Тілге қатысты ұсыныстар тұжырымдалды

Жезқазған қалалық сотында «Іс жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған қала әкімінің орынбасары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік және жеке қорғаушылар, жергілікті банктердің басшылары, жылумен, сумен жабдықтау, электр желісі және телефон байланысын қамтамасыз ететін мекемелердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Жезқазған қалалық сотының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Б.Қ.Сыздықов қалалық сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолданудың аясы жайында баяндаса, осы басқосуға қатысушылар қаралып отырған мәселе жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Қорытындысында, іс жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы ұсыныстар тұжырымдалды. Соның ішінде: азаматтық істер бойынша талап беруші жақ, әсіресе, заңды тұлғалар, талап арыз мәтінін мемлекеттік тілде толтырғандары жөн. Жауапкер қазақ ұлтының өкілі болса бұл тәжірибе міндетті түрде іс жүзінде орындалуы қажет. Сол себепті, қалалық мекемелер сотқа қандай да болмасын дауларға қатысты ресми қағаздарды қазақ тілінде дайындауды іске асырғандары дұрыс болады; тергеу істерін жүргізу, яғни қалалық тергеу мен анықтама жүргізуші органдар іс бойынша өтініш, арыздарды негізінен қазақ тілінде тіркеуді қолға алуы керек. Сондай-ақ, іске қатысушы жақтар қазақ ұлтынан болса, міндетті түрде мемлекеттік тілде іс жүргізуді басты қағида ретінде ұстанғандары жөн. Бұған қалалық прокуратура қадағалау жасауы қажет. Сонда мемлекеттік тілде қылмыстық іс жүргізуді қалада кем дегенде 20 пайызға жеткізуге болады; заң саласында қызмет көрсететін қорғаушылар (адвокаттар), заңгерлер сотқа құжат дайындағанда, азаматтарға кеңес берген кезде қазақ ұлты өкілдеріне қатысты (сондай-ақ, қазақ тілін жетік меңгерген басқа да ұлт өкілдеріне) толтыратын іс қағаздарды міндетті түрде қазақ тілінде жазулары керек. Сонда азаматтық іс жүргізудің қазақ тіліндегі үлесін 50-60 пайызға жеткізуге болады; әрбір заңды мекеме, кәсіпорын және ұйым өз тарапынан қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесіне бақылау жасап, бұл тұрғыда білімі мен біліктілігін көтеруге қолдау көрсетулері қажет. Бұл жұмысты қала әкімдігінің тілдерді дамыту бөлімі мен «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығымен бірігіп өткізсе дұрыс болар еді. Жалпы, әрбір азамат, әрбір басшы мемлекеттік тілге деген көзқарасын нығайтып, іс жүзінде тіл жанашыры және қолдаушысы болуы шарт.

– Тіл – мемлекеттің негізі, тілсіз ұлт болмайды. Мемлекеттік тілдің қолданысын өзіміз жандандырып, әркім өз саласында осы іске нақты үлес қосып, қолдау жасаулары керек және жүзеге асыруға міндетті. Сонда ғана Елбасы Жолдауындағы «2017 жылы мемлекеттік тілді білетін азаматтар саны 80 пайыз, ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 95 пайызды құрауы тиіс» деген нұсқауы жүзеге аспақшы, – деп тұжырымдады ұсыныстарын дөңгелек үстелге қатысушы тіл жанашырлары.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.