Адамдарға неғұрлым көбірек қуаныш сыйлауға ұмтылсам деймін. Құр күйбеңмен күн өткізбей, уақытымды жұртқа пайдасы тиетін істерге жұмсағым келеді.

– Әдебиетке жақын жандардың қатарындасыз ба?

– Әдебиетте роман, әңгімелерге қарағанда жыр, өлең оқығанды жақсы көрем. Қадыр Мырза-Әлі, Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова және оралдық Ақұштап Бақтыгерееваның жырларын жастанып жатып оқимын.

– Қандай сыйлық алғанды ұнатасыз?

– Өз басым жылтыраққа немесе қымбат нәрсеге құмар емеспін. Мен үшін кездескенде жылы жүзбен амандық сұрасқанның өзі – ең қымбат сыйлық. Мереке күндері «анашым, мерекеңмен» деп балаларым бетімнен сүйсе, өзімді өмірдегі бақытты да бай адам сезінемін.

– Өмірде, қызметте табыс кілті әркімнің уысына түсе бермейді. Сіздіңше?..

– Меніңше, табысқа жету үшін әр адам өзінің жанына жақын, сүйікті ісімен айналысуы керек. Өзіңе рухани ләззат беретін, қанаттандыратын жұмысың болса, әрине, әр күнге үлкен құлшыныспен ұмтыласың.

–Әңгімеңізге рахмет.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.