Бірліктің бірегей бағытымен

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлауынан кейін, Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы бойынша қаламыздың ақпараттық үгіт-насихат топтары өз жұмыстарын жалғастырды. Соның бірі – №2 отбасылық дәрігерлік амбулаторияда қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиеваның қатысуымен өткен кездесу. Оған №15 жалпы білім беретін орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Нарынбаева және амбулатория қызметкерлері қатысты.

–    Жақын арада біз ең маңызды таңдауымызды жасадық. Н.Ә.Назарбаевқа дауыс беру арқылы біздің ел сын сағатта бірліктің бірегей үлгісін танытты. Елбасымыз алдағы даму жолымызды «Қазақстан – 2030» Стратегиясында, Еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында және өзінің Қазақстан халқына таяудағы Жолдауында баяндаған. «Жоғары табыс, кәсіби білім, мықты денсаулық, жайлы тұрғын үй жағдайлары, жасампаз еңбек пен қауіпсіздік – еліміздің барша азаматтары үшін біз құрып жатқан жаңа қоғамның негізі болмақ!», – деп мемлекет басшысы алдымызға нақты міндеттерді қойды. Енді, бұл жоспарларды біз тек бірігіп жұмыс істеу арқылы ғана жүзеге асыра аламыз, – деген сөздерімен Марал Сағынайқызы жиналысты ашты.

Келесі кезекте «Білім мен медицинадағы прогресс» тақырыбында А.Нарынбаева сөз сөйледі.

–    Өткен онжылдықта білім мен денсаулық сақтауға жұмсалған қаржы 10 есеге жуық өсті. Осы кезеңде 750-ге жуық жаңа мектеп салынды. Соның ішінде біздің де №15 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Оқушылардың сапалы білім алуы мен мұғалімдердің жақсы ортада жұмыс істеуіне Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Біз тек қана барлық күшті жұмылдырып, Елбасымыз көрсеткен бағытта жұмыс істеуіміз керек, – деді Алтынай Жұбатханқызы.

Отырыста бала өлімін азайту, туберкулезбен күрес, жалпы денсаулық сақтау саласы жөніндегі бірқатар мәселелер де талқыланды. Кездесу соңында М.Мәдиева қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.

Ақпараттық үгіт-насихат топтарының ұжымдармен екі жаққа да тиімді кездесуі одан әрі де жалғаса бермек.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.