Ұлттық бірыңғай тестілеу – замана талабы

Бұл күндері республикамыздың мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындалып жатыр. Әлемдік тәжірибеде оқушылардың білім деңгейін таразылаудағы озық технология болып саналатын Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесі елімізде 2004 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақытқа дейін жыл сайын жүйе жетілдіріліп, техникалық, мазмұндық жағынан толығып отыр. Еліміз әлемдік білім беру кеңістігіне кіре отырып, жаңа білім беру технологияларын енгізуде.

ҰБТ жалпы орта білім беру ұйымдарын бітірушілерінің қорытынды мемлекеттік аттестаттауы мен жоғары оқу орындарының қабылдау емтихандарын біріктіруді көздейді. ҰБТ-ның басты міндеттері бірыңғай өлшеуіш материалдардың көмегімен мемлекеттік бақылауды және білім беру сапасын басқару, білім беру сапасын бағалаудың әділдігін, сенімділігін арттыру болып табылады.

ҰБТ – республиканың мектеп бітірушілері үшін орта білім туралы аттестат алу мен жоғары оқу орындарына және колледждерге түсуді біріктіретін рәсім.

Жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестаты мен жалпы орта білім туралы үздік аттестатын алуға үміткерлер міндетті түрде ҰБТ тапсыруы керек. ҰБТ-ге қатысқысы келмеген мектеп бітірушілер мектепте дәстүрлі қорытынды емтихандар тапсырады. Бұл жағдайда мектеп бітіруші ағымдағы жылы Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарына түсу құқығынан айырылады.

ҰБТ 5 пән: ана тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, мемлекеттік тілде оқытпайтын мектептер үшін – қазақ тілі, қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін – орыс тілі және жоғары оқу орнына түсу кезінде таңдаған болашақ мамандығына байланысты таңдау пәні бойынша өткізіледі.

ҰБТ оқу орындарының білім сапасын тексерудің бір құралы ретінде қарастырылуы керек. Өйткені, жалғыз тестілеу арқылы дарынды, қабілетті жастарды табу мүмкін емес. Сондықтан, көптеген жоғары оқу орындары талантты жастарды өздеріне тарту мақсатында пәндік олимпиадалар өткізеді. Мысалы, Қарағанды аймағында мұндай іс-шаралар ҚарМУ, ҚарТМУ, «Болашақ» университетінде және т.б. оқу орындарында өтті.

ҰБТ жөнінде жағымды да, жағымсыз да пікірлер көп айтылады. Министрлік бұған дейін оның жөн-жобасын, яғни, форматын өзгертеміз деп талай мәселе қозғап көрді. Қала берді, 2011 жылы ҰБТ-дің орнына мектеп түлектерін екі кезеңдік тестілеуден өткізу, яғни ұлттық тестілеуден және кешендік тестілеуден өткізу мәселесі де айтылып қалғаны белгілі. Бұл мәселе қозғалғалы бері екі жылға таяу уақыт өтіпті. Ешқандай өзгеріс және жаңашылдық орын алған жоқ. Министрлік барлық тараптардың – мектеп ұжымдарының, ата-аналардың, оқушылардың ой-пікірлерін, көзқарас-ұстанымдарын, ынта-ықыластары мен жүрек қалауларын таразылай отырып, үстіміздегі жылы да ҰБТ өткізудің форматын бұрынғыша қалдырған жайы бар.

Әрине, өзгерістің болмағанын құптағандардың қатары басымырақ. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңаша әдістерден және эксперименттерден жұрттың алаңдаушылығы көбейіп, кәдімгідей мезі болды. Егер министрлік екі кезеңдік тестілеу әдісін енгізетін болса, онда қосымша қиындықтар туындайтыны бесенеден белгілі. Ал министрлік, қала берді  Үкімет, мұндай артық шаруаларға, шығындарға дайын емес. Тіпті, мектеп ұжымдары да, ұстаздар мен ата-аналар да, оқушылар да құп көрмейді мұны.

Десек те, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза ҰБТ-дің мазмұнын өзгерту жөнінде жаңа ұсыныстар айтып қалғанын естідік. Оның айтуынша, ҰБТ-дің жалпы құрылымы жаман емес, тек ішкі мазмұнын жаңарту қажет. Түлектердің шығармашылық, логикалық тапсырмаларды көбірек орындауын нақты жолға қою керек дейді ол. Әйтпесе «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, «сауалдардың бәріне еш ойланып жатпастан белгі соға беру дұрыс емес, министрлік осы мәселеге жіті назар аударуда» дейді министр мырза. Осы айтылғандар тестілеу мазмұнына тағы да өзгерістер әкелуі анық.

Жүйенің енді бір тиімділігі – ҰБТ арқылы түлектер Қазақстанның кез келген жерінде сынақ тапсырып, соның нәтижесі бойынша еліміздегі кез келген өзі таңдау білдірген, ықылас танытқан оқу орнына түсуге мүмкіндік алғандығы. Қысқасы, білім беру қызметтерін пайдалану бойынша барлық түлектерге біркелкі қол жетімділік жағдай жасалған. Қала мектебі, ауыл мектебі деген секілді алалау деген атымен жоқ. Сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары көрсеткіштерге жетсең болғаны, қалаған жердегі таңдаған оқу орнына жол ашық.

Айтып-айтпай не керек, биылғы жылғы ҰБТ науқаны да таяп қалды. Сәуір айынан бастап мектептер атқа қонғандай болады. Ал, негізінде мектеппен қош айтысып, жоғары оқу орнынан дәме еткен түлектер ұлттық сынаққа жыл бойы дайындық жасап жатыр. Бұл бұлжымас дәстүрге айналып кетті. Мектептердің рейтингісі де осы ҰБТ нәтижелеріне байланысты шығарылады. Соған сәйкес, әрбір мектеп мәртебелі сынақтан абыройлы өтуге бар күшін салып бағады.

Серік Имамбай, ҰБТ-ді ұйымдастыру мен өткізу мемлекеттік комиссиясының мүшесі.

Комментарии закрыты.