Бала – Алланың берген байлығы

Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өміріне нарықтық қатынастардың енуіне байланысты өзгеріске түскен саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани жағдайлар жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін жаңаша ойластыруды талап етеді. Осыған байланысты еліміздің даму стратегиясына сай жас ұрпақтың рухани байлығын одан әрі жетілдіруге, әлеуметтік қорғауға ерекше мән берілуде. Мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаның басты бағыттарының бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясында, халықаралық шарттарда және басқа да мемлекеттік-құқықтық актілерде бекітілген әлеуметтік-экономикалық, саяси, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын мойындайтын балалар құқықтарын қорғау мәселелерімен арнайы айналысатын, адам құқықтары мен бостандықтары саласында құқықтық кеңес беретін, балалар құқықтарын қорғауға барлық күшті жұмылдыратын органның болуы қажет болды.

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы «Білім туралы» Заңын іске асыру мақсатында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесіне сәйкес біршама жұмыстар жүргізілген.

Ата-ананың аялы алақанының жылуынан ада, аналық мейірімді көрмеген балаларды қамқорлыққа алып, өз баласындай өсіріп, ер жеткізген мейірімді жандардың сауапты істері қандай құрметке болса да лайық. Соңғы жылдары жетім балаларды қамқорлыққа алған жандарға арнайы күн де белгіленген. Қамқоршы – қамқорлыққа алынған баланың жалпы өмірін, денсаулығы мен тәрбиесін өз мойнына алған жеке тұлға. Ол арнайы органдар арқылы тұрғылықты жеріне сай тағайындалған. Қамқоршыға қойылатын талаптар мен міндеттер және қамқорлыққа алынушы баланың құқығы Конституция заңдарымен халықаралық құқық нормаларына сәйкес көрсетілген. Балалардың тәрбиесі, емдеу және әлеуметтік көмек беру жағын арнайы мекемелер қолға алса, онда қамқоршылар тағайындалмайды. Бұл өмірде балаға үлкен мейіріммен қорғаншы болып, балаға ана, сенімді дос, қамқоршы адам, тәрбиелеуші болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Бала – Алланың берген аса құнды, бағалы байлығы. Ол – болашағың, бүкіл ұлт қазынасы, ұлт тірегі, мемлекет құрушы. Сондықтан оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Бала – ата-ананың адамгершілік өмірінің айнасы. Ата-ананың балаларға ауысатын ең бағалы адамгершілік белгісі – шеше мен әкенің жан ізгілігі, адамдарға жақсылық істей білуі. Әке мен шеше өз жананың бір бөлігін басқаларға беретін, адамдардың қуанышы мен қайғысын бірге бөлісетін отбасыларында бала ізгі жанды, сергек, сезімтал болып өседі. Балалық дүние – өзгеше дүние. Балалар ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс пен намыссыздық, адамгершілік, қадір-қасиет туралы өз түсініктерімен өмір сүреді; олардың әсемдік туралы өз өлшемі бар, олардың тіпті уақыт туралы да өз мөлшері болады. Баланы адам қатынастарының күрделі дүниесіне енгізу – тәрбиенің аса маңызды міндеттерінің бірі. Балалар қуанышсыз өмір сүре алмайды. Біздің қоғамымыз балалық шақтың бақытты болуы үшін не қажеттің бәрін істеуде. Бірақ, қуаныштың өзі алаңсыз болу деген сөз емес, үлкендердің мәпелеп күтіп өсірген ағашынан қуаныш жемістерін үзген кезде бала адамдарға не қалады деп ойламайтын болса, онда ол аса маңызды адамгершілік қасиет – ұяттан арылады. Қуаныш пен қайғыға деген сергектік тек балалық шақта ғана тәрбиеленеді. Бұл жаста бала адамның жан күйзелісіне, қайғысына, уайымына, жалғыздығына  ерекше сезімтал болады. Бала өзін басқа бір адамның орнына қойып, бейне бір қайта түлегендей болады. Баланы сезіне білуге үйрету – тәрбие берудегі ең қиын нәрсе. Ізгі жүректілік, сергектік, сезімталдық, үн қосқыштық мектебі – достық, жолдастық, туыстық. Ол өзі адамдардың бақыты, қуанышы, жан тыныштығы үшін бір нәрсе істегенде ғана бала басқа адамның ең нәзік жан толқуларын сезінетін болады. Кішкентай баланың шешесіне, әкесіне, әжесіне, атасына деген сүйспеншілігі, егер ол қайырымдылық жасау рухымен суарылмаған болса, өзімшілдік сезімге айналады.

Балалардың қамқорлық жасауын керек ететін досының болуы қандай маңызды екенін де білген дұрыс. Балалар өз досына неғұрлым көп қамқорлық жасаған сайын олар өз төңірегінен қайғыны, уайымды, алаң боларлық нәрсені соғұрлым көп байқайтын болады. Қоғамда өмір сүру – басқа адамдардың игілігі, тыныштығы үшін өз қуанышыңды алға тартпай тұра білу деген сөз. Біздің әрқайсымыз көптеген көріністердің куәсіміз: баланың көз алдында қайғы, бақытсыздық болып, жұрт жылап жүрсе, ол өз қуанышына мәз болып жатады. Баланы адам өмірінің қайғылы жақтарынан басқа жаққа алып кетуге болмайды. Біздің өмірімізде тек қуаныш қана емес, қайғы да бар екенін балалар білуі тиіс.

Мектеп отбасын, әсіресе ананы толық дәрежеде алмастыра алмайды, бірақ, егер бала үйде еркелеткенді, ізгі жүректілікті, қамқорлықты көрмесе, біз, үлкендер, оған ерекше назар аударуымыз қажет. Балаларды тәрбиелеуде  адамдарға жақсылық жасау үлкен өнеге болып табылады. Баланы тәрбиелеудегі міндеттердің бірі – бала өзінің айналасына көмекке, қамқорлыққа, мейірімге, ақ жүректілікке, тағдырына ортақтасуға мұқтаж адамдардың бар екенін жүрегімен сезіндіру.  «Отбасы – адамның өте маңызды, өте жауапты ісі. Отбасы өмірді кемеліне келтіреді, отбасы бақыт әкеледі, бірақ, әрбір отбасы алдымен мемлекеттік маңызы бар зор ісі болып табылады » деп А.С.Макаренко айтқандай, отбасы – қоғамның маңызды буыны және өзінше бір кішігірім ұжым. Көпұлтты мемлекетіміздің негізі осы шағын ұжымдардан қаланады және кез келген отбасы өзін қоғамның бір бөлігі деп түсінгені жөн.

Балалардың санасына барлық аса жақсы қасиеттерді дарыта отырып, оларды адам құқықтарын сыйлауға тәрбиелеп, біздің тұрақты қоғамымыздың болашақ ұрпағының іргетасын қалаймыз.

М.Мұқышева, №16 орта мектебінің әлеуметтік педагогы.

Комментарии закрыты.