Жеткіншектерді сыйлыққа кенелтті

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт күні қарсаңында балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне әдеттегідей ерекше көңіл бөлінді. 26 қараша күні «Бөбек» қайырымдылық қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен мемлекет қамқорлығындағы жеткіншектер құрметіне жер-жерлерде «Ризашылық балалар игілігі үшін» атты қайырымдылық шара ұйымдастырылды. Аталмыш шара аясында көңілдері қаяу бөбектерді қамқорлық пен мейірімділікке бөлеу, көңілдерін көтеріп, қайырымдылық таныту көзделді. Ризашылық пен қамқорлық күні қаламызбен іргелес жатқан Жезқазған кентіндегі «Мерей» балалар үйі мен «Балалық шақ» үйінің жеткіншектеріне ұмытылмас әсер қалдырды. Бұл күні балақайлар түрлі сыйлықтарға ие болып, қамқоршы аға-апаларының мейірімділігін шынайы сезіне алды. М.Құлышева атындағы Балалық шақ үйіндегі мерекелік шара шымылдығын қала әкімінің міндетін атқарушы М.Мәдиева құттықтау сөзімен ашты. – Үкімет басшылығы қашан да қамкөңіл бүлдіршіндерді қамқорлыққа алып, жағдайларын жасауда. Болашағына да бей-жай қарамай, әрбір жастың өмірде өз орнын табуға көмек беруде. Бүгін, міне, алғаш рет Сара апайларыңның бастамасымен ризашылық күні өтіп отыр. Бұл да қамқорлықтың бір көрінісі, – деген Марал Сағынайқызы балақайларды сол қайырымдылықты түсіне біліп, артылған үміттерді ақтауға шақырды. Одан соң М.Мәдиева қала кәсіпкерлері атынан балаларға қомақты базарлық – үй кинотеатрын тапсырды. Құттықтау сөздерін қайырымдылық шарасына арнайы келген мекеме, кәсіпорын басшылары жалғастырды. Қалалық «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаева, қалалық мәслихат депутаты И.Велиев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Т.Қапарова да жеткіншектерді құттықтап, арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етті. Балаларға «Қазақмыс» корпорациясының футбол Академиясы, балалар өнер мектебі атынан да сыйлықтар үлестірілді. Өз кезегінде «Балалық шақ» үйінің басшысы Ф.Ідрісова мейірбан жандарға, қайырымдылық шарасының бастамашысы Сара Алпысқызына қасиетті Құрбан айт қарсаңындағы игілікті істері үшін ризашылығын білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі. Жас жеткіншектер болса, өз өнерлерін ортаға салып, аға-апаларының ыстық ықыласына бөленді. «Мерей» балалар үйіндегі ризашылық пен қамқорлық мерекесі де көтеріңкі көңіл-күйде өтті. Құттықтаушылар да, сыйлық тапсырушылар да аз болмады. Бүлдіршіндерге ізгі тілектерін қалалық мәслихат хатшысы С.Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Б.Ақышбеков, Жезқазған кенті әкімінің орынбасары А.Әбілқасымов, қалалық мешіттің наиб имамы І.Тұрғанов, шіркеу иерейі Евгений жеткізді. Балалар өнер мектебінің шәкірттері мереке ажарын аша түсті. Өнерпаздар бүлдіршіндерге әдемі ән, күмбірлеген күй сыйлап, көңілдерін көтерді. Қалалық мәслихат хатшысы С.Имамбай қала кәсіпкерлері атынан үй кинотеатрын сыйлады. Басқа қонақтар да құралақан келмеген екен. Әрбірі бүлдіршіндерге өз базарлығын табыс етті. Қайырымдылық шарасын қорытындылаған балалар үйінің директоры Б.Мақашева қамқорлық пен мейірімділіктің үлгісін көрсеткен жандарға алғысын білдірді. Қос балалар үйінде қатар өткен ризашылық күні кешке дейін жалғасты. Балақайлардың көңілін аулап, сыйлықпен қуантқысы келген жандар күні бойы келіп жатты. Бүлдіршіндер де қарап қалмай, ізгі ниетпен келген азаматтарға әннен, биден шашу шашты. А.Құлашова. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.