«Бір бөлке болса да бөлісе біл»

20160304-03-1Қатшылық болмаса да, қымбатшылық бүйірден қысқанда бір үзім нанға зар болып қалатындар қатарымызда жүргенін ескере береміз бе? Кейінгі кезде еліміздің әр қиырынан «тегін нан тарату» атты акцияның қылаң беріп қалатынын көксандықтан көретін едік. «Құлақ естігенді көз көреді» деген – алыстағы акция біздің қалада да жалғасын тауып, жақсы дәстүрге айналатын секілді.

Қала орталығындағы «Универсам» дүкенінің босағасынан аттаған соң, оңға бұрылсаңыз, «Тегін нан» атты жазу ілінген сөреге тап боласыз. Бұл қайдан пайда болды? Мәнісі неде? Акцияның мерзімі қашанға дейін созылады? Осындай сауалдарға жауап іздеп көргенде, ұққанымыз – акция біркүндік шара емес.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің бастамасына ең алдымен қаладағы наубайхана иелері қолдау танытқан. Кейін акцияны қарапайым азаматтар да іліп әкеткен.

– Бұл сөреге күніге 50-60 бөлке нан қойылады. Аз қамтамасыз етілген жандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатын көздеген акцияға кез келген азамат қосыла алады, яғни, егер біреуге қайырым тисін десеңіз, ниетіңізге қарай нан сатып аласыз да, осы сөреге әкеліп қоясыз, – деп түсіндірді бізге акция мәнін қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі С.Ешмаханов.

Қиын-қыстау уақытта бір үзім нанды бөліп жеген дегенді үлкендерден естіп өстік емес пе? Ал, мынау акция бізді «мұқтаж жандарға көмек қолын созғаныңыз болсын, мүмкіндігіңіз келсе, бір бөлке нан болса да бөлісе біліңіз» деп тұрғандай екен. Ендеше, акциядан сырт қалмайық.

Тек мұндай шаралар «Универсам» дүкенімен шектеліп қалмай, қаланың әр шалғайындағы дүкендерде де жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді-ау.

Комментарии закрыты.