Арулар мен аналар айрықша ардақталды

Құс қанатына ілесіп жететін гүл көктемнің алғашқы мейрамы – 8 наурыз мерекесі биыл қаламызда шын мәнінде айрықша жағдайда аталып өтті. Жылдағы таптауырын болған жаттанды жолдан күрт бұрылған мәдени-сауық орталығының мамандары мен өнерпаздары аналар мен аруларға шынайы қуаныш сыйлай білді…

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиын сарайдың диско залынан басталды. Мұнда «Имидж» тобының мүшелері салтанат қонақтарын гүл шоқтарымен қарсы алса, залда оларды «Сазды әуен» шығармашылық бірлестігінің жүргізуші қыз-жігіттері қарсы алып, әсем әнмен тербеді.

20160311-01-1

Салтанатты жиынның ресми бөлімінің өзі ерекше жағдайда өтті. Қала әкімі Асқар Ыдырысов облыс орталығында іссапарда жүруіне байланысты аналар мен аруларды, қоғамның әртүрлі саласында тер төгіп, елдің өркендеуіне үлестерін қосып жүрген қыз-келіншектерді экран арқылы құттықтады. Мерекенің көктемде тойлануының да тамаша бір символдық сипаты бар. «Көктем мен әйел әлемдегі жаңаруды айқындайды» деп сөзін бастаған Асқар Абылайұлы бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген ана-әйелдерге қандай құрмет көрсетілсе де артық емес екендігін тебірене тұрып жеткізді.

Қала басшысының құттықтауынан кейін қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай Қазақстан Рес-публикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Алтынай Жанғасқановаға «Алтын алқа», Ақмарал Әлменова, Жансая Жолдасбаева, Ләззат Шотыбасова, Айнура Ниязалиеваға «Күміс алқа» белгілерін салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатта сондай-ақ, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан, жаңа Қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек, шығармашылық үлестері үшін бір топ қыз-келіншектер облыс әкімі мен қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Аналар мен арулар мерекесіне арналған салтанаттың соңы мерекелік концертке ұласты. Бұл бағдарлама да өзіндік ерекшеліктерімен дараланды. Мәселен, Алғыс Урманов шырқаған романс нәзік жандыларға жасалған әдемі ән-сыйлық болды. Сондай-ақ, әншілердің сахнаға отбасылық жұптарымен шығуының өзі биылғы бағдарламаның бір ерекшелігі болды.

Мерекелік салтанаттың сәнін келтірген тағы бір сәт №1 «Ертегі» бөбекжай-балабақшасы бүлдіршіндерінің аналарды құттықтауы болды. Балғын бөбектердің тәтті қылықтары мен бал тілі баршаның жүрек қылын шерте алды.

Жалпы, көктемнің өзін көктем еткен арулар мен аналардың төл мерекесі жоғары деңгейде өтті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.