Жартығасырлық мерейтой

Кенді өлкеде шахта құрылысын жүргізу мақсатында 1966 жылдың 30-шы наурызында ҚазКСР Кеңесі Министрлігінің қаулысымен Жезқазған шахтапроходкалау тресі құрылды. Трестің қалыптасу, даму жолында еңбек еткен тау тұлғаның бірі және бірегейі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Ғазиз Омаровтың атымен аталатын трест ұжымы сәрсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жартығасырлық мерейтойын сән-салтанатымен атап өтті.

20160401-01-1

Айтулы шараның шымылдығы Жезқазған шахтапроходкалау тресінің тарихынан сыр шертетін деректі фильммен ашылды.

Салтанатты шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатарында трестің іргесін қалап, жиырма жыл бойы басқарған Ғазиз Омарұлының жұбайы Сара апай мен балалары, туған-туыстары болды.

Елу жылдық торқалы тойға жиналған өндіріс ардагерлерін, трестің ұжымын алғаш болып «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Бақтияр Қрықпышев құттықтап, трестің энергетигі Т.Бабатаевқа, техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің басшысы А.Серіковаға, проходкашы Ю.Носовқа автокөлік кілтін тапсырды. Сонымен қатар, «Қазақмыс Холдинг» директорлар Кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйақымен бірқатар озаттарды марапаттады.

Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов та өндіріс майталмандарына өзінің ақжарма тілегін арнап, Жезқазған шахтапроходкалау басқармасының басшысы Ғалым Жанали, Балқаш шахтапроходкалау басқармасының басшысы Бейсенбек Бұлақбаевқа Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлығын тапсырды.

Даңқты кенші, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірті Ғазиз Омаровтың ізін жалғап, өндірістің өрісін дамыту ісінде өзіндік қолтаңбасы қалған аға буын өкілдері мен жаңа толқынды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов құттықтады.

Трестің директоры Сайран Әменов әріптестеріне мерейтойлық лебізін ар­нап, басқарманың проходкалау­шысы М.Тағамбаевқа, тиеу-жеткізу ма­шинасының машинисті В.Сиротенкоға темір тұлпар мінгізіп, Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлықтың иелеріне де құрмет көрсетті.

Мерейтойлық лебіз бен салтанатты марапаттау рәсімін «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысов, «Кәсіп Қазақмыс» салааралық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төреқожа Тлемісов жалғастырды.

Торқалы тойда құрмет пен даңққа кенелген майталман мамандар М.Тағамбаев пен Ю.Носов «Қазақмыс» корпорациясының, трестің басшылығына ризашылық сезімдерін білдірді.

Бұл күні сахнада шырқалған ән де, би де мерейтой иелерінің құрметіне арналды. Трестің дүбірлі тойында үздіктер осылайша әспеттелді.

Жартығасырлық мерейтой «Керемет» мейрамханасында жайылған ақ дастархан басында жалғасты.

Комментарии закрыты.