Жаңару мен жаңғыру…

Биыл ел Тәуелсіздігіне — ширек ғасыр. Тарихи тұрғыдан тұспалдасақ — қас-қағым сәт, барымызды безбендесек — біраз істің басы қайтарылғанын байқаймыз. Соның бірпарасы — халық қайта қауышқан ұлттық құндылықтар. Ұлық мереке — әз-Наурыз — бәрінің басында тұр.

Наурызды мерекелеуге ресми түрде тыйым салынуын Алашорда өкіметінің ұлттық құндылықтарды қолға алуымен байланыстырады. Бірақ, халық Наурызды тойлауды тоқтатқан емес. Ауыл-ауылда үй-үйді аралап «наурызкөже» ішу үрдісі күні кешегідей көз алдымызда. Ал, ұстанымы шатқаяқтаған тұста бұқараның тегеуірініне кеңес билігі қарсы тұра алмады. Сөйтіп, 1926 жылы тыйым салынған Наурызды ресми түрде тойлау 1988 жылы қайта жалғасты.

20160325-05-1

Бір «әттеген-ай!» дейтініміз, ұлттық құндылыққа сұрапыл сұраныс туындаған сол тұста әз-Наурызды «этнографиялық тойға» айналдырып алдық. Негізі Наурызда ұлттық әдет-ғұрып пен мерекенің ерекше белгісі қатар жүреді. Оның өзіндік тарихы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аңызы, ерекше белгілері мен безендіру бедері бар. Бұл, енді, жеке әңгімеге жүк болатын тақырып. Біздікі — ел тәуелсіздігінің бір белесінде тұрып қысқаша безбендеген түр.

Биылғы жаңару мен жаңғыру мерекесі кеншілер мекеніне әдеттегідей сән-салтанаты мен шадыман-шаттығын ала келді, құтты қонысты қуанышқа кенелтті. Қала кәсіпорындары мен мекемелері алғашқы академик даңғылының бойындағы орталық алаңнан абыз ақын көшесінің қиылысына дейін ақшаңқан киіз үйлер тігіп тастады. Көркемөнерпаздардың дүйсенбінің кешінде Кеншілер алаңында қойған концертімен мереке қызығы басталды.

Бір-екі күн күрең қабақ танытқан ауа-райының тура мерекеде шайдай ашылып, нұрлы шуақтың молынан төгілгенін бір-бірін жылы шыраймен құттықтап, тамаша тілек айтып, төс түйістірген тойшыл қауым жақсылыққа жорып жатты. «Наурызкөже» ішіп, палау жеп, қалалық білім бөлімінің қыз-келіншектері таратқан ыстық бауырсақтан дәм ауызтиген жамиғат ойын-сауық ресми ашылғанша-ақ бір жырғады. «Лайықты еңбек» фирмасы қырық шақты мүгедек балаға дастархан жайды. Үйінен шыға алмайтын елуден астам мүгедек бала демеушілерден сый-сияпат алды.

Түске таман той қызығы орталық алаңдағы сахнаға қарай ойысты. Сап түзеген шерушілердің соңғы шоғыры жеткенде ортаға шыққан салт атты үш жігіт «Жарапазанды» бастап жіберді. Бірден айтайық, Ұлыстың ұлы күніне бағышталған бұл театрландырылған қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Кеншілер қаласында қандай өнерлі өрендер бар екендігін тағы бір дәлелдеді. Мазмұны мен мағынасы, қойылымға қатысушылардың ынта-ықыласы мен таным-талғамы тығыз қабысып жатты. Ұлттық рухты оятатын ұтқыр қойылым!

Әз-Наурыздың мән-мағынасы мен қоғамда алатын орнына жан-жақты тоқталған жарапазаншы жігіттердің жақсы жоралғысын «жасанды жауқазынның» ішінен шыққан талантты әнші Ақмоншақ Махамбет «Наурыз-думан» әнімен жалғастырып, «Нұр-шашу» және «Импульс» би топтары әрлендіре түсті. «Кеншілер сазы» халық аспаптар оркестрі орындаған «Наурыз» күйі көрерменнің делебесін қоздырып, ақ жаулықты әжелер шашқан шашудың шырайын шығарды.

Қошеметшіл қауымды қала әкімі Асқар Ыдырысов қызу құттықтады. «Нұрлы шуағымен тіршілікке нәр беріп, сұлу шырайымен адам жанын баурап, ізгілік пен шапағат, мейірім мен махаббат дәнін сеуіп көктемнің көркем мерекесі әз-Наурыз келді. Бұл — адамдар арасында бауырмалдық, татулық, достық сезімдер селкеусіз салтанат құратын күн. Кірбіңсіз ақ көңілмен қол алысып, төс түйістіріп, өкпе-ренішті ұмытып, бір-бірімізге ең ізгі тілегімізді арнаймыз.

Наурыз мейрамы қазақ халқының бай ұлттық мұрасын паш етеді, басқа ұлт өкілдерімен бөлісуге жол ашады. Сондықтан, шын мәніндегі жалпыхалықтық сипаты бар бұл мерекені бір отбасындай бірігіп тойлау игі дәстүрге айналған. Әз-Наурыздың шапағаты әр үйге бақ-береке, ырыс-ынтымақ болып енсін! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деді ол риясыз көңілмен.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен өндірісі кешенінің бас директоры Саят Бәкіров ағынан ақтарылып, ерлікке тең еңбегі үшін кеншілер қауымына алғыс айтты. Ұлыстың ұлы күні ырыс-ынтымақ, «берік төбе», жазатайым жағдайсыз жемісті жұмыс тіледі. Жер қойнауының байлығын ел игілігіне айналдырған олардың алар асуы алда екендігіне берік сенім білдірді. Жаңа жылда жаңа жетістікке бірге жетуге шақырды.

Мереке қызығы салтанатты сахнадағы керемет көрініс сәтімен жалғасты. Екі «ауылға» бөлінген, қос «ақсақал» бас болған қала өнерпаздары ұлттық мейрамның мерейін шығаратын өнегелі жағын жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды. Театрландырылған көріністің соңы үлкен концертке ұласты. Қазақтың ұлттық қолөнерінің төл туындылары қойылған көрмені тамашалаушылар да көп болды. Ұлттық спорт жарыстары өз жанкүйерлерінің делебесін қоздырды…

Наурыз тойы шеңберінде «Үздік киіз үй» байқауы өткізіліп, арнайы комиссия оның қорытындысын шығарды. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелер тіккен киіз үйлердің ішінде Бас жүлде №16 мектептің еншісіне бұйырса, I орынды Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің, ІІ орынды – «Достойный труд» кәсіподақ ұйымының, ІІІ орынды Мәдени-сауық орталығының киіз үйлері өзара бөлісті.

Ал, «Қазақмыс» корпора­циясының құрылым­дары тіккен киіз үйлердің ішінен Бас жүлдені Шығыс Жезқазған кеніші жеңіп алды, оларға 200 мың теңге ақшалай сыйақы берілді. Сондай-ақ, І орын мен 150 мың теңге сыйақы Оңтүстік Жезқазған кенішіне бұйырса, Жомарт кеніші мен Жезқазғаншахтапроходкалау тресі 80 мың теңге мен ІІ орынды өзара бөлісті. ІІІ орынды Солтүстік Жезқазған кеніші тіккен киіз үй алды. Оларға 50 мың теңге сыйақы берілді.

Жүлделер мен сыйақыны «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен өндірісі кешенінің бас директоры Саят Бәкіров пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік-еңбек қатынастары басқар­масының басшысы Тоғызбай Тәжбенов табыс етті.

Әлібек Әбдіраш. Суреттерді түсірген Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.