Ғибратты ғұмыр

20160422-04-1Ол құтты кенді аймақтың құжаты сияқты. «Демберген» десең жетіп жатыр, одан арғысын тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Арқаның жаны жайсаң ардақты азаматының омырауында екі Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен қатар Еңбек Ерінің алтын Жұлдызы жарқырайды. Алайда, ардагер ағамыз анда-санда алқалы жиында көзге түскені болмаса, кейінгі кезде көп көрінбейді…

…Осыдан он шақты жыл бұрынғы оқиға ойыма оралып отыр.

Ол жасы жетпіске толғанда «ат шаптырған» арнайы той жасамады. Ондай ойында да болған жоқ. Мерейтойын жақын-жекжат, жора-жолдас ортасында арқа-жарқа көңілмен қаңтарда атап өтіп, жайбарақат жатқан. Араға ай түсіп кеткен.

Корпорацияның кәсіподақ комитетінен шабарман жетті. «Құдай ұрып ұмытып кетіппіз, қалауыңызды айтыңыз!» деп қасқаң қарап тұр. Қарадай өзі қысылды. Көрсеткен көңілдеріне ризашылығын білдіріп, қонағын шығарып салды. Артынша корпорация басшыларынан: «Көлігіңіз келіп тұр» деген хабар алды.

Иә, «Қазақмыс» корпорациясы оған, кештеу болса да, сүбелі сый-сияпат жасап, темір тұлпардың тізгінін ұстатты. Тақымы жол талғамайтын күміс түстес «Тойотаға» тиді. Әрі ол анау-мынау емес, дизель отынымен жүретіндей етіліп, моторы арнайы тапсырыспен жасалды.

Бұл автокөліктің тағы бір ерекшелігі – білетіндердің айтуына қарағанда, үш миллион шақырым жолды күрделі жөндеусіз жүретін көрінеді. Кейін бір кездескенімде: «Аға, кейде күйбең тірліктің тегеуірінімен сүрнігіп жүргенде «үлкендерді ұмытып, қарттардың қабағына кірбің түсірген жоқпыз ба?» деген салқындау сауал сананың саңлауынан сығалайтыны бар» деп, туған күннің тарихын тұспалдағанмын.

Сонда ол жұлып алғандай: «Қайратты кезінде халқына сіңірген еңбегі мен қартайғанда сақалын саудалағандарды суқаным сүймейді. Тағдыр таразысының қалай тартуына төреші – уақыт. Саналы ғұмырымның қырық жылдан астамын кен өндіруге арнағанда, Құдайға шүкір, абыройсыз болған жоқпын. Құрметтен де кенде қалмадым» деген, көп ойланбастан.

Сол кездесуде кеншілер арасында кең тараған бір әңгіменің жай-жапсарын өз аузынан естіп, түйінін тарқатқанмын… Сонау бір жылдары сол кездегі КСРО түсті металлургия министрі П.Ф.Ломако бірнеше өндіріс озатына жоғары мемлекеттік награда тапсырғаннан кейін арнайы жайылған дастархан басында емен-жарқын отырып, қандай өтініш-тілек барын сұрайды, қысылмай айта беруді өтінеді.

Сонда, Дем-ағаң күнделікті күйбеңнің қосағында кетпей, кенішке қажетті қондырғы алуға қол ұшын беріп, ықпал жасауды өтінеді. Одақтық министр жезқазғандық кеншінің «түсініксіз» табиғатына еріксіз таң қалады. Ауыздан шыққан сөзді қағазға түсіріп отырған көмекшілері де жазуын доғарып, біресе кеншіге, біресе министрге қарайды. Баланың басы барын білген Ломако: «Баспанаңыз тар емес пе?» дейді. «Жоқ!» дейді Дем-ағаң жайбарақат. Министр сәл үнсіз отырады да, әңгіме арнасын өндіріс тақырыбына қарай бұрады.

– Е, ол – Еңбек Ері атағын алған 1976 жылдың көктеміндегі оқиға. Одақтың түкпір-түкпірінен Мәскеуде бес-алты адамның басы қосылды. Екі күн емін-еркін қыдырдық. Үшінші күні министр қабылдады. Емен-жарқын әңгімелесіп, хал-жағдайымызды, жұмыс барысын, өтініш-тілегімізді сұрады.

Әркім, әл-қадірінше керегін бүкпесіз айтып жатыр. Кезек маған келді. Елде автокөлік немесе үй сұрап басшылардың алдына барған емеспін. Ендеше ондай мәселе қозғау орынсыз. Қой, Мәскеуге бұлай жолым түсе бермес, түскен күнде де министр қабылдай қоймас, деп ойладым да: «Бізде кен өндіретін техника тапшы» дедім. «Айта беріңіз» деп ол аңтарыла қарады.

Онда «мыңшылар» бригадасына жетекшілік жасайтын кезім. Шпурды «УБШ» қондырғысымен бұрғылаймыз. Кен тиейтін қазіргідей қуатты «Катерпиллар» жоқ. Сондықтан, «кен тиейтін құрылғы керек» деп қойып қалдым. Яғни, сұрағаным — ел айтып жүргендей, бұрғылау станогі емес, экскаватор еді. Бар әңгіме — осы, — дейді Дем-ағаң.

Жалындаған жиырма екі жасында «кеншілер патшалығының» иелігіне имене алғаш адым жасаған оның осындай тереңнен толғайтын таным-түсінігі бірден қалыптаса қойған жоқ. Алғашқы өндірістік ұстазы Николай Яковлевич Сидоренко болатын. Ол одан өндірістің қыр-сырын үйреніп қана қойған жоқ, адами қарым-қатынастарға құрылған қасиеттердің әліппесінен өтті.

Ширек ғасыр №45 шахтада қатар еңбек етті. Бастапқыда бригадасында болды, кейін бригада екіге бөлінгенде біреуіне басшылық жасау өзіне сеніп тапсырылды. Олар ұзақ жылдар қол перфераторымен жұмыс істеді. 1980 жылы жаңадан №65 алып-шахта пайдалануға берілгенде, екеуінің де бригадасы соған ауыстырылды. Сөйтіп, қуатты техниканы игеру басталғанда өздігінен жүретін бұрғылау қондырғысының тізгінін ұстады.

Кешенді бригадаға жетекшілік жасады. Толысқан тәжірибесінің арқасында әріптестерін толағай табысқа жұмылдырып, тәулігіне мың тонна, кейде одан да көп кен өндіруді қамтамасыз етті. Қажет болған кезде кеніш басшылығының ұйғаруымен бауыр басқан бригадасынан қол үзіп, қиын жағдай қалыптасып, кенжелеп қалған бригаданы басқаруға барды. Біліктілігін бұнда да байқатып, әлгіні алдыңғылар қатарына қосты. Өзі талай мәрте топ жарса, басқарған бригадасы да қашанда жарыс көшін бастады. Тасқынды табысқа жетудің түйінін ол былай тарқатады:

— Көзбен көріп, қолмен ұстамаса, тәжірибені тілмен жеткізу қиын. Әрине, алдымен техниканы тиімді пайдаланып, уақытты үнемдеудің жолын үйренген жөн. Кен өндіру — күрделі процесс. Оған бірнеше мамандық иесі қатысады. Сондықтан, сабақтас мамандық меңгергеннің маңызы үлкен. Сосын темірдей тәртіп керек. Табыстың табиғаты тәртіппен тамырлас. Онсыз өндірісті ұтымды ұйымдастыра алмайсың. Басқа не айтамын, нақты жағдайға қарай батыл қимылдау қажет.

Қазір корпорация басшылығы қатты қолға алып, қайта жаңғыртып жатқан қауіпсіздік техникасы мәселесін сонау сексенінші жылдары көтерген де Дем-ағаңның бригадасы еді. «Жарақатсыз және апатсыз жұмыс істейік!» деп ортаға ұран тастады. Ол бағалы бастаманы кеніштердегі әріптестері ғана емес, жезқазғандық байытушылар мен металлургтердің технологиялық ауысымдары да қызу қолдады. Ол кезде біреу байқамай бармағын жаншып алса да, жазатайым жағдайға әлеуметтік мән беріліп, талқыға түсетін.

— Кезінде қауіпсіздік техникасына қатысты игілікті үрдіске ұйтқы болдық. Бұл — бүгін де күн тәртібінен түспеген өткір мәселе. Бәрі адамға байланысты. Мен осылай ойлаймын. Бригадаға жетекшілік жасап жүрген кезімде қауіпсіздікке қатты қарайтынмын. Ол кезде өндіріс процесі үш ауысыммен ұйымдастырылатын. Соның бірі жөндеу жүргізуге арналды. Онда қалған екі ауысымда алаңсыз, қауіпсіз жұмыс жасаудың қамын қарастырдық. «Ұқыпты, абай болыңдар!» деп, үнемі ескертіп отыратынмын, — дейді ол.

Өндіріс ошағындағы тәлімгерлік қозғалыстың көш басында да көпшілікке дем беріп, дамыл таппайтын Демберген Баймағамбетов жүретін. «Біз Дем-ағаңның шекпенінен шыққанбыз!» деп, өздері оның шәкірті болғанын мақтаныш тұтатын кеншіні кез келген кеніштен кездестіретінбіз. «Сенсең, қазір кеніштерде соның біреуі де қалмапты. Бәрі дерлік зейнеткерлікке шыққан» дейді, Дем-ағаң сол бір сәттерді сағынышпен еске алып.

– Аға, жастар жайлы жағымды пікірлерді сирек еститін болдық, Сіздің ойыңыз қалай? — деп сыр тарттым.

– Жастарды жаппай жазғырудың жөні жоқ. Артына қанатты сөз қалдырған қазақ: «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дегенді тегін айтпаған…

Шыңырауда шыңдалған, өмірі өнегелі іспен өрнектелген ғибратты ғұмыр иесі Демберген Баймағамбетов осылай дейді. Ардагер ағаның асқар тұлғасы одан әрі асқақтап бара жатқандай көрінді…

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.