«Өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын»

20160415-03-1Аналарымыз бір әңгімесінде айтып отырушы еді, «Әйел адам – ұлттың айнасы» деп. Егер әйел жалаңаштана бастаса, ұлттың жаны жалаңаштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласапыран, алмағайып күндерде де біз басымыздан жаулығымызды тастаған емеспіз. Арғы шешелеріміз, тіпті, көненің адамы еді. Алда-жалда шашыңның сәл тұсы ашылып қалса да: «Ашық жерге шайтан ұялағыш дейді, қарғам. Шашыңа мұқият бол» деп отыратын.

Ал, қазір ше? Айдың, күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Бастағы орамалдың мәнісі де жат жұрттық болып, ана атану еді. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылғасын көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, қасиет қайтады деп айтатын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай», – деп отырушы еді жарықтық.

Бұған келгенде ешкімнің айтарға дауы болмаса керек. Шешеміз айтатын осы бір әңгіме мені әр уақыт толғандырып келеді. Айналама қараймын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқандай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, ежелден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын.

P.S. Ойыма мына бір әңгіме оралды. Кешегі ашаршылық жылдарында ас-ауқаттан тарыққан бір қария кемпірі мен бойжеткен қызын ертіп Қаратаудың қойнауындағы ауқатты қайын жұртын сағалауға жолға шығады.

Ұзақ жолдан әбден болдырып, әупірімдеп бір қырға көтерілгенде алыстан ауыл-үйдің төбесі, будақтаған түтіні көрінеді. Қария қуанып, «Құдай қаласа, енді бір ұмтылсақ жетеміз!» – деп алға жүре бергенде, кемпірі мен қызы сол тұрған жеріне отыра кетеді. Ақсақал абдырап қалады. Сонда отанасы: «Отағасы-ау, басымызда орамал жоқ, шашымызды добыратып, ауылға қалай көрінеміз?» – депті. Өздері өлімнен қашып құтыла алмай жүріп, ар-ұят, намысты ойлаған қосағына үн-түнсіз мойынсұнған қария табан астында белбеуін шешіп жіберіп, оны екеуіне теңдей бөліп беріпті. Қайран ана ауылға орамалсыз баруды өлім санаған.

Комментарии закрыты.