Талқыға түскен мәселелер

Әкімдіктің кезекті отырысында қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты бірнеше сұрақтар қаралды. Әкімдік отырысын қала әкімі С.Т.Медебаев жүргізіп отырды.

Әкімдік мүшелерінің талқысынан өткеннен кейін Жезқазған кенті әкімдігінің автокөлігі «Сәт Сәулет» АҚ-на берілсе, қаланың «Айнакөл» жасанды су қоймасы қалалық деңгейден облыстық коммуналдық меншікке берілді. Енді оны қалыпқа келтіретін «Қарағанды су қоймалары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болады. Қала әкімі «Айнакөлдің» қала тұрғындары үшін маңыздылығын айта келе, оның хал-ахуалын қажетті жағдайда сақтап отыруды қадағалау керектігін де еске салды.

Әкімдік отырысында жер телімдерін жеке меншікке беру жөнінде бірнеше шешім қабылданды. Сонымен бірге, жаңа мешітке қарсы жерде автокөлік жуу нысанын орналастыру жөніндегі жеке меншік иесінің өтініші қаралды.  Бұл нысанның қаланың ортасында қажеттігі бар ма және ол қала сәулетімен ұштаса ма деген күмәндар болғандықтан, бұл мәселені шешу кейінге қалдырылды. Қала әкімі оны ой елегінен өткізіп, заңға сәйкестендіріп, сосын шешім қабылдау керектігін айтты.

Сонымен бірге, отырыста кәмелетке толмағандардың қамқоршылары мен қорғаншыларын тағайындау қаралып, ауылдық аймақтарға жұмыс істеу үшін және тұрақты тұруға келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету іс-шараларының мемлекеттік қызмет көрсету регламенті бекітілді.

М.Әбішев.

Комментарии закрыты.