Қос мейрамға арналған дастархан

20160311-12-11 наурыз – Алғыс айту күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамына орай, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалында мерекелік іс-шара өткізілді. Қос мейрамды ұлықтайтын арнайы кешті «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалы ұйымдастырды.

Шараға «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарынан зейнетке шыққан өзге ұлт өкілдері мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен нәзік жандылар шақырылды.

Мерекелік кеште алғаш болып сөз алған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалының төрағасы Өмірбек Сартов барша аналарды көктемнің жайма шуақ күнінде келген қос мерекелерімен құттықтады.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әзизат Қоянбаева қатар келген қос мерекенің маңыздылығына тоқталды.

– Еліміздің жетістігі тек сіздердің арқаларыңыз. Бүгінде нәзік жандылар қоғамның қай саласында болмасын өлшеусіз үлес қосып жатыр. Кешегі қиын-қыстау уақытта тағдыр тәлкегімен келген жандарды құшақ жайып қарсы алғанда аналарымыздың аялы алақаны оларды жұбатқан еді. Еліміздің іргесі ыдырамасын – деген оның сөзі жиналғандардың ақжарма тілектеріне ұласты.

Қаладағы кәріс этно-мәдени тобының жетекшісі Э. Цхай, башқұрт ұлтының қызы Э. Халикова және басқа да ұлт өкілдері сөз сөйлеп, өздерінің қазақ халқына, ер азаматтарға деген жүрекжарды алғыстарын жеткізді.

Іс-шарада әр ұлттың әндері әуелете шырқалып, мереке әрін келтіре түсті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.