Құрылыс саласының майталманы

20160318-06-01Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Сәбит Бурабаев – «Атасы топқа түспеген, анасы жібек кимеген» әлдебіреу емес, әу баста Алла кие дарытқан аруақты әулеттен шыққан азамат. Арғы ата-бабалары Бағаналының Жырық руынан тарайтын, кезінде қазақ халқының қамын жеп, ұлт тағдырына араласқан – Төлек, Сандыбай, Ерден сынды тарихи тұлғалар. Сәкеңнің өз әкелері Бурабай мен оның ұлы Әбдіқамал да өз заманында ортасына белгілі, беделді болған кісілер…

«Әкеге тартып туса игі, әке жолын қуса игі», дейді қазақ ұрпағы өмірге келгенде. Сәбит ағаның әкесі Әбдіқамал ақсақал да баласының адал, еңбекқор болып өсуін қадағалады. Соған сай тәрбиеледі. Өзі кешегі ел басына күн туған шақта елмен бірге майданға аттанып, оқ пен оттың ортасынан аман оралған майдангер еді. Бейбіт заманда ұзақ жылдар өндіріс саласында еңбек етті. Қазақтың бір туар тұлғасы, академик Қаныш Сәтбаевпен бірге Жыланды, Жартас бойын шарлап кен іздеді. Осы Сәбиті әпіл-тәпіл басып жүргенде Қаныш оны алдына алып отырып еркелететін.

Әбдіқамал әкей шахтаға түсіп, шыңыраудан кен де шығарып, тер төкті. Комбинатта басшылық қызметті де атқарды. Ешкімнің табасына қалып, ешкімнің ақысын жемеді. Балаларына да соны үйретіп, санасына сіңіре алды.

Ел мен жерге еңбек сіңіріп келе жатқан әулеттің бүгінгі өкілі Сәбит те әке өсиетін мінсіз орындап, аманатын адал атқара білді. Жастайынан турашыл, ісіне мығым ол әке атына кір келтірмеді. Кішкентайынан қайсар, алған бетінен қайтпайтын мінезін байқаған әкесі Әбдіқамал Сәбиттен үлкен үміт күтетін.

Ол кезде заман ағымы солай болды ма, әлде ата-аналардың санасында «орысшасы жоқ баланың келешегі де бұлыңғыр» деген ой басым болды ма, ертең ер жеткенде қиналмасын деп балаларын орысша оқытатын. Үшінші сыныпта оқып жүрген Сәбитті де әкесі №3 орта мектептің орыс тілді сыныбына ауыстырды. Әліпбиді қазақша таныған балаға бұл оңай соққан жоқ. Қатты қиналды. Өзге балалардай емес, кібіртіктеп тұрғанды өзіне мін санаған Сәбит оқуды игеріп әкетуге бар күшін салды. Үшінші тоқсанда-ақ ол «мен» деген оқушылармен білім таластыра алды. Ұлының бойынан осындай зеректікті, талпынысты байқаған әке оның түбі бір жерден тесіп шығарына сенімді болды.

1973 жылы орта мектепті бітірген Сәбит замандастарымен бірге арман қуып Қарағандыға оқуға келді. Еш ойланбастан құжаттарын Қарағанды политехникалық институтының құрылыс саласына тапсырды. Бұл оның бала жастан арманы еді десе болады. Ол кезде Сәтбаевта заманауи үйлер некен-саяқ еді, дені екі қабатты ағаш үйлер. Осыларды көргенде бала Сәбит туған қаласын түлетіп, түрлі ғимараттармен түрлендірсем дейтін.

Кеңестік заманның жазыл­маған заңдары көп болды ғой. Соның бірі – жоғары оқу орнын бітірген жас маман міндетті түрде жолдамамен өзге аймаққа барып жұмыс істеуі керек. Сәбит те дипломын қолына алсымен Арқалық қаласынан бірақ шықты. Бұл 1978 жыл болатын. Ол кезде Арқалық енді-енді қалыптаса бастаған жас қала, жаңа облыс орталығы болатын. Өндірісі өрге басып, елді алюминиймен қамтамасыз етіп отырған қаланың «Торғай­алюминстрой» мекемесіне құ­­рылысшы-инженер ма­ман­­дығымен келген жас маман­ды мұндағылар құшақ жая қарсы алды. Айналасы екі жылда Сәбит Арқалық қаласындағы көптеген әлеу­меттік нысандардың құры­лысына қатысты. Ал, 1980 жылы оны Жезқазғандағы «Казмедьстрой» тресі жұмысқа шақырды. Осылайша ол туған топыраққа қайта оралды.

Елге оралған Сәкең өзінің бала жастағы арманын жүзеге асыра бастады. Бүгінде ел ауызекі «ленинградский» атап кеткен 7-шағын аудандағы тұрғын үйлердің көбі осы Сәбиттің қолымен салынды. №67 шахтаның қосалқы құрылымдарының, №3 Сәтбаев байыту фабрикасының құ­ры­лысында, кеніштердегі желдеткіш шахталардың құ­­рылыстарында да Сәбит Бурабевтың қолтаңбалары бар.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін «аға халықтың» қазақтарға деген көзқарасы қиғаш болғаны жасырын емес. Мұны ашық білдірмесе де қызмет бабында, жұмыс барысында сездіріп қоятын. Осындай алмағайып тұста Сәбит Әбдіқамалұлы орыстар мол шоғырланған Қарағанды қаласындағы «Карагандаугольстрой» мекемесіне жұмысқа келген еді. Мұндағы құрылыс бригадирлерінің бәрі орыс екен. Жоғары білімі бар, іс жүзінде тәжірибесі мол, талай құрылыс жұмыстарында шыңдалған жас жігітті трест басшылары бригадирлікке қойды. Өзгелерге бұл ұнай қоймағаны анық еді. Сол жердің өзінде ұзақ жыл құрылыс саласында жүрген өздерін мықты санайтын жандар жоқ емес. Неге солар бригадир болмасқа деген қарсылықтар ашық айтылды да.

Сәбит бригадирлікке кіріскен күннен бастап-ақ өзінің оңай шағыла салатын жаңғақ емес екенін көрсетті. Құрылыс жұмыстарында кездесетін кемшіліктер мен кейбір шала сауатты прорабтардың теріс істерін бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын. Тіпті басшылардың белден баспақ болған әрекеттерін де тойтарып тастайтын жас жігіттің тура жолдан таймайтын қайсарлығы, бірбеткейлігі бригададағы жігіттерге ұнап қалды. Бұрынғы бригадирлер басшылардың ығына жығылып, қоғадай жапырыла беруші еді. Сәбит ондай болмай шықты. Соның нәтижесінде олар салған кез келген нысанның құрылысы сапалы болып, комиссиядан еш кедергісіз өтетін. Жұмыс барысында Сәбит жігіттеріне «Сендердің бақылаушыларың – жүрегің, өзіңнің кәсіби білігің және ар-ожданың. Осыны берік ұстансаңдар істеріңді ешкандай мемкомиссия жоққа шығара алмайды» деп айтып отырды.

Ел астанасы Ақмолаға көшіріліп, қарқынды құры­лыстар жүре бастағанда елдегі білікті құрылысшылар сонда шоғырлана бастады. Сәбит Бурабаев та көппен бірге жаңа астананың құрылыс алаңына келді. Осында он жыл табан аудармай еңбек етті. Астана қаласындағы заманауи үлгідегі зәулім ғимараттардың құрылыстарын салуға қатысты.

«Сүйген істің сүйініші көп» дейді дана халқымыз. Өзге жылдарды айтпағанда Сәкеңнің Астана қаласындағы он жылғы еңбегі өзінің оң бағасын алды. Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының Құрмет грамотасы, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының төрағасы Асқар Маминнің Алғыс хаты – соның айғағы. Құрмет грамотасы көп жылдық жемісті және адал еңбегі үшін берілсе, Алғыс хаты «Жетіген-Қорғас – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы» жаңа темір жол желісінің бірінші іске қосу кешенін пайдалануға беруде қосқан сүбелі үлесі үшін берілді.

Бүгінде Сәбит Бурабаев «Сарыжайлау» құрылыс компаниясында жемісті еңбек етуде. Аталмыш фирма – Астана қаласында, Есілдің сол жағасындағы құрылыстардың үштен бірін салған іргелі фирма. Негізінен жаңадан салынатын құрылыстар үшін инженерлік желілер тартуға негізделген фирма ғимараттар құрылысымен де айналысып, елге танымал болған.

«Сарыжайлау» фир­ма­сы­ның бір филиалы қазір кеншілер қаласында жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің бірін алып, құрылысын сапалы жүргізуде. Бұл 3 подъезді, 30 пәтерлі, 5 қабатты тұрғын үй. Сәбит Әбді­қамалұлының айтуынша, бұл үйлер елімізде тұңғыш рет салынып жатқан ғимарат. Негізінен Франция жағынан келген екен. Сонау 60-70 жылдары сол жақтарда салыныпты. Кейін жобаны Мәскеу облысы алып пайдаланған. Енді міне, шет елдік үлгідегі тұрғын үйлер біздің қаламызда да бой көтере бастады. Келешекте мұндай үйлердің қатары көбейе түсетін болады.

Осындай үлкен құры­лыстардың басында Сәбит Бурабаев сынды білікті құрылысшылар жүр. Ендеше тұрғын үйлердің де тұғыры мықты болары анық. Өйткені, ешкімнің арбауына түспейтін, тура жолдан таймайтын іскер азаматтар бар жерде құрылыстың сапасы да стандартқа сай болмақ.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

P.S. Айтпақшы, үсті­міздегі жылдың 22 нау­рызында Сәбит Әбді­қамалұлы асқаралы 60 жасқа толғалы отыр. Осы алпыстың қырықтан астамын құрылыс саласына жұмсаған абзал азаматқа Ұлыстың Ұлы күнімен тұспа-тұс келген туған күніңіз құтты болсын дейміз.

Комментарии закрыты.