Жаңа әкім Жезқазған өңірімен танысты

Қарашаның 19-ы күні Қарағанды облысына Елбасы Жарлығымен жаңа әкім тағайындалды. Осыған дейін облыс тізгінін ұстаған Н.Нығматулин «Нұр Отан» ХДП төрағасының орынбасары болып ауысып, облысты басқару премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған С.Ахметовке сеніп тапсырылды. Жаңа міндеттерді орындауға белсене кіріскен облыс әкімі өз жұмысын облысқа қарасты аймақтармен танысудан бастады. Жезқазған өңірінде өткен аптада болып қайтқан С.Ахметов кеншілер шаһарының тыныс-тіршілігімен де етене танысты. Кенді өлкеге сапарын Серік Нығметұлы қасиетті Ұлытау жерінен бастады. Ауданның хал-ахуалымен танысып, әлеуметтік жағдайына қаныққан облыс басшысы маңызды саяси, әлеуметтік бағдарламалардың шалғайдағы ауылдарда орындалу барысын өз көзімен көріп қайтты. Сәтбаев қаласында С.Ахметовты қала әкімі С.Т.Медебаев, «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Э.Огай бастаған корпорацияның мекеме, кәсіпорын басшылары күтіп алды. Серік Нығметұлы жұмыс сапарын «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледждің оқу-жаттығу полигонымен танысудан бастады. Мұндағы арнайы оқу техникалары, жалпы басшылықтың болашақ кен өндірісі мамандарының тәжірибе жинауына жағдай жасап отырғаны облыс басшысының көңілінен шықты. – «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының студенттерді оқи жүріп тәжірибе жинауға, жерасты жұмыстарына психологиялық тұрғыдан дайын болуына ерекше көңіл бөліп отырғаны қуантады. Полигондағы оқу техникасы, компьютерлік тренажерлар оқушылардың алған білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретіні тамаша шешім екен, – деді Серік Нығметұлы. Мамандарды дайындау мәселесіне деген «Қазақмыс» басшылығының асқан жауапкершілігіне облыс әкімі корпорацияның технологиялық колледжін аралап жүріп тағы бір куә болды. Колледж директоры құрметті қонақты оқу корпустарымен, мамандарды даярлау және қайта дайындау орталығымен таныстырды, колледж ұстаздарының алға қойған мақсаттары жайлы айтып өтті. Келесі кезекте облыс басшысы «Қазақмыс» корпорациясының спорт-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. С.Ахметов мұз сарайын, бассейнді, футбол алаңын аралап шықты. Кешен директоры Ю.Апарин мен футбол Академиясының директоры Ғ.Ибраев қала спортшыларының жетістіктері, оның ішінде осы кешенде жаттығатын жастардың жарқын жеңістері, хоккей клубының, Академияның командаларының спорттағы нәтижелері жайлы мақтанышпен айтып өтті. – «Қазақмыс» корпорациясы әлеуметтік бағытты ұстанған компания екені белгілі. Корпорация басшылығының халық игілігі үшін салып жатқан әлеуметтік нысандары жайлы тұтас ел халқы құлағдар болып отыр. Бүгін, міне, корпорация кеншілер, жалпы қала тұрғындары үшін салып берген кешенді көріп, таң-тамаша болып тұрмын. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» дегендей, корпорация басшылығы салауатты өмір салтына ерекше көңіл бөлетініне көзім жетіп отыр. «Қазақмыс» басшылығы халықты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік бағытта өзге де жұмыстар атқарып жатқаны қуантады, – деді Серік Нығметұлы. Облыс әкімінің сапары келесі күні де жалғасын тапты. Ұлытау өңірінде орналасқан тарихи ескерткіштермен танысып қайтқан соң С.Ахметов күллі қала жұртшылығы үшін қуанышты оқиға – жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне қатысты. Жалпы еліміз үшін өзекті мәселе – балабақшалардың жетіспеушілігі әзірге кеншілер қаласында айқын сезіліп отырған жоқ. Елбасының бастамасымен өмірге келген «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы да аталмыш мәселені оңтайлы шешуге септігін тигізді. Жоғарыда айтылған бағдарлама аясында 2008 жылы 74 миллион 583 мың теңге, 2009 жылы 249841 мың теңге бөлініп, қаламызда жаңа балабақша салына бастады. «Сервиспромснаб» ЖШС мердігер болған 320 орындық бақшаның құрылысы таяуда ғана аяқталды. Қаланың көркіне көрік қосып, көрген көзді қуантатын жаңа балабақшаның тұсауын облыс әкімінің өзі кесті. Үш қабатты жаңа ғимарат сонадайдан көз тартады. Кішкентай бүлдіршіндерді айтпағанда үлкен адамның өзі тамсанатындай көркем екен. Тұсаукесер рәсімінде балабақша алаңы жұртшылыққа лық толды. Қуанышты сәттің куәгері болуға асыққандар мәре-сәре. Әсіресе енді жаңадан бой көтерген бақшаға баратын бөбектердің қуанышын байқамау мүмкін емес. Көпшілік тағатсыздана күткен лента қию рәсімін облыс әкімі Серік Ахметов пен қалалық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова өткізді. Жаңа бақшаның тұсауы кесілген соң қонақтар ішке өтіп, балабақшаны тамашалады. Бақша басшысы Ж.Жаппасова болса құрылыс жұмыстары жайлы кеңінен әңгімелей жүрді. Бақшаның іші жайнап тұр. Жұмсақ жиһаз, ойыншықтар, төсек-орын, төсеніш, бәрі де судай жаңа. Кірсе шыққысыз. Балаларға барлық жағдай жасалған. Осының бәрін көрген облыс басшысы бақшаның жабдықталуына дән риза болды. – Мұндай өзі жаңа, сәулетті балабақшада тәлім алған бүлдіршіндерде арман жоқ болар. Елбасы қамқорлығымен «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны орынды жұмсап, жас ұрпаққа осындай тамаша сыйлық жасаған қала басшылығына ырзамын, – деді Серік Нығметұлы. Содан соң облыс әкімі балақайларға көрімдік деп жаңа балабақшаға компьютер сыныбын сыйға тартты. 320 балаға арналған «Нұрбөбек» бақшасында 90 жұмыс орны ашылған. Кішкентай бөбектер болса дүйсенбі күні-ақ жаңа балабақша табалдырығын аттап, қуанышқа бөленді. «Нұрбөбек» бақшасының тұсаукесерінен кейін облыс әкімі С.Ахметов Жезқазған қаласына аттанып кетті. Кеншілер шаһарымен танысқан Серік Нығметұлы «Кеншілер еңбегі қандай берекелі, табысты болса, кеншілер қаласының өмірі де сондай берекелі екеніне көзім жетті. Лайым қашан да кенді өлкенің бағы жана берсін» деген ақ тілекпен қоштасты. Айнұр Құлашова. Суреттерді түсірген Б.Бірманов.

Комментарии закрыты.