Жаңа хатшы жаңа міндеттер жүктеді

Сәрсенбі күні Ұлытау аймағына іссапармен келген Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Р.Әбдікеров кенді қаладағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен танысты. Рысқали Қалиақпарұлы қалаға арнайы келген сапарын спорттық-сауықтыру кешенінің бүгінгі ахуалымен танысудан бастады.

Олимпиадалық резерв дайындау орталығы жетекшісінің орынбасары Ю.Апарин кешеннің қарамағындағы футбол манежі мен бассейннің және мұз айдынының іркіліссіз жұмыс жасап тұрғанын алға тартты. Айта кету керек, бұл спорттық кешенге мыңға жуық жас келіп, спорттың бірнеше түрінен жаттығып жүр.

20160408-01-1

Қала басшысы А.Ыдырысов жастардың бұқаралық спорт түрімен айналысуына шаһарда бар мүмкіндіктердің жасалғанын айтып, алдағы уақытта спорттық шаралардың деңгейін өсіру көзделіп отырғандығын тілге тиек етті.

Спорттық нысандарды қаржы­ландыру енді облыстық бюджетке түсетіндіктен, олардың алдағы шаруашылығын ақсатып алмауға күш салуды тапсырған Рысқали Әбдікеров бұқаралық спорт түрлеріне жат ағымдағы жастарды да тарту мәселесін күн тәртібінен түсірмеу қажеттігін ескертті.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алғыс» әлеуметтік дүкеніне бас сұққан қадірлі мейман , бұл игі шаруаны мүмкіндігінше ширата түсіп, қайырымдылық шараларына жастарды тартуды ұсынды.

Жастар ресурстық орталығында бол­ған облыстық мәслихат хатшысы қала жастарының әлеуметтік әлеуетін оңалтудағы жұмыстарды көріп, оң бағасын берді.

Іссапарын қортынды жиынмен түйіндеген Р.Әбдікеров жастар саясатын жүзеге асыруға тікелей қатысы бар мемлекеттік мекемелердің басшыларына, ұйым өкілдеріне жаңа міндеттер жүктеп, облыстық деңгейдегі басқармалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға шақырды.

– Біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Жастар саясатын ілгері дамыту, қажет болған жағдайда осы салада қордаланған мәселелерді күн оздырмай шешу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ұлытау ауданы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы жастар саясатын жүзеге асырудағы өзекті мәселелер облыстық мәслихаттың сессиясына шығарылып, қаралатын болады, – деп қорытты сөзін Р.Әбдікеров.

Комментарии закрыты.