Қазақ қазаққа жұдырық жұмсамады

20160311-03-1Жақында Қытайда WBK тұжырымы бойынша өткен халықаралық ережесіз жекпе-жектің ақырғы сәтіне қос қазақ шықты. Бірі – Қазақстаннан барған қазақ Айбек Нұрсейіт, ал, екіншісі – қытайлық қазақ Ғабит Турханбек. Мәселе мәреге қос қазақтың шыққандығында емес, басқада. Олар жекпе-жекте бірін-бірі аяп, төбелесе алмады және сол үшін төрешілер қызыл қағазбен екеуін де алаңнан шығарып жіберді.

Әрине, алтын алмақ үшін, атақ иеленбек үшін жан алып, жан беріссе де оларды ешкім кіналай алмас еді. Өйткені, спорттың аты – спорт. Бірақ, дегенмен, атақты да, алтынды да мансұқ етуге тура келетін сәттер болады екен. Айбек пен Ғабиттің әрекеті соны ұқтырды. Ең бастысы олар күллі әлемге қазақ деген халықтың қаншалықты бауырмал екендігін әйгіледі.

Иә, олардың мұнысы жарыс ережесіне сай келмейтін шығар, бірақ бір-біріне қандасым деп елжіреген жүректерінен айналып-ақ кетпейсің бе?!

Біз кейде кейбір халықтарға «ауызбірліктері мықты, бір-бірін қолдап, көмектесіп жүреді» – деп, оларға қызыға қараймыз. Сосын «біздің ешқашан басымыз бірікпейді» деп, өз өзімізді жерден алып, жерге салып жатамыз. Ал, мынау Айбек пен Ғабит қазақтың тектілігін танытты ғой, олардың бауырмалдығы қай-қайсымыздың да қанымызда бар болса керек.

P.S. Әлеуметтік желілердің бірінде сүйсінген бауырларымыздың бірі «Білсін Қазақтың тектілігін! Білсін Қазақтың бауырмалдығын! Білсін Қазақтың жүрегінің тазалығын!» деп желпіне жазған екен. Дұрыс-ақ. Бірақ, ендігі жерде екі батырдың бауырмалдығы екі қазақ кездескен кезде әрқашан ойларына орала кетсе екен. Сонда ғана ұлтымыздың ұйымшылдығы да, бір-біріне деген бауырмалдығы да арта түсер еді.

Комментарии закрыты.