БІЗ БІЛЕТІН «БАЙҚОҢЫР» бұрын космодром болған ба?

Саф алтындай сары мыс, зеңгір көкпен көмкерілген ғарыш кеңістігі — жезқазғандықтар үшін ажырамас егіз ұғымға айналған. Арқаны әлемге әйгілеген мысымызбен мақтанамыз, «Жезқазған — ғарыш айлағы» деп марқаямыз. Өте орынды. Екеуіне де мықты негіз бар. Мысына қатысты әңгімені қоя тұрып, негізгі тақырыбымызды қаужайық.

1970 жылы 24 қыркүйекте «Ай-16» автоматты стансасының қайтқан аппараты Мәскеу уақыты бойынша 8 сағат 26 минутта Жезқазған қаласының оңтүстік-батысына қарай 80 шақырым қашықтыққа қонғандығы туралы ресми хабар таратылды. Ал, 1972 жылы 25 ақпанда Кеңестер Одағының телеграф агенттігі (ТАСС) «Ай-20» автоматты стансасының аппараты Жезқазғанның солтүстік-батысына қарай 40 шақырымға қонғанын мәлімдеді. Сірә, Жезқазған жылнамасының ғарышқа қатысты жаңа беттері сол сәттерден бастап жазылған сыңайлы.

«Байқоңыр», «Жезқазған» деген сөздер түрлі-түрлі тілде әдемнің түкпір-түкпіріне тарап жатты. Ғарыштағы жаңа жетістіктер осы өңірмен байланыстырылып айтыла бастады. Жезқазған облыс болып құрылғаннан кейін жарты жыл өткен соң «Союз-12» ғарыш кемесі Жезқазған жеріне жайлап қонды. Экипаж командирі подполковник В.Г.Лазарев пен бортинженер О.Г.Макаровты жезқазғандықтар қоңыр күзде құшақ жая қарсы алды. Жезқазған қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен оларға «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Есте қалар тағы бір елеулі оқиға сол жылы желтоқсанның аяғында болды. «Союз-13» ғарыш кемесінің командирі майор П.И.Климчук пен бортмеханик В.В.Лебедевті Арқаның ақырған аязында жылы жүзбен күтіп алдық. Ал, келесі жылы маусымда «Союз-14» ғарыш кемесін «Салют-3» ғылыми стансасымен түйістірген П.Р.Попович пен подполковник Ю.П.Артюхиннің аман-есен Жезқазған топырағына табаны тиді. «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атанғандардың қатары тағы екі адаммен толықты. Жалпы «Жезқазғанның Құрметті азаматы» атағы қырық шақты ғарышкерге берілген екен. Оның жетеуі — шетелдік. Атап айтқанда, Йен Зигмунд — Германиядан, Иванов Георгий — Болгариядан, Берталан Фаркаш — Венгриядан, Фам Туан — Вьетнамнан, Арнальдо Томайо — Кубадан, Гуррагча Тугдэрдэмидийн — Монғолиядан, Прунариу Думитру — Румыниядан.

Ғарышты игеру тарихында қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Соның бірі осыдан отыз алты жыл бұрын орын алды. Ғарышкерлер Г.Добровольский, В.Волков және В.Пацаев бұрынғы Жезқазған облысының аумағындағы Шалғия қалашығының қапталында қаза болды. Оларға қойылған ескерткіш белгіні ашуға екі мәрте Кеңес Одағының Батыры А.Губарев Мәскеуден арнайы келді. Сосын Жезқазғанда болып, қалыптасқан дәстүр бойынша Ғарышкерлер бақжолына тал екті. Ғарышкерлер аллеясында Батырлар еккен тал-теректер Жезқазғанның ғарышпен берік байланысының белгісіндей көктемде көктеп, жаздай жайқалып тұрады.

Ғарыштан аман-есен оралғандарды қарсы алуға бірде менің де қатысқаным бар. 1983 жылдың қарашасы еді. Күн бұлыңғыр, сіркіреп салқын жаңбыр жауып тұрған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Жезқазған әуежайына ғарышкерлерді қарсы алуға жиналғандардың көңіл-күйі көтеріңкі еді. Бәріміз елеңдеп тұнжыраған бұлтты аспанға қараймыз. Бір кезде көптен күткен тікұшақтың дыбысы құлаққа жетіп, көп кешікпей өзі де көрінді. Көктен көптен күткен қонағымыз «Союз-9Т» ғарыш кемесінің экипаж командирі В.А.Ляхов пен бортинженер А.П.Александров болатын. Олардың «Салют-7» орбиталық стансасында 150 тәулік зерттеу қызметін атқарып қайтқан беті еді.

Жезқазғанда 1991 жылы 2 қазанда Қазақстанның ғарышкерлік тарихының жаңа бетін ашқан қазақтың перзенті, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те болды. Бүгінде металлургтер қаласындағы Оқушылар сарайы Ұлттық Батырымыздың есімімен аталады. Ғарыш айлағына қазақтың екінші ғарышкер ұлы Талғат Мұсабаев та келіп кетті.
Ғарыш пен Жезқазғанға қатысты көсілтіп көп жазуға болады. Бірақ, бүгінгі әңгімені Жезқазғанның Құрметті азаматтары В.Ляхов пен В.Рюминнің Ғарышкерлер кітабында қалдырған мына лебізімен түйіндей тұрғанды жөн көрдік: «Ғарыштан қайда қонған қолайлы екендігі жақсы көрінеді. Біз Жердің басқа нүктесінен гөрі Жезқазғанды қалаймыз. Туған жерден тысқары ұзақ еңбек вахтасынан кейін оның тартылыс құдіретін түйсіну, Жезқазғанның жалпақ даласының күшті рухын сезіну, жерлестердің жанды жадыратар қонақжайлығын көзге елестету сондай ғанибет».
Енді мақалаға тақырып болған сауалға оралайық. Кейінгі кезде кейбіреулер: «Біз білетін Байқоңыр ешқашан космодром болмаған, аты мемлекеттік құпия үшін қолданылған» деп жүр. Олардың алға тартатыны — қалыптасқан ресми құжаттар. Расында солай ма? Біздің пайымдауымызша, осында басқа гәп бар.

Сонау жетпісінші жылдары бұрынғы Жезді, бүгінгі Ұлытау ауданына қарасты «Байқоңыр» кеңшарының орталығынан батысқа қарай сексен шақырымдай жердегі Ақшал елді-мекенінде өзеннің арғы бетінде аңшылар, бергі бетінде малшылар көрші отыратын. Малшылар бір бөлімшенің шопандары болатын, сол жерде күзем жүн алатын. Ал, аңшылар бірнеше бригаданы біріктірген киік аулаушылар еді. Арнайы техника, қару-жарақпен жасақталған он шақты бригаданың бір шеті Мәскеу мен Ленинградтан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін.

Киік бейберекет атылмайтын. Күндіз тікұшақпен барлау жасалатын, кешкілік аңшылар сол шолғыншылардың бағыт сілтеуімен жолға шығатын. Тамызда киіктің текесін, қыркүйекте ешкісін, қазанда құралайын іріктеп ататын. Таң атқанша бригадалар базаға бірнеше рет қатынайтын. Аңшылар иелігіндегі бір кездегі космодромнан қалған нысандар екенін біз білетінбіз. Жауынгерлер тұрған қос казарма қасапхана болатын. Олардың қасында әрқайсысының сыйымдылығы ондаған тонналық 5-6 тоңазытқыш тұратын. Оларда ет, арнайы қалыптарда қатырылған бүйрек, өкпе-бауыр сақталатын. Сосын аңшылық науқанның қызған кезінде әлгілерді күн құрғатпай ұшақпен әкетіп жататын. Күніне бір емес, бірнеше ұшақ, кейде қос моторлы ауыр салмақтылары келіп қонатын. Әуежай да ғарышкерлерден қалған еді.

Сырт көзге бірден байқала қоймайтын жер астындағы офицерлер үйінде аңшылардың басшылары тұратын. Ал, старт алаңы базадан алты-жеті шақырым аулақта болатын. Жан-жағы үш қабат тікенді сыммен қоршалған, бірнеше күзет мұнарасының орны қалған, аумағы атшаптырым жерді алып жатқан старт алаңын аттырып кеткен. Орнында небір ірі бетондар төңкеріліп жататын, су мен қалың қамыс басқан. Аңшылар сол жерге киіктің ішек-қарны мен терісін төгетін. Білетіндердің айтуынша, алғашқы жасанды жер серіктері осыдан ұшырылған көрінеді. Мәселен, 1958 жылы 18 тамызда «Байқоңыр» космодромынан үшінші жасанды жер серігі ұшырылғандығы жөнінде СОКП Орталық Комитетінің органы — «Правда» газетінде жарияланған ресми хабарда ғылым жетістігінің ғарыштағы туындысын 18 сағат 07 минутта Жезқазғаннан байқауға болатындығы айтылған. Ал, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көк кеңістігіне «Байқоңырдан» көтерілгені тарихи шындық. Одан кейінгілерге қатысты кесіп айту қиын.

Жалпы космодромға байланысты аңызға бергісіз әңгімелер жеткілікті. Бала кезімізде талайын естіп өстік. Соның  көпшілігі «арыстанның апанына кірген із бар да, шыққан із жоқ» дегендей, «Байқоңырға» талай техника барғанын жұрт біледі де, қайтқанын ешкім көрмейді. Тіпті космодромды қашан көшіргенін де ел байқамай қалған. Аудандық мәдениет басқармасында қыз мінезді, иман жүзді Сергей деген киномеханик болды. Сол қиырда құм ішіндегі Құлжанбайға келіп, апталап жатып кино қоятын. Ұмытпасам алпысыншы жылдардың аяғында соны ұстап әкетті. Кейінірек Жезді әуежайының бастығы мен әйелі де тұтқындалғанын естідік. Ел олардың ұсталуын «Байқоңырмен» байланыстырады, «тыңшы екен» дейді.

Әрине, алыпқашты әңгімелердің ақиқатын ашып айту қиын. Біз көргеніміз бен елден естігенімізді ғана тілге тиек еттік. Қалай болағанда да, «Байқоңыр» атауы тарихта космодром ретінде қалды.

Сәбиғат СҰЛТАН.

Комментарии закрыты.