Көрсеткішті арттыруды тапсырды

Сейсенбі күні жұмыс бабымен арнайы Жезқазған аймағына келген Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен №16 орта мектепте ұлттық бірыңғай тестке дайындық мәселелері бойынша аймақтық семинар өтті.

Семинар жұмысына Ұлы­тау ауданы мен Сәтбаев қалалық білім бөлімінің және білім ошақтарының басшылары қатысты.

Алқалы жиынның күн тәртібінде ҰБТ-ға дайындық мәселелері, білім жүйесінің дамуы сөз болды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова оқу­шылардың ҰБТ-ға дайын­дық деңгейі туралы баяндама жасады.

Шынар Қаппасқызы өз сөзінде білім бөлімінің, мектептердің бар жұмысы білім сапасын көтеруге бағытталғанын, қазіргі кезде бірыңғай ұлттық тестілеуге аса басымдық беріліп отырғандығын жеткізді.

– Қалалық білім бөлімі мен жалпы білім беретін мектептер арасында жасалған ҰБТ қорытындылары туралы меморандум жасалған. Бұл құжатта әр мектептің педагогикалық ұжымының ҰБТ-дағы индикаторларын нақты белгілеу көзделген.

Облыстық білім басқармасы біздің алдымызға ауқымды мақсат қойып отыр. Биылғы жылғы білім сынағында орташа балды сексен пайызға жеткізуді жоспарлаудамыз. Демек, былтырғы жылдың қорытындысынан 3,4 балға арттыру межеленуде, – деді Ш.Жанасылова.

Асхат Қанатұлы биылғы жылдан бастап білім сынағында бірқатар өзгерістердің орын алғандығын жеткізе келіп, ҰБТ-ға талаптың жоғары екенін ескертті.

– Өздеріңіз жақсы біле­сіздер, биылғы жылдан бастап жас түлектерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға рұқсат берілді. Алайда, бұл білім сапасын жақсартады деген сөз емес. Біздің алдымызда маңызды сынақ тұр. Енді екі айдан соң өтетін сынаққа әрбір мұғалім ерекше мән бере қарауы қажет. Атқарылып жатқан істердің жемісі көрінетін бұл сынақта сәтбаевтық түлектер сүрінбеуі тиіс, – деді басқарма басшысы.

Семинарда А.Айма­ғам­бетов әрбір білім ошағының басшыларынан дайындық жүргізу барысын сұрап, пәндер бойынша көрсеткіштерді жақсартуды тапсырды.

Биылғы жылы ҰБТ-ға қатысып, білім бәйгесінде бақ сынауға 24 наурыздағы мәлімет бойынша, 176 түлек өтініш берген. Оның үшеуі «Алтын белгіге», сегізі ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер.

Комментарии закрыты.