«ИННОВАЦИЯ» КЕЛІН

Ғаламтордан Мәулен Құдайқұлов деген зейнеткер ағамыздың мына бір жазбасын оқыдым. Мақаланы қаз қалпында сіздердің де назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім…

Соңғы кездері заман өз­герістеріне қарай адам­дардың мінез-құлқы мен тұрмыс-тіршілігі де көп өзгеріп кетті. Әрине, оның жақсы жақтары да, жаман жақтары да байқалып қалып жүр. Мына жағдайды соның алдың­ғысына жатқызуға болатын секілді.

Ауылдағы Айтбай шалдың үйіне шетелдік есімі бар Инна деген келін түсті. Рең-басы әдемі, киім киісі де келісті жас келінге көрші-қолаң бірден бауыр басып кетті. Келе-келе олардың жақсы көргендері соншалық, бәрі де сүйсіне сәлемдесетін болды. Дегенмен, көп ұзамай Инна келін «күрт өзгере» бастады.

Алдымен ас ішетін бөл­медегі үстелдің үстіндегі боз­ғылт жапқышты ақ түсті ұлттық ою-өрнегі бар дастар­ханмен жаңартты. Сосын «Ішіндегі шәй тез суып қал­мас үшін әрі ұстауға қолайлы болуы үшін шәйді бүгін­нен бастап сәнді гүлмен өрнектелген, сынбайтын мөлдір шыны кружкамен ішеміз, апа!» — деді күлім­сіреген Инна енесіне таңғы шәйді ұсынып жатып. Оны құптаған күйеуі де «Пиала деген ескіден қалған ыдыс қой, мына жаңалықтар заманында ыдыс-аяқтың жаңарып тұр­ғаны жөн шығар?..» деп келіншегіне қарап қойды.

Ал, жас келін осыдан кейін «шәйді тым болмаса, күніне бір рет лимонмен ішкен пайдалы. Өйткені, лимонда С, Е дәрумені көп, ол, әсіресе, ата мен апаның иммунитетін жақсартады», – деп кешкі шәйді күнде­гідей емес, лимонмен берді. Сосын тағы «Бұл Еуропада қалыптасқан сусын» деп қосып қойды дәрігер болып жұмыс істейтін Инна келін.

Ал, келесі бір демалыс күні түскі тамаққа қызыл­ балықты сорпасымен ұсынып жатып, «жұмасына бір-екі рет балық жеп тұру керек. Ол жүрекке, қан қысы­мына және кәрілікке қарсы өте пайдалы тағам» деп қойды.

Міне, осындай тың жаңа­лықтары үшін Инна келін ауыл-аймақта «инновация келін» атанып кетті. Өйт­кені, ол осылай «инновациялық» іс-әрекетін алдымен өз үйінен бастап, артынан бүкіл ел-жұртқа атын шыға­рып еді…

P.S: Былай қарағанда «күн­делікті күйбең тіршілік қой, оның несі ерекше» деуіңіз мүмкін. Десек те, қабағы келіспей жүретін келіндерге қарағанда, біздің қазақтың осындай «ин­новация келіндері» көбейе берсін дегің келеді.

Комментарии закрыты.