Құлаған қабырғалар

20160304-03-4Біздің қалада мәдениет ошақтары соншалықты көп те емес. Саусақпен санарлық болса да, солардың күтімі де кейде көңілден шыға бермейтіні өкінішті-ақ.

Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана білім іздеген, бірдеңе білмекке ұмтылған үлкеннің де, кішінің де бас сұғатын қасиетті мекені. Ал, соның кіреберісіне көзіңіз түсті ме? Қабырға жапсырмалары сынып, түсіп, қазақшалап айтқанда, «ішек-қарны ақтарылып» жатыр. Көрер көзге ұят. Кезінде жөндеу жұмыстарының жүрдім-бардым жасалғаны айтпай-ақ көзге ұрып тұр.

Биыл Баубек Бұлқышевтің туғанына – 100 жыл. Өткенде бір ағамыз әлеуметтік желілердің бірінде «бұл мерейтойды республикалық деңгейде атап өту керек» деген бастама да көтерген болатын. Ғайыптан ғайып бұл бастама қолдау тауып кетсе, біздің қалаға республиканың әр шалғайынан қонақтар ағылуы әбден-ақ мүмкін.

Біздің білуімізше, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кітапхананың бұл мәселесінен бейхабар емес. «Бюджеттен қаражат қарастырылса, жөнделеді» дейді. Бірақ, уақыт ырғалып-жырғалуды көтере ме? Бұл – бір. Екіншіден, міндетті түрде бюджетке салмақ сала бермесе болмай ма? Бәлкім, қаладағы бірден-бір кітапхананы жөндеуге қажетті әрі кеткенде 2-3 млн. теңге қаражатты табуға қала кәсіпкерлері де қол ұшын беріп қалар.

Әзірге құлаған қабырғалар кітапхананың көркін кетіріп қана тұрған жоқ, сонымен бірге, сол проблеманы шешу жолдарын қарастыруға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын да айғақтайтын тәрізді.

Комментарии закрыты.