Депутаттар жұмысына кірісті

20160401-02-2Дүйсенбіде қала әкімдігінің мәжіліс залында VІ шақырылған қалалық мәслихаттың І сессиясы өтті. Сессия жұмысына Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов пен оның орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Сессия жұмысын қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Нина Геймбух ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде сайлаудың заң аясында әділ өтуі мақсатында барлық сайлау учаскелерін техникалық құралдармен және байланыспен қамтамасыз етуге ықпал жасағаны үшін Сәтбаев қаласы әкіміне және қала әкімі аппарат қызметкерлеріне алғыс білдіріп, жұртшылықты қалалық сайлаудың қорытындысымен таныстырды.

Сессияның жұмыс барысында қалалық мәслихаттың жаңадан сайланған 13 депутатына депутаттық куәлік пен төсбелгі салтанатты түрде табыс етілді. Бұдан әрі депутаттар өз жұмыстарына кірісіп, Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысын сайлады. Депутаттардың құзырына №7 сайлау округінің депутаты Татьяна Хмилярчуктің кандидатурасын ұсынды. Депутаттардың ашық түрде бірауыздан берген дауысының нәтижесінде Т.Хмилярчук қалалық мәслихаттың хатшысы болып қайта сайланды.

Бұдан кейін мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен «Нұр Отан» партиясының фракциясы құрылып, олардың төрағалары сайланып, құрамы бекітілді.

Сессия отырысында қала әкімі Асқар Ыдырысов қалалық мәслихаттың алтыншы шақырылған депутаттарын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, алдағы істеріне табыс тіледі.

– Сіздер халықтың сеніміне ие болып, жұмысқа кірісіп жатырсыздар. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, оның бер жағында, яғни 1 қаңтардан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы қаламызда нақты түрде іске асырыла бастады. Елбасы қойған тапсырмаларды орындау мақсатында біз сіздермен бірге қоян-қолтық жұмыс жасайтын боламыз, – деді Асқар Абылайұлы.

Алғашқы сессияда депутаттар қалалық мәслихаттың ІІ сессиясының күн тәртібін бекітіп, төрағасын сайлады. Сессия төрағасы болып депутат Жақия Күнеділов сайланды.

Комментарии закрыты.