Өрендердің өнерін өрге жүздірген

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қалалық білім бөлімі мен Оқушылар сарайы «Сарыарқа болашағы» атты қалалық өнер фестивалін ұйымдастырды. Эстрадалық ән салу, ансамбльдік орындау және ұлттық аспаптарда ойнау, би, бейнелеу және қолөнері номинациялары бойынша өткен фестиваль үздік шыққандарға облыстық байқауға жолдама берді.

Қатысушылар екі күн бойы әсем ән әуелетіп, күмбірлетіп күй төгіп, қолөнерден шеберліктерін байқатты.

20160401-12-3

Фестивальдің эстрадалық ән салу номинациясы бойынша І-ші орынды №16 орта мектептің оқушысы Асылхан Ибадулла мен С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Анита Гатиятова жеңіп алды.

Жүлделі екінші орынды №27 орта мектеп оқушысы Диас Қадірсіз бен №7 орта мектептің оқушысы Ақмаржан Рақымова өзара бөлісті. №27 орта мекептің оқушысы Әрсен Нұртазин мен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Айымжан Әжмағанбетова ІІІ орынды місе тұтты.

Ансамбльдік орындау шеберліктерін таныта білген №1 мектеп-гимназияның оқушылары Дильназ Жетпісқызы мен Толғанай Сапарбектің дуэті екінші орын иегері атанса, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушыларынан құралған «Самға» тобы бірінші орынның тұғырына көтеріліп, облыстық байқауға жолдама алды.

Сонымен қатар, би, күй, қолөнер, бейнелеу өнерлері бойынша да жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.