Үлгілі ана, бақытты әже Зейнеп АХМЕТОВА:

– Қазір менің көңіліме томпақ келетін нәрсе – кәрісі бар, жасы бар, арығы бар, семізі бар барлық әйелдер түгелімен тіпті, қаланы былай қойғанда, ауылдың әйелдері де шалбарланып бітті. Әрине, талғамға талас жоқ. Мен ешкімге өз ойымды тықпалайын деп отырған жоқпын. Тек өзімнің көзқарасымды, өзімнің пайымдауымды ғана білдіріп отырмын. Қабылдау, қабылдамау әркімнің өз еркі. Көшеде келе жатқан он әйелдің біреуінде ғана көйлек, тоғызында шалбар. Сенбесеңіз, санап көріңіз. Сонда ойлаймын, апырмау, әйелдер неге бір сәт айнаға қарамайды екен. Мода деген менің түсінігімде сенің ажарыңды ашатын, сені әдемі қылып көрсететін, бойыңа жарасатын киім. Біреуге жарасқан біреуге жараспайды ғой. «Әркімнің өзіне арнап пішкен үлгісі бар, ол біреуге тар келеді, біреуге кең келеді» деген сөз бар.

Сол сияқты кіндігін шошайтып қыздар келе жатады, кейбіреуі тіпті ап-арық, қарындары ішіне қабысып қалған, кейбіреулерінің қарыны қабат-қабат. Әлгілерге қарасаң Құдай өзі кешірсін, біртүрлі жүрегің айниды. Өзгені былай қойғанда, сол кіндігін көрсетіп жүрген қыздардың ертең ана болып, ұрпақ сүйем деген үміттері бар ғой. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұхиттың арғы жағындағыларға жарасқан бізге жарасып тұр ма? Иығына қонып тұр ма? Ең жаманы сол – жарасып тұр ма, жараспай тұр ма, онымен ешкім санаспайды. Өзгені былай қойғанда асқа, өлімге солай киініп барады ғой. Неткен күнә. Бұл әруақты сыйламау…

Комментарии закрыты.