«21 жасымда өлідей, 31 жасымда тірідей жесір қалдым»

20160304-03-2Қазақта Мариям Хәкімжанова тәрізді ақын-ана болған. Биыл туғанына 110 жыл толады, 1995 жылы өмірден өткен. Ол алтынның сынығы сынды жан еді.Өйткені, ол қазаққа алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсариннің тұқымы болатын.

Әке-шешесі қыз бала сүюді армандап жүргенде, ол туған кезде әкесінің жақсы көретін айғыры аяқ астынан өліп қалады. Сонда әкесі «Қызым құнын ала туды» деген екен.

1921 жылы – он бес жасында ұзатылып, келін болып , босаға аттайды. Бірақ, бес жылға жетер жетпесте күйеуі қайтыс болып, жиырмадан енді асқан Мәриям жесір қалады.

1929 жылы Алматыға келіп, газет-журналдарда әртүрлі қызмет атқарады, 1935 жылы тұңғыш кітабы жарық көреді. Сол кезде тағы да тұрмысқа шығады. Өкінішке орай, екінші күйеуі 1937 жылы «халық жауы» атанып, ұсталып, атылып кетеді.

Кейініректе Мәриям апа тағдырдың тартқызған тауқыметі туралы, “21 жасымда өлідей, 31 жасымда тірідей жесір қалдым, екі рет күйеуге шыққанымда, олармен он жыл да бірге тұрмаппын ғой” дейді екен.

Әрине, сөз салып, сезімдерін білдіргендер де болмай қалмаған. Олардың арасында ақыны да, ғалымы да болады. Бірақ, Мәриям олардың ешқайсының да қолынан ұстамайды. Бірінің етегінен ұстаса олардың қайсысы болса да, мұны жылатпайтыны анық еді. Бірақ, Мәриям апа өзінің сүйген жарына деген адалдықтан айнымауға серт етеді және сол сертінің биігінде қалады.

 

P.S. Қазіргі кезде мұндай қадамға баруды түсіну тым қиынға соғуы мүмкін. Шынында да, небәрі отыз жасында жесір қалу, қайыра тұрмысқа шықпауға өз-өзіне серт беру және сол сертінде тұра білу оңай деймісіз? Әрине, жоқ. Бірақ, қаншама қиын болғанмен, ол өзінің сүйген жарының рухына деген адалдықты сақтай білді. «Қазақ әйелінің қасиеті» деген осындай да қадамға бара алатын қайсарлығымен, өршілдігімен, адалдығымен ерекшеленетін болар, сірә?!

Комментарии закрыты.