Халық өз таңдауын жасады…

20160325-04-1Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға кеншілер қаласының жұртшылығы да белсене қатысты. Қаладағы сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеді. Қала әкімі Асқар Ыдырысов та №520 сайлау учаскесінде дауыс берді…

Ағымдағы жылдың 20-наурызында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 20 қаңтардағы «Бесінші шақырылған Қа­зақ­стан Республикасы Парла­ментінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгілеу туралы» Жарлығына сәйкес, республиканың барлық өңірінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, сондай-ақ, жергілікті мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы өткiзiлдi.

Саяси науқанға республика көлемінен 7 млн 500 мың адам қатысып, өз таңдауларын жасады.

Осы күні жергілікті сағат таңғы 7:00-де басталған науқанға сәтбаевтықтар да біркісідей атсалысты. Біз алғаш болып бас сұққан №27 орта мектепте орналасқан №512 сайлау учаскесінде таң алакеуімнен дауыс берушілердің қатары қалың болды. Бұл сайлау учаскесіне тіркелген 1484 дауыс берушінің 25-і үйден саяси науқанға қолдау білдірсе, 5-і 18 жасқа толып, алғаш дауыс беруге келді.

Өзі қалаған партияға, облыстық және қалалық мәс­лихат депутаттарына қол­дау білдіруге бірінші болып келген Арыстанбек Әбдіровке учаске төрағасы Замзагүл Қиянова сый-сияпатын тапсырып, сая­си науқанда азаматтық ұстанымын танытқаны үшін алғысын білдірді.

Он сегіз жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болған Қарағанды политехникалық университетінің студенті Жандәулет Сағиев (ортаңғы суретте) №3 орта мектепте орналасқан №508 сайлау учаскесіне келіп, ма­ңызды шараға үлесін қосты.

– Ең алдымен, дауыс беру мен үшін зор мақтаныш. Себебі, өз болашағым үшін, өз елім үшін дауыс бердім. Біздің Қазақстанымызда жастарға білім алып, қызмет жасауға барлық мүмкіндіктер бар. Жаңа сайланған депутаттарымыз жаңа идеялар әкеліп, тың жобаларды іске асырады деп сенемін, – дейді Ж.Сағиев.

Саяси таңдау жасаған азаматқа учаске төрағасы Шолпан Адамьянова алғысын білдіріп, сыйлық тапсырды.

Шаһар басшысы Ас­қар Ыды­рысов та қалың көп­шілікпен бірге №16 орта мектептегі №520 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Қайрат Смаиловтың жетекшілігімен бұл науқанды да сәтті өткізген сайлау учаскесінде 2086 азамат дауыс беру құқығын пайдаланып,таңдауларын жасады.

Аталған үш учаскеде де қоғамдық бақылаушылар сайлаудың жүру барысын жіті қадағалап отырды.

Жалпы қала бойынша сайлаушылар тізіміне 42708 адам енгізілген. Оның 35081-і дауыс беруге қатысқан. Сәтбаев қалалық мәслихатының 13 округі бойынша 39 үміткер ұсынылса, оның 13-і қалалық мәслихат депутаттығына өтті.

Халық сенім артқан ел қалаулылары енді үміт үддесінен шығады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.